Рақымшылық басталды – бостандыққа шығудың басты талаптары

© Fotolia / Sakhorn38Түрмедегі тор
Түрмедегі тор - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.07.2025
Жазылу
Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін рақымшылық жасалады
АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Қазақстанда рақымшылық аясында жазасын өтеп жүргендерді бостандыққа шығара бастады. Күні кеше Қостанай облысында сотталғандардың алғашқы легін үйіне жіберді. Ал Ақмола облысында жауапқа тартылған бір ер адамды сот залынан босатты. Sputnik Қазақстан рақымшылықтың негізгі талаптарын ұсынады.

15 мың адамның барлығы бостандыққа шықпайды

Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылықпен барлығы 15 мың адам қамтылады деген жоспар бар. Олар:
түрмеде отырған 6 мың адам;
пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам.
Алайда түрмеден тек 632 адам шыға алады. Қалғаны пробациялық бақылаудан шығарылады және жазасын қысқартуға өтініш беріп көреді.
Рақымшылыққа әлеуметтік осал топтар да ілігеді. Бұл тізімге кәмелетке толмағандар, мүгедектер, жүкті, зейнет жастағы және баласы бар әйелдер кіреді. Жалпы, 833 әйелге рақымшылық жасалады. Олардың ішінде 109 адам босатылады.

Алаяқтар бостандыққа шыға ала ма

Президент қол қойған заңға сәйкес, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін рақымшылық жасалады. Олар:
қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыстар;
зиян келтіруге әкеп соқпаған және ауырлығы орташа қылмыстар;
залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар.
Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту көзделіп отыр. Ал сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы әрекет және тағы басқа аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды.
Мәселен, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу, ысырап ету немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағандар рақымшылыққа өтініш жаза алады. Бірақ келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелуі керек. Сонда ғана негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады. Сот әрбір адамға қатысты түпкілікті шешімді өзі қабылдайды.

Есірткі жасыратындарды босата ма

Депутаттар есірткі жасыратындарға, "закладчиктерге" рақымшылық жасамауға шешім қабылдады. Бірақ бүгінде осы санаттағы қылмыстар заң бойынша аса ауыр емес, ауыр санатқа жатқызылған. Соның арқасында мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға өтініш жазуға болады. Ал сотта бұрынғыдай қатты ауыр жаза қолданылмайды.
Алайда Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша есірткі үшін сотталғандар рақымшылыққа іліге алады. Олар:
296-бап, 1-2 тармақтар (Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну мен есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау)
297-бап, 1-тармақ (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу).
Ал көлікті мас күйінде басқарған кезде жасалған қылмыстар рақымшылыққа жатпайды.

Сот залынан босатылды

Қостанай облысында Конституцияның 30 жылдығына орай түрмеде отырған 300 адам рақымшылыққа ілігіп отыр. Күні кеше ол жақта алғашқы адам бостандыққа шықты.
Ал Ақмола облысында мотоциклді айдап кеткен ер адам рақымшылыққа байланысты сот залынан босатылды. Соттың шешімі бойынша ол онша ауыр емес қылмыс жасаған. Өз кінәсін мойындады және жәбірленушіге келтірілген залалды толық көлемде өтеді. Осыдан кейін рақымшылық аясында қылмыстық істі тоқтатуға өтініш жасады.
Жәбірленуші мен прокурор сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатуға қарсы болмады. Осылайша, мотоцикл айдап кеткен ер адамның ісі тоқтатылды.
Мемлекет шалыс басқан азаматтан теріс айналмайды: Тоқаев рақымшылық жариялады  - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.06.2025
"Мемлекет шалыс басқан азаматтан теріс айналмайды": Тоқаев рақымшылық жариялады
Жаңалықтар
0