Байқоңыр қаласында ашық аспан астындағы музей пайда болды
14:27 02.06.2025 (жаңартылды: 14:44 02.06.2025)

© Photo : Предоставлено пресс-службой администрации города Байконур
Жазылу
Жаңа музей кешені тұңғыш ғарыш айлағының 70 жылдығына орай ашылды
АСТАНА, 2 маусым – Sputnik. Байқоңыр қаласында жаңа музей кешені құрылды.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ашық аспан астындағы музей ғаламшардағы тұңғыш ғарыш айлағының 70 жылдығына орай салтанатты түрде ашылды.
Музей Г.М.Шубников атындағы саябақта орналасқан және Байқоңыр тарихын есте сақтаудың және оның әлемдік космонавтиканың дамуына қосқан баға жетпес үлесін паш етудің жарқын символына айналды.

Байқоңыр қаласындағы ашық аспан астындағы музей
© Photo : Предоставлено пресс-службой администрации города Байконур
Ресейдің "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Баканов, қала әкімдігінің басшысы Константин Бусыгин және Қазақстан Республикасы президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай салтанатты түрде қызыл таспаны кесті.
Салтанатты шара кезінде музей аллеясының басындағы ескерткіш стеллаға капсула салынды – онда ардагерлердің келер ұрпаққа үндеуі жазылған.
"Байқоңыр ардагерлері өздерінің тарихымен мақтанады. 2025 жыл – екі айтулы мерейтойдың жылы: Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл. Міне бүгін Ашық аспан астындағы музей ашылғалы жатыр", - делінген хатта.
Хабарламада хатты өскелең ұрпақ ашқан кезде Байқоңырдың 95 жылдығын тойланатыны да айтылған.
Ашық аспан астындағы музей экспозициясы "Фотон-М" спутнигінің түсу аппаратынан басталады. Сонымен қатар музей экспозициясында ғарыш айлағының өлшеу орындарында жұмыс істеген және ұшырылатын зымырандардан телеметриялық ақпарат алған екі антенна – "Дельта" және "Кедр" көрсетілген.

Байқоңыр қаласындағы ашық аспан астындағы музей
© Photo : Предоставлено пресс-службой администрации города Байконур
Ең әсерлі экспонаттардың бірі - Н-1 зымыран тасымалдағышының 22 метрлік макеті. Бұл осы уақытқа дейін дайындалған зымыранның ең үлкен үлгісі. Биіктігі 105 метрге жуық Н-1 зымыран тасымалдағышының үлгілері сақталмаған.
Экспозиция 15А15 зымыранына арналған ескерткішпен жалғасады. Сонымен қатар "Протон", "Циклон" және "Восток" зымырандарының макеттері де бар.
Музей экспозициясын радиолокациялық станция ретінде құрылған, кейін басқарылатын бағдарламаны орындауға арналған, бірақ сол күйі ғарышқа ұшпаған "Алмаз" орбиталық станциясы толықтырады.
Музей жанынан "Достық" ғарыш станциясы" балалар ойын алаңы орнатылатын аумақ жабдықталды.
