Қадір түнінде оқылатын дұғалар

© Sputnik / Денис Абрамов / Медиабанкке өтуКнига в руках
Книга в руках  - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.03.2025
Жазылу
Қадір түні мұсылман біткен құлшылық етіп, Алладан кешірім, мейірім, сауап сұрайтын күн. Бұл күні оқылатын дұғалар да қабыл болады, дейді мешіт өкілдері.
Негізі араб тіліндегі "дуъаа" сөзінің мағынасы "сұрау", "жалбарыну" дегенді білдіреді. Аллаға дұға ету - оған жалбарынып, әр нәрсенің қайырлысын сұрау. Ал басқа бір адам үшін дұға ету, демек ол адамға жақсылық тілеу.
Осы тұста айта кететін бір жайт, жасаған дұғасы қабыл болуы үшін әр мұсылман дұғаның әдептері мен шарттарын білуі керек.

Дұға оқығанда сақтау керек әдеп

Дұғада Аллаға үнемі мадақ айту керек. Пайғамбарға салауат айтумен бастап, аяқтау керек. Дұға жасардан бұрын дәрет алып, құбылаға қарап, қолды жоғары көтеру керек. Дұғаны кеңшілік кезінде де, қиындық кезінде жасау керек. Ешқашан отбасына не мал-мүлкіне, балаларына немесе өзіне қарсы дұға қылмауы керек. Сондай-ақ дұға жасағанда дауыс шығармаған ләзім. Басқа жан үшін де дұға жасасаңыз, ең бірінші өзіңізден бастаңыз. Әрбір дұға еткен сайын ата-анасына да дұға жасау керек.

Дұға қабыл болатын уақыт

Дұға әсіресе Қадір түні қабыл болады. Парыз намаздарынан соң, сондай-ақ түннің соңғы бөлігі, азан мен қамат арасында қабыл болады дейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы берген мәлімет бойынша, дұға парыз намаздарына азан айтылғанда, намазға қамат айтылғанда, зәмзәм суын ізгі ниетпен ішкен кезде, сәждеге жатқан кезде, тіпті жаңбыр жауғанда да дұға жасау адам баласы үшін пайдалы. Дұғаны жасау уақытына тыйым салынбаған, десе де өзіндік уақыттары да жоқ емес. Адамның басына қандай да бір күн туғанда жасаған дұға да пайдалы. Әрбір дәрет алған соң дұға жасаңыз. Таң ата әтеш шақырғанда да мұсылман адам дұға жасаса Алла тағала қабыл етеді дейді хадисте. Сол себепті де ата-бабамыз таң алакеумнен тұрып, Алладан тілеу тілеген. Өйткені ерте тұрып жасаған дұға-намаздың мұсылман үшін ырыздығы мол деп есептеген. Сондай-ақ таңнан жасалған тірліктің де берекеті мол.

Дұғам қабыл болсын десеңіз

Дұғаны барынша ықылас-ынтамен оқып, барлық істі бір Аллаға тапсыру керек. Үнемі дұға жасап жүру, Аллаға шын мінәжәт етіп, сену. Жүректен шынайы шыққан дұға орындалады, сол себепті жүрекпен оқу ләзім. Сондай-ақ дұғаны қабыл етпейтін кері іс-әрекеттерден бойыңызды аулақ салыңыз. Ең бастысы адам шыдамды болу керек. Тыйым салынған заттардан бойды аулақ ұстап, харам дүниені бойға дарытпау керек.
Құран - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.01.2019
Дерекқор
Сізге қажет күнделікті оқылатын дұғалар

Дұғасы қабыл болатын пенде кім

Аллаға үнем мінәжәт ететін жанның, жазықсыз жәбір көрген пенденің, әділ имам немесе әділ ел билеушінің дұғасы қабыл болады.
"Үш адамның дұғасын Алла Тағала қайтармайды: Алланы көп зікір етушінің, жәбірленген жанның және әділ имамның" (Әл-Бәйһақи).
"Кәпір болса да мазлұмның дұғасынан сақтаныңдар! Өйткені оның дұғасына бөгет жоқ" (Ахмад). Мазлұм - бұл жәбір көрген адам.
Адал жүріп, адал ас ішкен, жүрегімен жақсы дұға тілеген пенденің қай уақытта болмасын дұғасы қабыл болады, тек күнә біткеннен бойыңызды аулақ ұстасаңыз болды.
Әрбір ісі игілікке толы, кісінің ала жібін аттамайтын, өсек сөзден бойын аулақ ұстайтын, кісіге қияметі жоқ пенденің дұғасын Алла қабыл етеді, дейді имамдар. Аллаға деген сенімі мол, жүрегі иманға толы, адам баласына тек жақсылық жасайтын пенде әрқашан Алланың назарында.

Қадір түні жасалатын дұғалар

Мешіт өкілдерінің айтуынша, дұға жасау қай уақытта да парыз. Ең бірінші жаратқаннан жақсылық сұрау керек дейді олар.
Мағынасы: Я, Алла! Жақсылықтың бастауы мен соңын, әуелгісі мен ақырғысын, әшкересі мен жасырынын, Жәннаттағы биік дәрежелерді сұраймын. Менің зікірімді жоғарылатып, ауыртпалығымды таста, жүрегімді тазалап, әурет жерімді сақта және күнәларымды кешір.
Оқылуы: "Аллаһумма инни әс-әлукә фәуәтихәл-хайри уә хауәтимәһу уә жауәмиъәһу, уә әууәләһу уә әхираһу уә заһираһу уә бәтыйнәһу, уәддәражәтил-ъулә минәл-жәннәһ. Аллаһумма инни әс-әлукә ән тарфәъә зикри, уә тәдаъа уизри, уә тутаһһира қалби, уә тухассинә фаржи, уә тәғфира ли зәнби".
Алладан өзін жақсы көретін жүрек, иман сұрау керек. Өйткені жүректе мейірім мен имам болғанда ғана адам шынайы дұға жасай алады.
Мағынасы: Я, Алла! Өзіңді жақсы көруді және Сені жақсы көретінді жақсы көруді және Сенің жақсы көруіңе жақындататын әрбір амалды жақсы көруді маған нәсіп ет. Уа, Алла! Сенен мәселенің қайырлысын, жақсы дұға, жақсы нәтиже және жақсы сауап сұраймын. Мені бекем ет және таразымды ауырлат, иманымды нығайт, дәрежемді көтер, намазымды және ғибадаттарымды қабыл ет, қатемді кешір және маған жоғары дәрежелі Жәннатты нәсіп ет!
Оқылуы: "Аллаһумма инни әс-әлукә хуббәкә уә хуббә мән йухиббукә, уә хуббә куллә ъамә лин йуқаррибуни илә хуббик. Аллаһумма инни әс- әлукә хайрал-мәс-әләти, уә хайрад-дуъа-и уә хайран-нәжәхи, уә хайрас-сәуәби, уә сәббитни уә сәққил мауазини, уә хаққиқ имәни, уәрфаъ дәражәти, уә тәқаббәл саләти уә ъибәдәти, уәғфир хати-әти уә әс-әлукәд-дәражәтил-ъулә минәл-жәннәһ".
Қандай игі істе, қандай игі амал жасағанда болсын Алланың соған разылығын сұрау.
Мағынасы: Я, Алла! Шынайы иман, иманды көркем мінез, артынан бақыт ілескен табыс, Сенен келетін мейірім және жарылқау, кешірім және разылығыңды сұраймын.
Оқылуы: "Аллаһумма инни әс-әлукә сиххатән фи имәни, уә имәнән фи хусни хулуқин, уә нәжәхән йәтбәъуһу фәләхун, рахмәтән минкә уә ъафиәтән минкә, уә мәғфиратән уә ридуәнә".
Қасиетті Құранда жаратқанның көмегінсіз, қолдауынсыз пенденің ісіне береке бітпейтіні туралы айтылған. Осы орайда Алладан әрдайым көмек сұрап, дұға жасау ләзім.
Мағынасы: Я, Алла! Істерімнің қорғаушысы болған дінімді, өмір сүретін дүниемді, қайтып оралатын ақыретімді түзегейсің. Өмірімді ізгі амалдарды көбейту, ал өлімімді барлық жамандықтан демалу қылғайсың. Уа, Раббым! Маған көмектесе гөр және маған қарсы көмектеспегейсің. Мені жеңіске жеткіз және біреуге жығып берме. Мені тура жолға сал және тура жолды маған жеңіл қылғайсың.
Оқылуы: "Аллаһумма әслих ли динил-ләзи һууә ъисмәту әмри, уә әслих ли дуния-ялләти фиһә мәъәши, уә әслих ли әхиратил-ләти иләйһә мәъади, уәжъалил-хәятә зиядатән ли фи кулли хайрин, уәжъалил-мәутә рахатән ли мин кулли шәрр. Уә Рабби әъинни уә лә туъин ъаләйя уәнсурни уә лә тәнсур ъаләйя, уәһдини уә йәссирил-һудә ли".
Көркем мінез сұрау дұғасы
Мағынасы: Я, Алла! Мені өмірдің қиындығынан сақтай гөр. Мені ең жақсы істер мен жақсы мінезге жетелей гөр. Өйткені оның ең жақсысына Сенен басқа ешкім жетелей алмайды. Және оның жаманын менен айықтырғайсың. Өйткені оның жаманынан мені Сенен басқа ешкім де айықтыра алмайды.
Оқылуы: "Аллаһумма инни әъузу бикә мин ән ураддә илә әрзәлил-ъумр. Аллаһуммаһ-дини әхсәнәл-әъмәли, уәл-әхләқи лә йәһди ли-әхсәниһә иллә әнтә уәсриф ъанни сәий-әһә лә йәсрифу ъаннисәий-әһә иллә әнт".
Қадір түні жасалатын дұғалар қатарына ризық, береке, жоқшылық пен ауру-сырқаудан сақтайтын дұғалар жатады. Өйткені бұл күні шын жүректен дұға жасап, Аллаға мінәжат еткен адамның дұғасы қабылданады дейді Құранда. Мешіт өкілдерінің айтуынша, әрбір адам қай дұғасында болсын ата-анасының амандығы мен Алладан оларға мейірім-шапағат тілеу керек.
Намаз оқып отырған жамағат - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.03.2025
Қадір түні – 2025: қалай өткізу керек
Жаңалықтар
0