Мәжілісте жалақыны көбейту мәселесі көтерілді

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, портмоне, тенге купюры
Деньги, портмоне, тенге купюры - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.06.2025
Жазылу
Қоғамдық маңызы бар жұмысшылардың еңбекақысы еліміздегі орташа жалақы көрсеткішінен әлдеқайда төмен
АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Депутат Таңсәуле Серіков қоғамдық маңызы бар жұмысшылар санатын заңды түрде бекітіп, олардың жалақысын көтеруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бүгінде қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған аса маңызды маман иелерінің жағдайын көтеру керек.
"Кез келген мекемедегі еден жуушы, техникалық қызметкер, гардеробшы, қарауыл, вахтер, аула сыпырушы сынды жұмысшылардың мәртебесі мен жағдайы қазіргі таңда өзекті. Біз көбіне назарымызды лауазымды тұлғалар мен жетекші мамандық иелеріне бұрамыз. Ал шын мәнінде көшедегі қарауыл – біреудің әкесі не ағасы, ал еден жуушы – біреудің анасы, әпкесі шығар. Иә, олар мәртебелі қызмет иесі болмауы мүмкін. Бірақ осы қызметтегі адамның мәртебесін көтеруге, яғни, олардың адамдық, азаматтық, әлеуметтік мәртебесін көтеруге міндеттіміз", - деп атап өтті Серіков мәжілістің бүгінгі отырысында.
Бүгінде осы санаттағы қызметкерлердің еңбекақысы еліміздегі орташа жалақы көрсеткішінен әлдеқайда төмен. Олар көп жағдайда ауыр физикалық жұмыс істейді. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерден, кәсіби қорғаудан және көтермелеуден тыс қалып жатады.
"Егер осы қызметкерлер бір күн жұмыс істемесе көше ластанып, мекеме іші кірленіп, жиһаздар шаң болып, біз күнделікті көріп жүрген тазалықтың сәні кетер еді. Біз неге осыған мән беріп қарамаймыз? Тіпті, өзім тікелей қарапайым аула сыпырушы, техникалық қызметкерлермен де сөйлестім. Олардың айтуынша, еңбекақы аз, жеңілдік жоқ, тіпті адамдар арасында қарапайым "техничка" деп менсінбей қарайтындар басым екен", - дейді депутат.
Серіков үкіметке депутаттық сауал жолдап, бірнеше мәселені қарастыруды сұрады. Олар:
осы санаттағы қызметкерлерге жылына бір рет тұрақты түрде мекеме есебінен шипажайға жолдама беру;
13-ші жалақы төлеу;
еңбек демалысына шыққанда 2 айлық емдік ақысын беру;
міндетті түрде қайта даярлау және кәсіби даму курстарына ақысыз қатысуына жағдай жасау;
еңбекақыны арттыру;
"қоғамдық маңызы бар жұмысшы" ретінде заңнамалық тұрғыда атау беру;
ардагер техникалық қызметкерлерге (зейнетке шыққан еден жуушы, аула сыпырушы, гардеробшы, т.б.) арналған құрметті атақ немесе төсбелгі енгізу мүмкіндігін қарастыру.
 Портмоне с деньгами - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.06.2025
Су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өседі
Жаңалықтар
0