"Іле жағасы қоқысқа көміліп қалған": бір күнде 30 тонна қалдық шығарылды

© Photo : Аманат партиясы"Іле жағасы қоқысқа көміліп қалған": бір күнде 30 тонна қалдық шығарылды
Іле жағасы қоқысқа көміліп қалған: бір күнде 30 тонна қалдық шығарылды - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.04.2025
Жазылу
Сенбілікке 600-ге жуық адам қатысты
АЛМАТЫ, 19 сәуір - Sputnik. Алматы облысындағы Іле бойында "Таза Қазақстан" акциясы аясында сенбілік өтті. Бір күнде 30 тонна қалдық шығарылды, дейді "AMANAT" партияның баспасөз қызметі.
"Көшпенділер қаласы" мен "Тамғалы-тас" шатқалының маңында пластик бөтелкелер, дорбалар, консерві қалдықтары мен құрылыс материалдары үйіліп жатыр. Жауапсыз демалушылар мен бақылаусыздықтың кесірінен Іле экожүйесіне нақты қауіп төніп тұр, дейді партия.
Сенбілікке 600-ге жуық адам қатысып, 30 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жиналған қалдықты арнайы орынға жеткізу үшін екі КамАЗ техникасы тартылды.
"Өзен жағасы қоқысқа көміліп жатыр. Демалушылар артынан ештеңе жинамайды. Қазан-ошақ пен тағам қалдықтары өзенге ағып, қоршаған ортаға тікелей зиян келтіріп отыр. Егер жүйелі шешім қабылданбаса, жақын арада бұл жер қайтадан қалдық астында қалады. Мәселе – қоқыстың көлемінде емес, жүйесіздікте. Бұл аумақта инфрақұрылым атымен жоқ. Қоқыс жәшігі де, бақылау да, жауапты мекеме де қарастырылмаған", – деді партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.
Өткен жылы осы аумақтан екі рет 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылған.
"Волонтерлар бұл мәселемен алғаш рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Былтыр өз күшімізбен осы аумақтан 10 тоннадан астам қоқыс жинадық. Бірақ бізден кейін тағы да бәрі сол қалпына түсті. Бұл – бір реттік сенбілікпен шешілетін мәселе емес. Табиғатты қорғау – жүйелі бақылау мен нақты инфрақұрылымды қажет етеді. Біз қанша тазаласақ та, қоқыс тастауды тоқтатпайынша нәтиже болмайды", – деді ерікті Медет Бекбергенов.
Айта кетейік, экологиялық шаралар Іле өзенімен шектелмейді. Облыстың 373 елді мекенінде 80 мыңнан астам адамның қатысуымен 38,9 мың түп ағаш отырғызылып, 120 ақпараттық түсіндіру және 150 санитарлық тазалау шарасы өткізілген.
Астанадағы қоқыс полигоны - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.01.2025
2024 жылы Қазақстанда 1120 заңсыз қоқыс орны анықталды
Жаңалықтар
0