Тоқаев: Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек
Жазылу
Президент банктер бизнеске көмектесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс екенін айтты
АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тек бюджет қаржысымен экономиканы жаңғырту мүмкін емес, деп хабарлады Ақорда.
"Үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан "ұзақ мерзімге берілетін" қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет", - деді президент.
Мемлекет басшысы үімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айтқанын, кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтуын да жөнсіз деп санады.
"Бұл – қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола "дағдарысқа тап болдық" деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, банктер бизнеске көмектесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс", - деді Тоқаев.
Президент дегенмен реттеушілік шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келе жатқанын айтты.
"Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет", – деді Мемлекет басшысы.