Ұялы телефондар бұғатталады – негізгі ережелер қандай
© AP Photo / Kiichiro SatoАдам қолындағы айфон

© AP Photo / Kiichiro Sato
Жазылу
АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
24 наурызға дейін әкелінген телефондар істей береді
Қазақстанда 24 наурыздан бастап ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Осы орайда маңызды бір мәселені ескеру қажет.
"Жаңа ережелер тек 2025 жылдың 24 наурызынан кейін елге әкелінген жаңа құрылғыларға ғана қатысты. Қазақстан аумағында бұрыннан бар және Идентификациялық кодтар дерекқорына (ИКД) енгізілген телефондар автоматты түрде "ақ тізімге" енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады", - дейді министрлік мамандары.
Ұялы телефонды тексеріп алу керек
24 наурыздан бастап арнайы қызмет іске қосылады. Соның негізінде мобильді құрылғыларды верификациялауға, яғни, барлық мәліметін тексеріп алуға болады. Арнайы жүйе келесі қажетті параметрлерді тексереді. Олар:
• IMEI-кодының түпнұсқалығы;
• IMEI-кодтың GSMA халықаралық базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде бар-жоғы;
• құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені.
Верификация нәтижесінде мобильді құрылғылар үш санатқа бөлінеді.
Үш тізім болады
Тексерістен өткен ұялы телефондар үш тізімге енгізіледі.
Ақ тізім – сәтті верификациядан өткен құрылғылар, олар ешқандай шектеусіз тіркеледі;
Сұр тізім – уақытша рұқсат етілген құрылғылар. Олардың иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауы тиіс;
Қара тізім – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.
Бұрыннан бар және ИКД базасына енгізілген мобильді телефондар автоматты түрде "ақ тізімге" енгізіледі және ешбір кедергісіз жұмыс істей береді.
Телефонды қай сайтта тексеру керек
2025 жылдың 24 наурызынан кейін телефон сатып алғысы келетін адамдар жаңа гаджеттің IMEI-кодын imei.rfs.gov.kz сайтынан тексере алады. Қазіргі кезде сайт жаңа ережелерге сәйкес жаңартылуда.
"Сұр тізімге" қойылатын талаптар
"Сұр тізімге" енген құрылғыны 30 күн бойы қолдануға мүмкіндік беріледі. Осы уақыт ішінде операторлар SMS хабарлама арқылы телефонды верификациядан өткізу қажеттілігі туралы ескертеді. Хабарламада арнайы анкетаға сілтеме беріледі, оны толтыру қажет.
Ал шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек.
"Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта хабарламадағы сілтеме арқылы анкетаны толтырып, растау процесін аяқтай алады", - дейді мамандар.
Жаңа ережені не үшін енгізді
Қазақстанда шамамен 3,7 миллион қайталанған IMEI-коды бар құрылғы тіркелген. Мұндай мобильді құрылғылар нарығы ұялы телефондардың заңды айналымын бақылауды қиындатып отыр. Ал жаңа ережелер тіркеу жүйесін одан әрі жақсартып, алаяқтықпен күресуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және мобильді құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.