Қытай Қазақстанға 26 млрд доллардан астам қаржы құйды – Тоқаев

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаВыступление Токаева на саммите "Центральная Азия - Китай"
Выступление Токаева на саммите Центральная Азия - Китай - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2025
Жазылу
Қазақстан Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайды
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Қазақстанға 26 миллиард доллардан астам инвестиция құйғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды.
"Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті", – деді президент.
Оның айтуынша Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді.
"Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді", – деп толықтырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайтынын растады.
"Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды.
"Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді", – деді ол.
Президент қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты.
"Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Саммит Центральная Азия - Китай  - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2025
Қытай Орталық Азия елдеріне 210 млн доллар көлемінде өтеусіз грант береді
Жаңалықтар
0