Өз елдерінде қылмыс жасап, Қазақстанда жасырынып жүрген 164 шетелдік ұсталды
17:00 14.04.2025 (жаңартылды: 17:03 14.04.2025)
© AP Photo / John LocherЕл аумағында жасырынып жүрген 164 шетелдік қылмыскер ұсталды

© AP Photo / John Locher
Жазылу
Сондай-ақ "Іздестіру" операциясы барысында шет елге қашқан 32 қазақстандық азамат ұсталды
АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. ТМД елдерінің ішкі істер министрліктерімен бірге іздеуде жүрген адамдарды ұстау, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткендерді анықтау бойынша жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Атап айтқанда, Қырғыз республикасының ішкі істер министрлігімен өзара іс-қимыл барысында 39 жастағы қазақстандық азамат Бішкек қаласында ұсталды. Ол 13 жыл бұрын Жамбыл облысында жасалған топтық зорлауға қатысқаны үшін іздеуде жүрген.
"Бұдан бөлек Ресейдің Сочи қаласында интернет-алаяқтық жасағаны үшін жасырынған 22 жастағы қазақстандық азамат құрықталды. Ал 1996 жылы Павлодар облысында жергілікті тұрғынға қарақшылық шабуыл жасаған 52 жастағы ер адам Грозныйда ұсталды", - делінген хабарламада.
Екі жақты "іздестіру" операция кезінде шетелден Қазақстанға қашып келген 164 қылмыскер құрықталды.
"Мәселен, Жамбыл облысында өзінің жұбайын өлтіріп, жасырынып жүрген Өзбекстанның 47 жастағы азаматы ұсталды. Ал елордада Германияның 58 жастағы азаматы құрықталды. Күдікті Гамбургте аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін өз елінің интерполымен іздеуде жүрген. Одан бөлек, адам өміріне қастандық жасағаны үшін Түркияның құқық қорғау органдарымен іздестіріліп жүрген 33 жастағы шетелдік құрықталды", - дейді министрлік.
Сондай-ақ жамбылдық полицейлер Байзақ ауданында 46 жастағы өзбек азаматын ұстады. Ол 2009 жылдың қаңтарынан бастап адам саудасы үшін іздеуде болған.
Бұдан басқа полицейлер хабар-ошарсыз кеткен 56 адамның, оның ішінде 10 кәмелетке толмаған баланың жүрген жерін анықтады.
Жедел іс-шараның екі күндік қорытындысы бойынша іздеуде жүрген 284 қылмыскер ұсталды:
кісі өлтіргені үшін – 7;
денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 9;
қарақшылық шабуылдар үшін – 6;
тонау үшін – 5;
есірткі қылмыстары үшін - 13 адам ұсталды.