Қосылған құн салығын алып тастаса, картоп арзандай ма - министр жауабы

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуҚоймадағы картоп
Қоймадағы картоп - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.02.2025
Жазылу
Министрдің сөзіне қарағанда, бағаға салық қана емес, басқа факторлар да әсер етеді
АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров заңды тұлғалар үшін қосылған құн салығын алып тастаған жағдайда картоп пен қиярдың бағасы қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде шаруа қожалықтары қосылған құн салығын төлемейді. Ал ауыл шаруашылығы тауарларын шығаратын заңды тұлғалар 30 проценттік құн салығын төлеп жүр. Үкімет оны да алып тастауды ұсынып отыр. Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, осы жеңілдіктің арқасында Қазақстанда өндірілген картоп, пияз, сәбіз, қияр, қырыққабат және тағы басқа тауарлар бәсекеге қазіргіден де қабілетті болады. Бірақ нақты арзандай ма, жоқ па, оны айтпады.
Бүгін журналистер үкімет отырысынан кейін осы мәселені ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан сұрады. Министрдің сөзіне қарағанда, бағаға салық қана емес, басқа факторлар да әсер етеді. Өнім алу үшін жұмсалатын тыңайтқыш, жанар-жағармай, тұқым және тағы басқа шығындар бар. Сосын әрбір фермер әртүрлі технологияларды қолданады. Делдалдар да аз емес
"Сондықтан баға төмендейді деп айта алмаймын. Бірақ сол деңгейде қалатын шығар", - деді Сапаров.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында заңды тұлғалар айтарлықтай көп емес.
"Бізде 300 мың шаруашылық тіркелген. Соның ішінде небәрі 18 мың заңды тұлға бар. Қалғаны – шаруа қожалықтары. Олардың бәрі онсыз да салықтан босатылған",- деді министр.
Айта кетері, үкімет қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін 16 процент деңгейінде бекітуді ұсынып отыр. Алайда кей салалар үшін 10 проценттік салық болады. Ауыл шаруашылығында қосылған құн салығын алып тастайды.
Үкімет жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеуді ұсынды - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2025
Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеуді ұсынды
Жаңалықтар
0