Қытайдан Қазақстанға алғашқы туристік пойыз аттанады
Жазылу
Делегация құрамында 250-ден астам адам бар
АЛМАТЫ, 28 мамыр – Sputnik. 29 мамырда Сиань қаласынан "Сиань – Алматы" бағытындағы алғашқы туристік пойыз жолға шығады. Бұл бастама "Орталық Азия – Қытай" II саммиті аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды спорт және туризм министрлігі.
"Пойыз Алматыға 31 мамырда жетеді деп жоспарланған. Қонақтар еліміздің оңтүстік астанасында 5 күн болады. Делегация құрамында 250-ден астам адам бар. Олар мемлекеттік органдардың, бизнес, ғылым, мәдениет, медицина және спорт саласының өкілдері мен туристер", - делінген хабарламада.
Делегацияны Сиань қаласы әкімінің орынбасары Сяо Ци бастап келеді. Қонақтар үшін арнайы мәдени және іскерлік бағдарлама дайындалған:
ресми қарсы алу рәсімі;
"Шэньси – Алматы" апталығының ашылуы;
жәрмеңкелер, симпозиумдар мен іскерлік кездесулер;
Алматының көрікті жерлеріне экскурсиялар.
Туристік пойыздың кері бағыттағы сапары 5 маусымға жоспарланған.

