То Лам "Достық" орденімен марапатталды

© Photo : АкордаТокаев наградил Генсека ЦК Компартии Вьетнама То Лама
Токаев наградил Генсека ЦК Компартии Вьетнама То Лама - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.05.2025
Жазылу
Тоқаев Вьетнам басшысы екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқанын атап өтті
АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы То Ламды І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақордада өткен кездесу кезінде мемлекет басшысы Қазақстан мен Вьетнамды тереңнен тамыр тартатын достық қарым-қатынас байланыстыратын ерекше атап өтті. Осы орайда Тоқаев 1959 жылы Қазақстанға Вьетнамның тұңғыш Президенті Хо Ши Миннің келгенін де еске салды. Бұл сапар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын дамытудың берік негізін қалаған болатын. Ал То Ламның мемлекеттік сапары қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді.
"Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Бұл үшін мол перспективаға жол ашатын саяси ерік-жігер мен сауда-экономикалық әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға айрықша үлес қосқаныңызды атап өткім келеді. Осы орайда Сізге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – І дәрежелі "Достық" орденін табыстауға рұқсат етіңіз. Қазақстан мен Вьетнам ықпалдастығын одан әрі арттыруға қолдау көрсете бересіз деп сенемін", – деді Тоқаев.
Ал Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақ халқына алғыс айтты.
"Бұл – мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміздің ондаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқының бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін", – деп атап көрсетті То Лам.
Айта кетері, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды Ақордада салтанатты түрде қарсы алды. Екі елдің басшысы шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. То Лам Қазақстанның ертеректе Вьетнамдағы ұлт-азаттық күреске көмек көрсеткенін де еске алды.
Касым-Жомарт Токаев и То Лам - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.05.2025
Саясат
Тоқаев пен То Лам стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды
Жаңалықтар
0