ҰБТ-2025: жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

© Sputnik / Владислав ВодневЦентр национального тестирования готовится принимать выпускников
Центр национального тестирования готовится принимать выпускников  - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.05.2025
Жазылу
Биыл бакалавриатқа барлығы 77 мың грант бөлініп отыр
АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі басталды. 7 шілдеге дейін әрбір түлек тесті екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатыса алады. Sputnik Қазақстан ҰБТ-ға қатысты маңызды сұрақтардың жауабын ұсынады.

Грантқа түсу үшін қанша ұпай жинау керек

Бүгінде мемлекеттік грантқа түсу үшін нақты ұпай саны белгіленбеген. Себебі әрбір университетке құжат тапсыратын түлектердің саны әртүрлі. Ал грант иегері конкурс нәтижесінде анықталады. Мәселен, жоғары оқу орнындағы бір мамандыққа 10 грант бөлінсе, құжат тапсырғандардың ішінен ҰБТ-да ең жоғары ұпай алған он түлек грантқа түседі. Осылайша, бәсекелестік неғұрлым жоғары болса, ҰБТ-ның ұпай саны соғұрлым көп болуы керек.
Ресми мәліметке сәйкес, мектеп түлектері бірнеше жыл қатарынан үш бейіндік комбинацияны таңдайды. Олар:
"Математика-Физика" - 16,5%;
"Биология-Химия" - 15,6%;
"Математика-Информатика" - 9,7%.
Демек осы бағыттар бойынша бәсекелестік жоғары. Грантқа түсу үшін барынша көп ұпай жинау қажет.

Ақылы бөлімге түсуге қажетті ұпай саны

Бүгінде ақылы бөлімге түсу үшін көп жағдайда кем дегенде 50 балл жеткілікті. Алайда кейбір мамандықтар бойынша одан жоғары жинау қажет. Олар:
ұлттық университеттерге – 65;
медициналық мамандықтарға – 70;
заң және педагогикалық мамандықтарға – 75;
ауыл шаруашылығы, биоресурстар мен ветеринарияға – 60 балл.
Алайда жоғаруы оқу орындары ақылы бөлімге шекті ұпай санын өздері де белгілей алады.

Тест сұрақтарында нені ескеру керек

Қазақстан тарихы, оқу мен математикалық сауаттылық пәндері бойынша әрбір сұрақта жауаптың төрт нұсқасы ұсынылады. Соның ішінен біреуін ғана таңдау қажет.
Ал бейіндік пәндер бойынша тест сұрақтарының жауабы басқаша құрастырылады. Атап айтқанда, 25 тест тапсырмасында бір ғана дұрыс жауапты белгілеу керек. 5 сұрақта контекстке негізделген бір жауап таңдалса, 5 тапсырмада сәйкестікті табу қажет. Ал тағы 5 тест тапсырмасында бірнеше дұрыс жауап беріледі. Ол үшін алты нұсқаның ішінен үшеуін белгілеу керек.

ҰБТ-ға өзіңмен бірге нені алып кіруге болады

Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін де бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.
Тест тапсыратын аудиторияға жеке куәлікпен, ал түлек 16 жасқа толмаса, туу туралы куәлікпен және мектеп анықтамасымен кіргізеді. Өзімен бірге қалам, су мен шоколадты да алып кіруге болады.
ҰБТ кезінде тыйым салынатын әрекеттер:
рұқсатсыз аудиториядан шығуға;
аудиториядан шыққаннан кейін 10 минутқа артық бөгелуге;
біреумен сөйлесуге;
орынды ауыстыруға;
қағаз алмасуға;
смартфон, құлаққап сияқты тыйым салынған заттарды пайдалануға;
тест кезінде шулауға;
тест тапсырмаларын талқылауға.
ҰБТ аяқталғаннан кейін барлық бейнежазбаға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылады. Грант алған түлек те тегін жоғары білім алу мүмкіндігінен айырылады.

Тест тапсырғанда не істеуге болады

ҰБТ кезінде аудитория әкімшісін шақырып, түсініксіз мәселелерді нақтылауға болады. Рұқсат етілген әрекеттер:
су ішуге және шоколад жеуге;
видеокамерадан шықпай, орында отырып, жаттығу жасауға;
Менделеев кестесінің қағаз нұсқасын сұрап алуға;
қосымша қағаз алуға;
калькулятор қолдануға;
тұздардың ерігіштік кестесін пайдалануға.
Ал ҰБТ-ның барлық сұрағына жауап бергеннен кейін шимай үшін қолданылған қағаздарды қалдырып кету керек.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі.

Аппеляцияға қай кезде беру керек

Талапкер өзі тапсырған ҰБТ нәтижесімен келіспесе, аппеляциялық комиссияға шағым түсіре алады. Бірақ шағымды тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беру керек.
Апелляцияны тек қызық көріп немесе қосымша ұпайға үміттеніп, тиісті негіздемесіз беруге болмайды. Шағым сұрақтардың немесе жауаптардың сәйкес келмеуі, сондай-ақ техникалық себептер бойынша ғана берілуі керек. Апелляциялық сұрақтардың барлығын республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды.

Грантқа түспей қалғанда не істеу керек

Биыл негізгі ҰБТ кезінде екі рет тест тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Екі куәліктің ішінен ең жоғары ұпайды алып, грант тағайындау конкурсына қатысуға болады. Ал грант бұйырмаса, жоғары білімді тегін алудың бірнеше жолын қарастыруға болады.
1.
Жыл сайын игерілмеген бірнеше мың грант қайтадан үлестіріледі. Яғни грант алған талапкерлерден кейін тұрған талапкерлерге ҰБТ-да жинаған ұпай санына сәйкес беріледі. Соны күтуге болады;
2.
Әкімдіктердің гранттары бар. Бірнеше мың грант жергілікті бюджеттен бөлінеді;
3.
"Қазақстан халқына" қорының гранттары;
4.
Кейбір талапкерлер түрлі себеп бойынша жеңіп алған гранттарынан бас тартады. Олардың саны да аз болмайды. Ол гранттар да қайта тағайындалады;
5.
Университетке ақылы түрде түсіп, кейін жақсы оқып, GPA жоғары болса, білім алу кезінде босаған бос грантты ұтып алуға болады;
6.
Бір жыл дайындалып, қайтадан ҰБТ тапсырып, грантты жеңіп алуға болады;
7.
Колледжде грант көп, әрі қарай ЖОО-ға түсіп, қысқа мерзімде жоғары білім алып шығуға да болады;
8.
Әскерге барып келгендер ҰБТ-сыз грантқа түсе алады.
Айта кетері, университетке ақылы бөлімге түсу үшін шекті ұпай саны болуы керек. Ал шекті ұпай жинай алмағандар шартты түрде оқуға түсе алады. Ондайда талапкермен бір академиялық оқу мерзіміне (қыркүйек-желтоқсан) келісімшарт жасалады. Ал қаңтардағы ҰБТ кезінде шекті ұпайды жинап, тест куәлігін тапсыру қажет.

Негізгі ҰБТ-ны кімдер тегін тапсырады

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алатындар:
2025 жылдың колледж бен мектеп түлектері;
өткен жылдары колледж бен мектеп бітіргендер;
шетелде 11 (12) сыныпта оқитындар;
қандастар;
шартты түрде оқуға түсетін студенттер.
Мектеп бітірген түлектер ҰБТ-ны тегін тапсырады. Қалғаны ақысын төлеуі керек.
Айта кетері, биыл 216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысады. Ал бакалавриатқа барлығы 77 мың грант бөлініп отыр. Жақында Түркістан облысының түлегі ҰБТ-да ең жоғары 140 ұпайды жинады. Ал бірыңғай ұлттық тестілеу куәлігінің цифрлық нұсқасын eGov mobile мобильді қосымшасынан жүктеп алуға болады.
Жаңалықтар
0