Қазақстанда 2025 жылдан бастап не өзгереді

© Sputnik / Санат ИмангалиевАстана. Виды зимой
Астана. Виды зимой - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.01.2025
Жазылу
АСТАНА, 1 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда жаңа жылдан бастап біраз өзгеріс болады. Зейнетақы мен жәрдемақылар өседі. Салықтың мөлшері де артады. Ал баспана кезегі толығымен Отбасы банкіне ауыстырылады. Ипотекалық бағдарламалардың талаптары да өзгереді. Sputnik Қазақстан 2025 жылы болатын негізгі өзгерістерге шолу ұсынады.

Жәрдемақы мен зейнетақы өседі

Жаңа жылдан бастап барлық әлеуметтік төлемнің көлемі артады. Мәселен, зейнетақы төлемдерінің индексациясы жасалады. Зейнетақы 8,5 процентке өседі. 2025 жылы алатын зейнетақыны есептеу үшін қазіргі зейнетақыдан базалық және БЖЗҚ төлемдерін алып тастау керек, қалған соманы 8,5 процентке көбейтеді. Сонда әрбір адам өзінің зейнетақысы қаншаға өскенін біле алады.
2025 жылдағы негізгі көрсеткіштер:
ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңге;
ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге;
ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге.
Ал айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге дейін көтеріледі. Оны әлеуметтік төлемдерді есептегенде қолданады. Мәселен, бала туғанда берілетін жөргекпұлдың көлемі жаңа жылдан бастап 149 416 теңгеге дейін артады. Бала күтіміне берілетін жәрдемақылар да өседі.

Айыппұлдардың көлемі өседі

2025 жылы айлық есептік көрсеткіш көтерілгеннен кейін айыппұлдардың көлемі де артады. Себебі оны да АЕК-пен есептейді.
көлік рөліне жүргізу куәлігінсіз отырғаны үшін 5 АЕК – 19 660 теңге (2024 жылы - 18 460 теңге);
полицияға бағынбағаны үшін 40 АЕК - 157 280 теңге (2024 жылы - 147 680 теңге);
көлікпен жаяу жүргіншілер жолағымен жүргені үшін 15 АЕК – 58 980 теңге (2024 жылы - 55 380 теңге);
қоғамдық көліктің ақысын төлемегені үшін 2 АЕК – 7 864 теңге (2024 жылы - 7 384 теңге);
жалдамалы пәтерде тіркеуге тұрмағаны үшін 7 АЕК – 27 524 теңге (2024 жылы - 25 844 теңге),
ал үйдің иесіне 10 АЕК – 39 320 теңге (2024 жылы - 36 920 теңге);
темекі тұқылын терезеден немесе балконнан лақтырғаны үшін 5 АЕК – 19 660 теңге (2024 жылы - 18 460 теңге);
қоғамдық жерде балағат сөз айтқаны үшін 20 АЕК – 78 640 теңге (2024 жылы - 73 840 теңге);
тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК – 19 660 теңге (2024 жылы - 18 460 теңге);
көшені ластағаны үшін 10 АЕК – 39 320 теңге (2024 жылы - 36 920 теңге).

Отбасы банкі баспана кезегін жүргізеді

Биылдан бастап Отбасы банк ұлттық даму институты ретінде қызмет көрсетуге кірісті. Банк баспана кезегін жүргізіп қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын да атқарады. Ол үшін қаржы институты негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, оған баспана кезегі, яғни бірыңғай республикалық элеткронды база беріледі.
Сонымен қатар Отбасы банкі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады.
Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл, бірінші кезекте, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.
Ключи от квартиры - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.11.2024
Ұзақ уақыт кезекте тұрғандар баспанамен қамтылады: Тоқаев жаңа заңға қол қойды

Есепшотта кем дегенде 2 млн болуы қажет

Отбасы банкі жүргізетін "Наурыз" ипотекалық бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, бағдарламаға қатысушы салымшының есепшотында кем дегенде 1 млн теңге емес, 2 млн теңге болуы шарт. Осылайша, минималды жинақтың сомасы екі есеге артып отыр. Бұған дейін банк басшысы осы өзгерістің себебін түсіндірген болатын.
Бұдан бөлек, Баспана порталында дайын пәтерлерді ипотекаға рәсімдеуге мүмкіндік болады. Ал алғашқы жарна пәтер бағасының 10 процентін құрайды.

Салық мөлшері артады

2025 жылы салық заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Атап айтқанда, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың есебінен төленетін салықтардың мөлшері артады. Олар:
әлеуметтік аударымдар – 5 процент (2024 жылы 3,5 процент болған);
әлеуметтік салық – 11 процент (2024 жылы 9,5 процент болған);
жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы аударымдары – 2,5 процент (2024 жылы 1,5 процент болған);
жұмысшылардың міндетті зейнетақы аударымдары – 10,5 процент (2024 жылы 10 процент болған).

Базалық мөлшерлемеге қатысты шешімдер

Ұлттық банк 2025 жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер шығару кестесін бекітті. Жаңа жылда 8 шешім қабылдау жоспарланып отыр. Соның ішінде төртеуі болжамды раундтың нәтижелері негізінде қабылданатын болады.
2025 жылы базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер жарияланатын күндер:
17 қаңтар
7 наурыз
11 сәуір
5 маусым
11 шілде
29 тамыз
10 қазан
28 қараша
"Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер аптаның соңғы жұмыс күні Астана уақыты бойынша сағат 12:00-де жарияланады және келесі аптаның бірінші жұмыс күнінен бастап күшіне енеді", - дейді банк мамандары.

"Келешек" басталады

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда "Келешек" ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылады. Соның аясында балалардың оқуына ақша жинауға мүмкіндік болады. Оған қоса екі жақтан сыйақы төленеді.
Бағдарлама шарттары:
бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК (2025 жылы 230 920 теңге) түседі;
ата-ананның міндетті салымдары – ай сайын 1-3 АЕК (2025 жылы 3932 – 11 796 теңге);
мемлекеттің 7 процентке дейінгі сыйақысы;
банктердің сыйақысы;
бала 18 жасқа толғанда ұлттық қордан түсетін ақша.
"Келешекпен" жоғары білімге, колледж немесе магистратураға ақша жинауға болады. Ал бала грантқа түскен жағдайда оқуды бітіргеннен кейін дипломды көрсетіп, барлық ақшаны сыйақысымен бірге алып кете алады.

Мыңнан астам адам түрмеден шығады

2025 жылы есірткі жасырғаны үшін сотталған мыңнан астам адам мерзімінен бұрын бостандыққа өтініш бере алады. Себебі жаңадан қабылданған заңда "закладчиктердің" жазасы жеңілдетілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 1000-нан астам сотталған адамның мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға құқығы бар. Бірақ әрбір адамның ісі жеке қаралады.
Республика бойынша есірткі қылмыстары бойынша 4 мыңға жуық адам сотталды. Олардың ішінде 1 200-ден астамы есірткі жасырғаны үшін түрмеге тоғытылды.

Онлайн кредиттер үшін жаңа талап күшіне енеді

1 қаңтардан бастап онлайн кредит алу үшін биотметриялық верификациядан өту міндеті енгізіледі. Ал қарыз алу туралы келісімшартқа электронды-цифрлық қолтаңба қою қажет. Онсыз онлайн кредит берілмейді.
Айта кетері, бұған дейін жеке тұлғаларға жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салынған болатын. Бұдан бөлек, әрбір қазақстандық "электронды үкіметтің" веб-порталында және "eGov Mobile" мобильді қосымшасында өз атына кредит рәсімдеуге тыйым сала алады.
Мәдина Әбілқасымова - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.04.2023
Несиесін төлемей жүрген қазақстандықтарға онлайн кредит алуға тыйым салынады

Ауыл шаруашылығы санағы өтеді

Қазақстан үкіметі 2023 жылдың 29 желтоқсанында қабылдаған қаулыға сәйкес, келесі жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы өтеді.
Санақ 2025 жылдың 1 тамызы – 20 қазаны аралығында өтеді. Санақты жүргізген кезде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру арнайы құрылған комиссияға жүктеледі.
Айта кетейік, Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бір рет қана, 2006-2007 жылдары өткізілген.
Жаңалықтар
0