Мектепте ақша жинау тыйылмай отыр – министр себебін түсіндірді

© Sputnik / Санат ИмангалиевГани Бейсембаев
Гани Бейсембаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2025
Жазылу
Оның айтуынша, көп жағдайда мектепте ақша жинауға ата-аналардың өздері бастамашы болып жатады
АСТАНА, 20 мамыр – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте ақша жинау не себепті тыйылмай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде әрбір өңірде білім сапасын бақылау департаменттері бар. Дәл осы құрылымдар мектептерде ақша жинауға қарсы шара қолданады.
"Мектепте жаппай ақша жинайды деп айта алмаймын. Ондай жоқ. Дегенмен кейбір аймақтарда ара-тұра ақша жинау оқиғалары шығып жатады. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде ондаймен жиі айналысады. Олармен тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ жаппай Қазақстанда бар деп айтқан дұрыс емес. Меніңше, біртіндеп осы мәселелерді барынша азайтамыз", - деді Бейсембаев үкіметте өткен брифингте.
Осы орайда министр Алматы қаласында мектеп бітіретін бір сыныпта 200 мың теңгеден ақша жинағанына қатысты өз ойын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, мектептерде ақша жинауға көп жағдайда ата-аналардың өздері бастамашы болып жатады.
"Иә, мен де 200 мың теңгеге қатысты жағдайдан хабардармын. Әкіммен де, білім басқармасының басшылығымен де сөйлестім. Олар бұл мәселені қатаң бақылауға алды. Ол кісілердің айтуынша, ата-аналардың өздері бастамашы болған. Бұл жерде мектепті ғана кінәлаудан аулақ болу керек. Өйткені маған жетіп жатқан ақпарат бойынша көп жағдайда ата-аналардың бастамасымен ақша жиналып жатады. Сондықтан ата-аналарға да осындай нәрселерге бармауды ескерткен дұрыс сияқты", - деп атап өтті Бейсембаев.
Айта кетері, бүгін министр соңғы қоңыраудан кейін бір жерде топтасып баруға және жиналуға қатысты пікір білдірген болатын.
Алматыдағы соңғы қоңырау - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2025
Соңғы қоңыраудан кейін топтасып бір жерге баруға бола ма - министр жауап берді
Жаңалықтар
0