Ораза айт басталды
© Sputnik / Абзал КалиевОраза айт басталды

© Sputnik / Абзал Калиев
Жазылу
Рамазан айынан қалған қаза оразаның арасын үзбей де, бөліп те ұстауға болады
АСТАНА, 30 наурыз– Sputnik. Бүгін барша мұсылмандардың ұлық мерекесі - Ораза айт басталды. Осымен биылғы қасиетті Рамазан айы аяқталды. Ал Ораза айт үш күнге созылады.
Ораза айт намазы оқылмаған кездер де болды
Биыл қазақстандықтар Ораза айт мейрамын әдеттегідей айт намазымен бастады. Оны барлық мешітте таңертең ерте жамағатпен бірге өткізеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: "Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу", - деп айтқан. Бірақ осыдан бес жыл бұрын Ораза айтта да, Құрбан айтта да мешіттерде намаз оқылмады. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты барлық жерде қатаң шектеу шаралары болды. Карантинге байланысты мешіттерде бес уақыт намаз тоқтатылды. Парыз болған жұма намазы да оқылмай қалды. Жамағат айт намазына да жинала алмады. Сол кезде мүфтият үйде нәпіл намазын оқуға кеңес берген. Ал бір жылдан кейін Ораза айт намазын мешіт аулаларында оқуға рұқсат берілді. Бірақ бетперде кию, намаздан кейін көп кідірмеу, балаларды алып келмеу сияқты талаптар болған. Бүгінде ондай шектеу шаралары жоқ. Сондықтан мерекелік көңіл-күй барынша сезіледі.
© Photo : ummet.kzҰлық мейрам – Ораза айт басталды

Ұлық мейрам – Ораза айт басталды
© Photo : ummet.kz
Қаза оразаны қалай өтейді
Рамазан айынан қалған қаза оразаның арасын үзбей де, бөліп те ұстауға болады. Оны әрбір адам өзі тұратын елді мекеннің намаз кестесін басшылыққа алып ұстайды. Әдеттегідей таң намазы басталғанға дейін ас-суын ішіп, шам намазы кірген уақытта ауыз ашады.
"Қаза оразаны мүмкіндігінше тездетіп ұстап біткен абзал. Алла Тағала Құранда ауырып қалып немесе сапарға шығып, белгілі бір себептермен ораза ұстай алмайтын болса, оны кейінгі күндерге қалдырсын дейді. Егер денсаулығына байланысты қаза оразасын ешқашан өтей алмайтын болса, онда ол адам підия төлейді", - дейді мүфтият мамандары.
Підия садақа дегеніміз не
Підия дегеніміз – бір адамның таңғы және кешкі тойып ішетін тамағы. Биыл оның ақшалай мөлшері 3 520 теңге көлемінде бекітілді. Қаза оразаны ұстауға шамасы келмегендер осы ақшаға мұқтаж жандарды тамақтандырады немесе ақшалай береді. Қарыз күндерді келесі Рамазан айына дейін ұстап біткен абзал. Ал егер келесі ораза келіп қалып, адам қарызын әлі өтеп бітпесе, онда келесі оразаны ұстай береді. Қаза күндерін Рамазан айы аяқталған соң бір-ақ өтейді.
© Sputnik / Абзал КалиевОраза айт басталды

Ораза айт басталды
© Sputnik / Абзал Калиев
Ораза айтта ауыз бекітуге бола ма
Хадистерде: "Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын" деп айтылған. Сондықтан Ораза айттың бірінші күні мұсылмандар ораза күні сияқты сәресін ішпейді, күндіз ауыз ашық болады. Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күнінен бастап ұстай беруге болады.
Пітір садақаны айтта беруге бола ма
Пітір садақаны Рамазан айының ішінде Ораза айт намазы оқылғанға дейін беріп қою қажет. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар, Ораза айт мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созған абзал.