Қадір түні – 2025: қалай өткізу керек

© Sputnik / Абзал КалиевНамаз оқып отырған жамағат
Намаз оқып отырған жамағат - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.03.2025
Жазылу
Наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түн — Қадір түні
АЛМАТЫ, 12 наурыз - Sputnik. Қадір түні - мұсылман үшін қасиеті мол, Аллаға құлшылық еткеннің тілегін қабыл ететін түн. Қадірін білгенге Қадір түнінің тірлікте берер ырыс-несібе, байлығы мол, тек шын жүрегіңізбен құлшылық етсеңіз болды. Қадір түні не істеу керек? Пендеге берген несібесі қандай?
"Мен сол күнді әлі күнге ұмытпаймын, міне аттай 25 жыл өтіпті" деп бастады Қадір түнінің құдіреті туралы Бақытгүл Болатбекова.

"Бөтелке теріп, 1 теңгеден өткізетін едік"

"Мен күйеуге 20 жасымда шықтым. Ол 2000 жылдар еді. Дәл қазіргідей кең-қолтық заман емес. Күйеуім – студент, екі шиеттей баламыз бар. Біз пәтер жалдап кезбеген жеріміз жоқ, тіпті моншаны да мекен еткен күніміз болды. Бір нанды үнемдеп екі күн жедік десем еш өтірігі жоқ. Әбден азып-тозып кеттік. Екі баламызды қолтықтап алып, қоқыстан бөтелке тереміз, оны бір теңгеден сатамыз", - деп өткенді еске алды Бақытгүл Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
"Содан жолдасым екеуміз күнде кикілжің, ажырасуға дейін бардық. Сотқа барып жүгінбедік, бірақ баспанасыз, ассыз біз тығырыққа тірелдік. Сондай күндердің бірінде түнде екі бөпемді әлдилеп ұйықтатып отырып, көз жасыма ерік бердім. Жылайын демедім, өз-өзінен аққан жас киімімнің алдын жуды. Шынымды айтсам, Құдайдан жағдай сұрағаным да есімде жоқ. Бірақ мен жүрегіммен жыладым, таңға дейін көз жасым құрғамады. Соған дейін, не содан кейін дәл солай "Алла, не істесем екен?" деп жыламаппын", - дейді Бақытгүл Болатбекова.

"Қадір түнінің қаншалықты қасиетті екенін түсіндім"

Түнде көз ілмеген Бақытгүлдің жалдамалы пәтерінің есігін таңертең көрші Бәтима әжей қағады. Анда-санда бас сұғып, жас отбасының жағдайын бақылап қоятын әжей түнде мешітте Қадір түнін қарсы алғанын айтады.
"Мен сол түні Қадір түні болғанын да білмеппін. Сенесіз бе, біртіндеп бәрі түзеле бастады. Арзан жібі түзу пәтер жалдадық, жолдасым дүкенде күзетші болып жұмыс істеді, ол заманда студенттерге жұмыс табу қиын еді. Ал бір жыл өткен соң дәл Қадір түні болатын күні біз өзіміздің үш бөлмелі пәтерімізге кірдік, Қадір түнін сол жекеменшік баспанамызда қарсы алдық. Мен сол күні Қадір түнінің қаншалықты қасиетті екенін түсіндім. Қадір түні төккен көз жасым қабыл болды деп білемін, Алланың құдіреті шексіз", - дейді Бақытгүл.

Түндердің қайырлысы – Қадір түні

Айлардың патшасы – Рамазан, түндердің қайырлысы – Қадір түні, күндердің қайырлысы – жұма күні екені хадисте айтылған. Бұл түнді негізінен Рамазан айының соңғы он күнінде, тақ санда іздеу керек. Көпшілік ғалымдардың пікірінше, Қадір түні Рамазан айының жиырма жетінші түні болып есептеледі.
30 жыл Аллаға мінәжіт етіп, басын сәждеге иіп, Алладан атаның емес, адамзаттың амандығын тілеп келе жатқан Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ ауылының имамы Аян Байтұрғанның айтуынша, Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде Қадір түнін жамағат ерекше дайындықпен қарсы алуы керек.
"Қадір түні – Алланың разылғы үшін істелетін құлшылық. Ауыз ашқан соң тарауық намазынан кейін таңға дейін Аллаға жалбарыну, сыйыну. Құранда Қадір деген сүре бар, онда осы Қадір түнінің қаншалықты қасиетті екені айтылады. Қадір түніне байланысты "Қадір түні – мың айдан қайырлы" деген аят бар. Ол күні жасаған құлшылықтар 84 жылға пара-пар", - дейді Аян Байтұрған.
Мешіт - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2018
Қоғам
Мың түннен де артық Қадір түні

Қадір түні ұлттық құндылықтар дәріптеледі

Қадір түні күні құлшылық жасап қана қоймай, ұлттық құндылығымыды ұлықтаймыз, дейді имам.
"Ауыз ашылғаннан кейін, тарауық намаздан соң 1-2 сағаттық үзіліс жариялаймыз. Сол кезде ұлттық ойындарды, ұлттық дүниелерді дәріптейміз. Дін бәріне тыйым сала бермейді, тек Аллаға шәк келтірмесе болды. Сол шаралардан кейін Қадір түнінің өзінің намаздары болады, соны оқимыз. Таң ата таң намазын оқып, сәресін ішіп ел қайтады", - дейді Аян имам.
Аян Байтұрғанның айтуынша, қазақтың Қыдыр ата деген ұғымы қате пікір. Бұл - наным-сенімге жақын халықтың әулие-әмбие, періште дегенге сенуі.
"Қадір түніне келіп, намаз оқып, Алладан тілеу тілеген талай адамның мешітке қайырылып келмейтіні болмайды. Әйтеуір бір өзгеріп, мешітке арнап жақсылық жасағандарын көп көрдік. Сол мешіттің жанашыры болары ақиқат", - дейді Аян Байтұрған.

Қадір түні не істеу керек

Өкінішке қарай, көбі Қадір түнін жай ғана ұйықтамай қарсы алу жеткілікті деп санайды. Алайда бұл қате түсінік. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс.
Қадір түні мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, тілек тілеп, дұға жасап, намаз оқу.
Қасиетті түнді көңіл көтеру орындарында емес, үйде немесе мешітте өткізген абзал. Ішімдік ішуге, адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, жанжалдасуға, дауласуға тыйым салынады. Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кешін ұйымдастыруға болмайды. Ал теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдердің орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді тамашалаған дұрыс.
Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате.
Мұсылмандар бұл түнді барынша құлшылықпен, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен өткізуге тиіс. Таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасаған абзал.
Бұл түннің берекесі мол. Таң ағарып атқанға дейін Аллаға құлшылық еткен мұсылманның жүрегіне тыныштық пен жан рахаты орнайды.
Дінде Қадір түні түнімен құлшылық жасай алмайтындар ең болмаса тарауих намазынан кейін біршама уақытын дұғаға арнауы керектігі айтылған.
Қадір түні адамның көңілінде кірбің болмау керек. Бұл күннің тағы бір қасиеті – жүректе жүрген жүкті жоғалтып, көңілге түскен кірбіңді ұмыту. Пендешілікпен дүрдараз болған жандарды кешіру, қауышу.
Астанадағы мешіт - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2019
Дерекқор
Түндердің ішіндегі қайырлысы Қадір түні туралы не білеміз?
Жаңалықтар
0