Екі адам қайтыс болды: Алматыдағы Сайран көлі қашан пайдалануға беріледі
19:12 03.07.2025 (жаңартылды: 19:13 03.07.2025)
Алматыдағы Сайран көлі қашан пайдалануға беріледі

Жазылу
АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Алматыда Сайран көлінің жоба сапасы мен мерзімі жіті бақылауға алынды. Талай жыл таяз тартып, қаңқасы қалуға айналған атақты Сайранның қазіргі ахуалы қандай. Sputnik Қазақстан тілшісі көріп, біліп қайтты.
Пайдалануға берілмей жатып, екі адамның өмірін жалмаған Сайран көлінің маңында қазір күзет қойылған. Өйткені аптап ыстыққа шыдамай, көлге шомылмақ болған екі адам қайтыс болды, бірі - кәмелетке толмаған жасөспірім. Қайғылы оқиғадан соң бірден күзет күшейіп, Сайранның маңы бақылауға алынды.
"Бұл көл - жылымайтын көл. Өйткені ағып келіп, ағып кетеді. Бір орында жиналған су болмағандықтан жылуы қиын. Бойы 1,80 см болатын адамның өзі 1 метрлік тереңдікте батып кетеді. Себебі су тастай, шомылған адамның денесі тырысып қалады. Қазіргі уақытта тәулік бойы бақылап жүрміз", - дейді Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының құтқарушысы Айбек Сәметов.
Көл маңы темір қоршаулармен қоршалған. Бірақ кешқұрым келушілердің қарасы көп.
Алматыдағы Сайран көлі қашан пайдалануға беріледі

Алматыдағы Сайран көлі қашан пайдалануға беріледі
Әкімдік қайта-қайта барып жүр
Десе де, алматылықтардың басын ауыртып, мезі еткен Сайранның қазіргі жағдайы жақсарып келеді. 12 млрд теңге қаражат бөлініп, жөндеуден өтіп жатыр. Тіпті қала әкімдігінің басшылығы қасына жауапты мамандарды ертіп алып, тікелей барып бақылап жүр.
Сайран маңында көгалдандыру, көркейту, инженерлік және санитарлық инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген, бірақ бөрікті аспанға атуға ерте. Алдағы күндері көл маңындағы суару жүйесін орнату жұмыстары аяқталып, мердігер мекеме ауқымды көгал егеді. Сосын көпжылдық бұталар мен сәндік гүлдер отырғызуға кіріседі.
"Алдағы уақытта кіреберіс алаңдарға төрт пандус пен жедел саты орнатылып, қиыршық тас төсеу жұмыстары аяқталады. Көлбеу жерлерді бекіту, жаңбыр суын ағызу жүйесін құру, ағаштарға жарық шамдарын орнату және көше шамдарын орнату жұмыстары жалғасады. Бұған қоса, қосымша 130 қоқыс жәшігі қойылып, тазалыққа жауапты қызметкерлердің саны артады. Санитарлық тәртіпті бұзғандарға айыппұл салынады”, - дейді Алматы қалалық әкімдігі.
Сайран маңында жасалатын жұмыс көп
Көл аумағына 210 бейнебақылау камерасы орнатылады, дәл қазіргі уақытта 47 камера жұмыс істеп тұр.
Алматыдағы Сайран көлі қашан пайдалануға беріледі

Алматыдағы Сайран көлі қашан пайдалануға беріледі
Айтпақшы, жасалып жатқан скейт-парк аумағында ақаулар анықталған, оны дереу жою туралы мердігерге тапсырма берілді.
Әкімдіктің айтуынша, бұл ірі жобада әсіресе инженерлік мәселелерге ерекше ден қойылыпты.
"Сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне қосылмаған учаскелерді қалпына келтіріп, санитарлық-гигиеналық тораптарды іске қосу міндеті жүктелді. Қазіргі таңда бес санитарлық-гигиеналық торап бар, олардың барлығы санитарлық талапқа сай жұмыс істеуге тиіс. Сонымен қатар халық көп жиналатын аймақтарда қосымша санитарлық тораптар орнату мүмкіндігі қарастырылып жатыр", - дейді ведомстводағылар.
Сайран көлі қашан пайдалануға беріледі
Бұл демалыс аумағында тіпті ит серуендететін де орын болатын көрінеді. Мұнымен қоса түнгі уақытта полиция патрулінің қызметі күшейтіледі. Қысқасы, талай жыл іске жарамай, дәл қаланың ортасында сасық иіске тұншықтырды деген Сайран көлі заманауи демалыс орнына айналмақ.
"Сайран көлін қайта жаңғырту жұмыстары заманауи жайлылық, қауіпсіздік және тұрақтылық стандарттарына сай жүргізілуге тиіс. Шаһар тұрғындары үшін қолайлы, көркем әрі функционалды демалыс орнына айналуы керек. Жауапты мекемелер жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындап, өзара іс-қимылды үйлестіруі қажет", - дейді қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.
Сайран көлінің нақты қашан пайдалануға берілетіні туралы әкімдік ашып айтпады. Білгеніміз, көл маңы заманауи демалыс орны болу үшін атқарылар шаруа әлі көп.