Депутаттар ата-анасын қарамайтын балалардың табысын шектеу мәселесін тағы көтерді

© Sputnik / Ертай СарбасовАлматыдағы "Шаңырақ" қарттар үйі
Алматыдағы Шаңырақ қарттар үйі - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.04.2025
Жазылу
Депутат отбасы құндылықтарын нығайтуға және қарттарды қолдауға бағытталған кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды
АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Бүгін мәжілісте ата-анасын қарттар үйіне өткізетін балалардың табысының белгілі бір бөлігін ұстап қалу мәселесі тағы көтерілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Аманжол Әлтайдың мәліметіне сәйкес, бүгінде 45 қарттар үйінде 5,9 мың егде жастағы адамдар тұрады. Көптеген жеке орталықтарда орын тапшылығы байқалады.
"Қарттар үйіндегі қариялардың зейнетақысының 70 проценті мемлекет қажеттіліктеріне жұмсалады, ал өздеріне тек 30 проценті ғана қалады. Бұл жағдай дәрі-дәрмек сатып алу, медициналық қызметтерді пайдалану, қажетті заттарды алу мәселесін қиындатады", - деді Әлтай мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, қарттар үйінің көбеюіне негізгі себеп – жас ұрпақтың отбасы құндылықтарын түсінбеуі және құрметтемеуі. Олардың тапқан табысының бір бөлігі ата - анасына тиесілі болу керек.

"Қарттар үйін паналауға мәжбүр болған қариялардың дәрі - дәрмегі, шипажайларда емделуі, тағы басқа материалдық қажеттіліктерін өтеуге ата-анасын керек етпеген көкек балаларының табысынан ұстап отыруды ұсынамын", - деді ол.

Депутат отбасы құндылықтарын нығайтуға және қарттарды қолдауға бағытталған кешенді бағдарлама әзірлеу қажеттігін жеткізді.
Айта кетері, ақпан айында мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков ата-анасын қарттар үйіне өткізген балалардың жалақысының 50 процентін ұстап, қариялардың есепшотына аударуды ұсынған болатын.
Алматыдағы Шаңырақ қарттар үйі - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2025
Ата-анасын қарттар үйіне өткізгендердің жалақысының 50%-ін ұстап отыру керек – депутат
Жаңалықтар
0