Тауарлық кредит беріледі – шарты қандай

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаПрезидент посетил ферму "Қызылжар-сүт"
Президент посетил ферму Қызылжар-сүт - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.09.2024
Жазылу
Былтыр Ақтөбе облысында 26 шаруа қожалығы 33 отбасыға 533 бас мал берді
АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыру үшін тауарлық кредит беру мәселесін қарастырып жатыр. Бұған дейін пилоттық жоба іске асырылды, оның нәтижесі жаман емес. Енді тауарлық кредиттің заңнамалық базасы жасалады. Сонда қазақстандықтар банктен кредит алмай-ақ, өз кәсібін дөңгелете алады. Ал, ең бастысы, ай сайын төлем жасаудың қажеті жоқ, сан алуан комиссиялар мен айыппұлдар болмайды. Sputnik Қазақстан тауарлық кредит беру тәртібін зерделеп шықты.

30 бас мал жинап алуға болады

Қазақстанда тауарлық кредиттерді "Ауыл Аманаты" жобасы аясында беру жоспарланып отыр. Бұл бастама Ақтөбе облысында сынақтан өткізілді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратовтың айтуынша, ауыл тұрғындары тауарлық кредитке ірі қара, жылқы мен қой алады. Сосын оны біртіндеп қайтарады.
"Мысалы, бір шаруа қожалығы жеке тұлғаға 10 ұрғашы ірі қара малды 5 жылға береді. Оны алған адам келесі жылдан бастап төлімен құтыла бастайды. 10 бастан 8 төл алса, соның төртеуін жыл сайын беріп отырады. Осылайша, бес жылда шаруа қожалығына 20 басты қайтарады, ал алған малы және одан алған төлі өзінде қалады", - деді Бимұратов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Мамандардың есебіне сәйкес, бес жылда төрт бастан қайтарған күннің өзінде қолда 30 шақты бас қалуы қажет.
"Шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардың өзара келісімі негізінде малдың сүтінен, керек болған жағдайда бордақылап сатудан да пайда табуға болады", - деп атап өтті бөлім басшысы.

Ауыл тұрғындарына қанша мал берілді

Былтыр Ақтөбе облысында 26 шаруа қожалығы 33 отбасыға 533 бас мал берді.
2 отбасыға - 20 бас жылқы:
14 отбасыға - 103 бас ірі қара;
17 отбасыға - 410 бас қой.
Осы уақытқа дейін тауарлық кредит алған отбасылардың саны өсті. Барлығы 54 шаруа қожалығы 103 отбасыға 1398 бас мал (35 жылқы, 418 ірі қара мен 945 қой) берді. Енді олар бес жылдың ішінде алған тауарлық кредитін қайтарып беруге тиіс.
"Бұл бастама, әсіресе, ауылдағы көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін жақсы көмек болды. Ақшасы болмаса да, мал алып қалды. Халық риза, банктен алынған кредит емес, процент жоқ, комиссия мен айыппұл төлеудің қажеті жоқ. Төлмен қайтарып отырса болды", - дейді Бимұратов.

Малды сақтандыру қажет

Тауарлық кредиттің негізгі шарты – малды сақтандыру. Су тасқыны, я болмаса, басқа бір жағдай болса, малдың ақшасын сақтандыру компаниясы төлеп береді.
"Жұқпалы аурулар бар, тағысын тағы, осындай жағдайда сақтандыру төлемдері жасалады. Сонда екі жаққа да шығын келмейді. Ал тауарларды сақтандыру бойынша шығындар пропорционалды төленеді", - деді бөлім басшысы.
Келісімшарт бойынша тауарды қайтару міндеттемелері орындалмаған жағдайда шаруа қожалығы өз қалауы бойынша соттан тыс немесе сот тәртібімен малды өндіріп алады.
Жаңалықтар
0