Елімізде Ислам даму банкінің қолдауымен 4 жаңа су қоймасы салынады

Шардаринское водохранилище - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.04.2025
Жазылу
Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялау, 115 арнаны реконструкциялау және күрделі жөндеу көзделген
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Қазақстанда Ислам даму банкінің қолдауымен 4 жаңа су қоймасы салынады, деп хабарлайды су ресурстары министрлігінің баспасөз қызметі.
Су саласын дамыту бойынша серіктестердің үйлестіру кеңесінің II отырысы аясында су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов Ислам даму банкінің Қазақстандағы өңірлік өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Али Хан және БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті.
Тараптар "Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту" жобасын іске асыру бойынша бірлескен жұмысты талқылады.
Жобада Астана су қоймасын толықтыру жөніндегі жобаны қоса алғанда, 4 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасын реконструкциялау, 115 арнаны реконструкциялау және күрделі жөндеу көзделген.
Жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астана қаласында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына еліміздің су және өзен бассейндерін зерттеуге, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы үшін ерте ден қою жүйелерін енгізуді бағалауға және "Қазсушар" кәсіпорнын техникалық жарақтандыруға Ислам даму банкінің грантын бөлу көзделген.
"Қысқа мерзім ішінде Үйлестіру кеңесі аясында үлкен жұмыс атқарылды. Ислам даму банкінің инвестициялары Қазақстанның су инфрақұрылымын жетілдіруге көмектеседі. Сонымен қатар біз еліміздің су саласын дамыту жобаларына жаңа серіктестер тарту үшін БҰҰ Даму бағдарламасымен белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз", - деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазіргі уақытта барлық қажетті құжатты әзірлеу және оларды басқа мемлекеттік органдармен келісу жүргізіліп жатыр.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.08.2024
Батыс Қазақстанда 12 мыңнан астам адамды сумен қамтитын су қоймасы салынады
Жаңалықтар
0