Депутаттар тауарлық кредиттің жаңа жүйесін ұсынды

© Photo : СС0 / Michael GornigКоровы
Коровы - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.02.2025
Жазылу
АСТАНА, 19 ақпан– Sputnik. Мәжілістегі "Ауыл" фракциясы ауылда тауарлық кредиттерді берудің жаңа жүйесін іске асыруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төменгі палатаның бүгінгі отырысында депутат Анас Баққожаев президенттің тауарлық кредит беру тәжірибесін кеңінен таратуға тапсырма бергенін еске салды.
"Алайда үкімет тарапынан ешқандай қозғалыс білінбейді. Тек 3-4 облыста жағдайы жоқ отбасыларға "Ауыл аманаты" арқылы мал таратып, соны "тауарлық кредитті орындадық" деп қазан қақпағын жауып қойды. "Тауарлық кредит" - жақсы механизм! Соны түсінген кейбір ірі кәсіпкерлер қолындағы бар малды іскер азаматтарға таратып жұмыс істеп жүр. Бірақ осындай жеке кәсіпкерлердің бастамасын ынталандыратын механизм жасалған жоқ", - дейді Баққожаев.
"Ауыл" фракциясы мемлекеттік деңгейде тауарлық кредитті тез әрі өте оңай жолмен беруге бағытталған арнайы бағдарлама жасау қажет деп санайды.
"Екіншіден, ол бағдарламада тауарлық несие арқылы өз капиталын ауыл азаматтарына беріп, агробизнестің жаңа моделіне көшуге бел буған ірі шаруашылықтарды халықпен тікелей жұмыс істеуге қызықтыратын, ынталандыратын арнайы франшиза ұсыну керек. Ол франшизаның бастапқы жарнасы бюджет арқылы төленіп, қаржылық тәуекелдері мемлекет тарапынан сақтандырылуы керек", - деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, бүгінде қалаларда франшиза жүйесі жақсы дамыған. Кофеханалар мен мейраханалар, наубайхана мен әртүрлі сауда орындарын франшизамен ашып жатқандар көп. Дәл сондай механизмді пайдаланып, ауыл азаматтарын агробизнеске жұмылдыруға болады.
"Үкімет тарапынан қозғалыс болса, біз "Ауыл партиясы" фракциясының депутаттары Салық кодексін қарастыру барысында франшиза арқылы тауарлық несие беремін дейтін ірі кәсіпкерлерге тиісті салықтық жеңілдіктер беретін нормалар ұсынуға дайынбыз", - дейді Баққожаев.
Айта кетері, бұған дейін Sputnik Қазақстан тауарлық кредит беру тәртібін зерделеп шыққан болатын.
Президент посетил ферму Қызылжар-сүт - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.09.2024
Тауарлық кредит беріледі – шарты қандай
Жаңалықтар
0