Әскери қызметті қайта-қайта шегеруге тыйым салынады – заң президентке жіберілді
16:46 26.06.2025 (жаңартылды: 17:33 26.06.2025)
© Sputnik / Тимур БатыршинТоржественное мероприятии в честь Дня защитника отечества, 7 мая, в парке имени 28 гвардейцев-панфиловцев

© Sputnik / Тимур Батыршин
Жазылу
Екінші рет магистратураға түссе, әскерден босатылмайды
АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. Сенат әскери қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, бұдан былай магистратураны қайта-қайта оқитындарға әскери қызметті шегеруге мүмкіндік берілмейді.
"Студент болса, ол адам оқуын бітіргенше әскерге шақырылмайды. Бүгін мақұлданған заңда сол оқудан кейін әскери қызметті қайта-қайта шегеруге тыйым салынады. Мәселен, адам жоғары оқу орнынан кейін магистратураға түссе, әскерден тағы босатылады. Докторантураға түссе, тағы босатылады. Сонда әрбір деңгейде бір рет қана әскери қызметті шегеруге болады. Ал екінші рет магистратураға түссе, әскерден босатылмайды", - деді Жазықбаев журналистерге берген сұхбатында.
Заңда тағы қандай өзгерістер бар
Бұдан бөлек, заңда әскерге барған азаматтарға сан алуан жеңілдіктер беру қарастырылған.
Олар:
әскерге барғандар үшін оқуды өтеу міндетін алып тастау;
медициналық комиссия кезінде әскерге шақырылған адамның жұмыс орнын, қызметін және жалақысын сақтау;
әскерге өз еркімен барған жастардың грантын сақтау және әскери қызмет кезінде оны білім беру ұйымынан шығарып жіберуге жол бермеу;
ұлттық бірыңғай тестілеу мен емтихандардың нәтижелері есепке алынбай, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қызметтен кеткен күннен бастап екі жыл ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына өтеулі негізде оқуға түсу.
"Бұл заң мерзімді әскери қызмет атқару кезеңінде әскери қызметшілердің азаматтық салада сұранысқа ие қосымша мамандық алуына мүмкіндік беретінін ерекше атап өткім келеді. Мысалы, әскери борышын өтеу кезінде автобус жүргізушісі мамандығын меңгерген сарбаз қызметін аяқтағаннан кейін қосымша оқусыз бірден еңбекке араласа алады", - дейді сенатор Амангелді Нұғманов.
Ал әскери-патриоттық тәрбиелеу мен Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру мақсатында республика бойынша ауқымды шаралар қолға алынады:
республикалық және өңірлік деңгейлерде әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады;
әскери-техникалық мектептер әскерге шақырылушыларды ғана емес, азаматтық салада талап етілетін аралас жұмысшы мамандықтары бойынша әскери қызметшілерді даярлайды;
терең әскери даярлықпен айналысатын азаматтарды реттеу және есепке алу үшін "жас сарбаз" және "жас айбын" деген ұғымдар енгізіледі;
жергілікті атқарушы органдардың мамандандырылған әскери мектептерді, үйірмелер мен секцияларды құру және қамтамасыз ету жөніндегі құзыреті айқындалады.