Процентсіз қарыздар: Қазақстанда ислам банкингі кеңейеді

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента
Знак процента - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.09.2024
Жазылу
АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда исламдық қаржыландыру жүйесіне сұраныс артып келеді. Бүгінде кейбір қалталы клиенттер де "процент" деген сөзден қашып, өз ақшасын халал жолмен көбейтуді қалайды.
Ал осы саладағы банктер бұрын минусқа жұмыс істесе, қазір плюсқа шыға бастады. Содан болар, алдағы уақытта дәстүрлі банктерге де исламдық қаржыландыру қызметтерін ұсынуға рұқсат беру жоспарланып отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі шариғатқа сай ақшаны қарызға берудің тиімділігін зерделеп шықты.

Халықтың санасына өзгертуге біраз ақша кетті

Қазіргі кезде исламдық қаржыландыру әлем бойынша 90 мемлекетте бар. Былтыр осы саланың үлесі 4,5 трлн долларға өсті. Осылайша, 7 жылдың ішінде ислам банкингіне сұраныс екі есеге артып отыр. 2027 жылға дейін бұл көрсеткіш 6,7 трлн АҚШ доларына жетеді деген болжам бар. Ал ислам банктері дәстүрлі қаржы ұйымдарымен бәсекеге түсе алатындай деңгейге жетті. Орталық Азияда ислам қаржысын пайдалану жағынан Қазақстан көш бастап тұр.
Оның үлесіне аймақтағы барлық қаражаттың 68 проценті келіп отыр. Қазақстанда исламдық қаржыландыру тетіктері алғаш рет 2009 жылы енгізілді. Сол кезде мурабаха, иджара, мушарака, мудараба, сукук және тағы басқа исламдық қаржы қызметтері заңды түрде бекітілген болатын. Бірақ соның барлығы бірден сұранысқа ие болған жоқ. Al Hilal Bank басқарма басшысының орынбасары Айдын Тайыровтың айтуынша, бұрын минусқа жұмыс істеуге тура келді.
"Себебі шенеуніктер мен бизнестің санасын өзгертуге біраз қаржы кетті. Дәл осы ағарту шаралары өз-өзін ақтады. Соңғы жылдары банк Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әріптестердің қолдауы арқасында кіріс көріп, жұмыс істеп жатыр", - деді Тайыров Алматыда өткен бизнес форумда.
Бүгінде Қазақстанда екі ислам банкі - Al Hilal Bank пен Zaman bank бар. Бұдан бөлек, "Kazakhstan Ijara Company" лизинг компаниясы жұмыс істейді. Ислам қағидаттары бойынша сақтандыру қызметін де алуға болады.

Шариғатта ақша қарызға қалай беріледі

Исламдық қаржыландыру жүйесінде процент пен өсімпұлға тыйым салынған. Ал барлық қызмет шариғатқа сай болуы шарт. Депозит пен ипотека да басқаша аталады. Негізгі қызметтер: Кард-әл-хасан – процентсіз қарыз. Ислам банкі ондай қарызды жеке немесе заңды тұлғаға белгілі бір уақытқа береді. Оның дәстүрлі кредиттен айырмашылығы сол, банк ешқандай процент алмайды, тек өз қызметі үшін ақы есептеп береді. Ал клиент өз еркімен үстінен қосылған ақшаны алғыс ретінде төлейді.
Иджара – исламдық лизинг. Дәстүрлі лизингте мүлікті қолданғаны үшін проценттік мөлшерлеме төленсе, иджарада мүлік уақытша пайдалануға беріледі. Ол үшін жалға алу төлемі ғана қарастырылған. Жалға алынған мүлікті жеке меншікке сатып алуға болады. Мурабаха – ислам ипотекасы. Оған сәйкес, банк пәтерді өз ақшасына сатып алады да, клиентке пайдалануға береді. Сол үшін алдын ала келісілген сыйақы алады. Оның мөлшері өзгермейді. Ал барлық қарыз жабылғаннан кейін баспана клиенттің атына аударылады.
Мудараба – ислам депозиті. Банк ондай депозиттегі ақшаны нақты бір жобаға немесе кәсіпорынға салады. Ал келісімшартта банк пен салымшы арасында табысты өзара бөлу тәртібі көрсетіледі. Мударабаның ақшасын тек халал, яғни, шариғатпен рұқсат етілген кәсіпке салуға рұқсат берілген.
Исламдық қаржыландыруда тыйым салынған кәсіптер:
алкоголь мен темекі өндірісі;
қару-жарақ саудасы;
шошқа етін өңдеу;
құмар ойындар, лотереялар;
ойын-сауық индустриясы (ересек адамдарға қатысты);
Бұдан бөлек, исламдық қаржы тек нақты өнімдерге, яғни, қолмен ұстап көруге болатын тауарларға ғана салынады. Сондықтан криптовалюта, фьючерстер мен своп-айырбасқа тыйым салынған.

Қазақстандағы ислам банктері қандай қызмет ұсынады

Қазіргі кезде екі ислам банкі тек корпоративтік клиенттермен, яғни, заңды тұлғалармен немесе жеке кәсіпкерлермен жұмыс істейді. Ал ақшаның басым бөлігі көтерме және бөлшек саудаға (23 процент), өңдеуші өнеркәсіпке (17 процент) және құрылысқа (15 процент) салынады.
Бұрын Al Hilal Bank жеке тұлғаларға да қызмет көрсеткен. Мурабаха ипотекасы болды. Бірақ биылдан бастап оны жауып тастады. Ал мудараба бар. Ислам депозитін Zaman bank те ұсынады. Алайда қарапайым халық көбінесе тиімді ипотеканы іздейді. Оны құрылысшылар одағы да жақсы біледі. Сол себепті ислам ипотекасын кеңінен таратуды ұсынып отыр.
Мамандардың есебіне сәйкес, бүгінде 30-40 проценттік алғашқы жарнаны сала алатын адамдар аз емес. Бірақ олар ипотеканы әділ әрі өзара тиімді шарттармен алғанын қалайды. Ондай мүмкіндік болса, құрылыс саласына тағы 1 трлн теңге тартуға мүмкіндік бар екен. Алдағы уақытта халыққа ондай мүмкіндік берілуі әбден мүмкін.

Ислам банкингі дәстүрлі банктерде болады

Президент биылғы жолдауында банктер туралы жаңа заңды әзірлеуді тапсырды. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заңда исламдық қаржыландыру жүйесін ары қарай дамыту шараларына да басымдық беріледі.
"Қазіргі кезде исламдық қаржыландыруды белсенді пайдаланатын елдерде көп өзгеріс болып жатыр. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде дәстүрлі банктерге өз қызметін исламдық қаржыландырумен қатар жүргізуге рұқсат берілген. Ал бізде оны бөліп тастаған, дәстүрлі және ислам банкі бөлек жұмыс істеуі керек, лицензияны да бөлек алады. Біз де қазіргі өзгерістерді ескере отырып, дәстүрлі банктерге өз қызметін исламдық қаржыландырумен қатар жүргізуге мүмкіндік беру керек деп санаймыз", - деді Әбілқасымова журналистерге берген сұхбатында.
Қазақстанда исламдық қаржыландыруға деген сұраныс уақыт өткен сайын арта береді. Оны сауалнамалар да растап отыр. Қазіргі кезде біреулер исламдық банкинг туралы көп біле бермейді, енді біреулер әзірше сенімсіздікпен қарайды. Дегенмен қаржыгерлер исламдық қаржыландырудың болашағы зор деп санайды. Себебі өзара тиімді шарттар белгіленген, екі жақ кіріс пен шығысты өзара бөлісіп отырады. Бұдан бөлек, алып-сатарлыққа тыйым салынған.
Ал қарыз алушының қаржылық жағдайын нашарлатуға болмайды. Жасырын төлемдерге де жол берілмейді. Бұның барлығы әділ әрі тұрақты қаржыландырудың айқын мысалы.
Жол құрылысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.06.2024
Ислам даму банкі Қазақстандағы су қоймалары мен жолдарға қаржы бөледі
Жаңалықтар
0