Жыныстық құлдық құрбандары: заң қылмыспен күресуге қаншалықты қауқарлы

© AP Photo / Marcelo RuizСилуэт женщины, архивное фото
Силуэт женщины, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.09.2024
Жазылу
АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. Қазақстанда сексуалды құлдыққа қатысты биыл жеті айда 10 қылмыстық іс қозғалған. Балалар құқын қорғаушылар бұл проблеманы жабулы қазан астында ұстамай, жазаны қатаңдату керек дейді.

Жезөкше қызметіне жүгінген ер адамдар да жазалану керек

“Немолчи” қоғамдық қорының төрағасы Дина Таңсәрінің айтуынша, мемлекет сексуалдық жағдайға тап болған балаларға қатысты заң қабылдау керек. Тек жеңгетайларды ғана емес, сондай қатынасқа ақша төлеп, қызметін көретін ер адамдарды да жазалау керек дейді ол.
“Мысалы Қызылордада сексуалдық құлдыққа тап болған жасөспірімге келген клиенттер “сен шынымен кәмелетке толғансың ба?” деп сұрайтын болған. Демек ер адамдардың барлығы оның бала екенін білген, өйткені шын мәнінде жасөспірім бойжеткенге еш ұқсамайды. Біле тұра, сезе тұра өз қажеттелікітерін алып кете берген. Келген ер адамдардың бір де бірі дабыл қақпаған, сұрастырмаған, білмеген. Жезөкшелердің қызметіне жүгінетіндерді де жазалау керек, өйткені жазасыз құтылғандардың барлығы бұл әрекеттерін ары қарай жалғасытра береді”, - дейді Дина Таңсәрі.

Балалар жеңгетай болып жатыр

Оның айтуынша, Қызылордадағы сексуалды құлдыққа түскен қыздың кәмелет жасына толмағанын және сонда ер адамдарға “қызмет” көрсететінін сауна қожайындары да білген.
“Сауна қожайындары бұл қыздың бала екенін білген. Ең қорқыныштысы бұл сексуалды құлдықты жасөспірімдер ұйымдастырған. Негізі күдікті деп 9 адам ұсталған, біреуі сауна қожайыны, ол үй қамақта отыр. Қалған 8 адамның бесеуі – қылмысты ұйымдастырған кәмелетке толмаған жасөпірімдер, яғни балалар. Қысқасы, балалар жеңгетай болып жатыр, бұдан артық сұмдық бар ма? Саунаның қожайындарына барып, “тауар” барын айтып, келісімге келіп жүрген қаршадай балалар", - дейді қоғам белсендісі.

Бұл – жүйе болып қалыптасқан қылмыс

Қоғамда резонанс тудырған Қызылордадағы сексуалдық құлдық талай қылмыстың бетін ашқан.
"Қыздың анасының айтуынша, қылмыстық топ жәбірленушіні өзі сияқты басқа қыздарды табуға мәжбүрлеген. Яғни біртіндеп притон жасамақ болған. Бір адамнан түскен ақша аздық етіп, одан да көбірек таппақ болған. Бұл бір Қазақстан емес, барлық мемлекеттерде белең алған жағдай. Таяуда Қырғызстанда да 15 жастағы қызды сексуалдық құлдықта ұстаған қылмыстық топ ұсталды. Олардың да қылмыстық схемасы Қызылордада болған оиқғаға өте ұқсас. Қорқытқан, ұрған. Клиенттерді қабылдау уақыты да бар, мұндай притондарға келетін ер адамдар да қай уақытта жезөкшелік қызмет басталатынын да жақсы біледі. Күндізгі сағат 15:00-ден келесі күні таңға 10:00-ге дейін қызмет көрсеткен. Яғни бұл жүйе болып қалыптасқан қылмыс", - дейді Таңсәрі.

Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген адамды 14 жылдан соң тапқан

Қоғамдық қор төрағасының айтуынша, бұндай жағдайлар таяуда емес, талай жылдан бері келе жатқан, бірақ дұрыстап беті ашылмаған қылмыстар.
"Жақында біздің көмегімізге бір әйел жүгінді. Бұл кісі осыдан біраз жыл бұрын да бізге шағым айтып еді, Шымкентте 9 жастағы жеткіншекті 14 жыл бұрын зорлап кеткен. Баланы аяусыз жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген, жаны әрең аман қалған. Сол күйі қылмыс ашылмаған, іс жабылған. 14 жылдан кейін жәбірленген қыз күдіктіні танып қойған. Қылмыскерді түрмеге отырғызуға көмектесіңіздер деп анасы хабарласты. Демек мұндай қылмыстар ашылмайды, ашылса да қылмыскер лайықты жазасын алмайды", - дейді ол.

Жеңгетайлар жасөспірімнің сеніміне кіріп алады

Секуалдық құлдыққа материалдық жағдайы аз қамтылған отбасылардың балалары жиі түседі дейді қоғам белсендісі.
"Тағы бір кейіпкеріміз Біріккен Араб Әмірлігінде сексуалдық құлдыққа түскен. 17 жастағы қыз даяшы болып жұмыс істеген. Бала 17 жасында жұмысқа шықса демек отбасының материалдық жағдайы төмен деп есептейді. Қылмыстық топ сондай ай балалардың сеніміне кіреді. Бұл кейіпкерге де жеңгетай қамқор болғансып, үйіне қондырып, әбден сеніміне кіріп алады. Сөйтіп оған Араб Әмірлігінде қонақ үйде клининктік жұмыс істеуге үгіттеп, сол жақа жібереді. 17 жастағы жасөспірім әуежайдан түскеннен күні-ақ сексуалдық құлдыққа түседі", - дейді Таңсәрі.
Біріккен Араб әмірлігінде 8 ай жезөкшелікпен айналысқан қыз ебін тауып елге қашып келеді. Неше түрлі инфекциялық аурулар жұқтырып, денсаулығынан да айрылады.
"Жеті айлық аяғы ауыр болған. Туыстары, анасы құрсақтағы баладан бас тартуға үгіттеген. Туыстарының бәрі оны жезөкшелікпен айналысты деп есептеген, бірақ ол сексуалды құлдықта болған. Бар туысы одан бас тартып, ешкім полицияға барып шағымданбаған. Қазір бұл қыз біраз жасқа келді, өзінің бойжеткен қызы бар. Ең сорақысы сол, қызды кезінде сексуалдық құлдыққа жіберген әйел әлі бостандықта жүр, ал оның қаншама қыздың сорына солай қалмағанына кім кепіл? Жәбірленуші әйел бір де бір рет ол туралы бізге ақпарат бермей келеді, өйткені өте қорқады, әлі күнге үрей. Бұл жәбірленушінің де, Қызылордадағы жасөспірім қыздың да айтатыны "бізді өлтіреді, ерте, ме кеш пе, түбімізге жетеді, олардың қандай жауыз екенін білмейсіңдер", міне күніне бірнеше рет айтатыны осы сөз. Өйткені олардың миына, санасына соншалықты құйып тастаған", - дейді "Немолчи" қоғамдық қорының төрағасы.

"Мектеп бәрін жасырады"

Баланың тәртібі нашар, айналасына қауіп төндіретінін біле тұрса да мектеп біткен жасырады, дейді ол.
"Алматы қаласында жасөспірім қыз үшінші қабаттан секіріп кетті. Оны да осындай қылмыстық топ сексуалдық құлдыққа түсірмек болған. Ал сол Айка, Жансая есімді қыздар туралы мектептің де пікірі нашар, әбден мезі еткен, тезірек мектепті бітіріп кетсе екен деп құтылғанша асық болған. Бірақ құзырлы мекемелерге шағымданып, баланы арнайы мектепке орналастыру туралы айтпаған. Өйткені өздерінің атына кір келеді деп тайсалады. Салдарынан кішкентай қылмыскерлерді тәрбиелеп жатыр", - дейді Дина Таңсәрі.

"Жаза күшеймесе кішкентай қылмыскерді түзеу қиын"

Еске сала кетейік, Өскеменде лицей оқушыларының әлімжеттігі де қоғамда резонанс тудырды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған қалалық білім бөлімі кадр бөлімінің басшысының қызы.
"Өскемендегі атышулы оқиғаға қатысты 14 адамның қатысы бары анықталғанмен небәрі үшеуі ғана жазаланды. Біз бар күшімізді салып түзеу мекемесіне жаптық, олар қайтадан бостандыққа шықты. Сотталғандардың бірінде спорттық разряды болған. Ондай адамдар түзеу мекемелерінде де дес бермейді, одан ары ушығып, "авторитет" жинап шығады. Ондай қылмыстық авториттерге түрмеге түсудің өзі пайдалы, өйткені ол жақта да өзіндік заңы мен мен қаржы айналымы бар", - дейді "Немолчи" қоғамдық қорының төрағасы Дина Таңсәрі.

7 айда 10 қылмыстық іс

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 7 айда сексуалдық құлдыққа қатысты 10 қылмыстық іс тіркелгенін айтады.
“Жалпы балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жылына 900-дей қылмыс жасалады. Оның ішінде ҚР ҚК “Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту” атты 134-бабы бойынша 2024 жылдың 7 айында 10 қылмыстық іс қозғалды”, - дейді ол.
Зәкиеваның айтуынша, бұл мәселені түпкілікті жою үшін 3 нәрсе маңызды - анықтау, профилактика, көмек шаралары.

Мемлекет қандай шара қабылдады?

Кез келген бала немесе ересек адам психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек ала алатындай 111 мемлекеттік байланыс орталығы ашылған.
“Қылмыстарды тергеу кезінде 60% жағдайда баламен, отбасында не болып жатқанын естіген немесе білген, бірақ хабарлауға қорыққан не араласқысы келмеген адамдардың болғаны анықталады. Әрине, жағдайлар мен хабарламалардың бәрін мемлекеттік органдар тексереді”, - дейді Динара Зәкиева.
Екіншіден, оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг және суицидтік көңіл-к үйдің алдын алу, анықтау және жою мақсатында әр облыста Балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтары ашылып жатыр.
“Үшіншіден, отбасыларға көмек ұйымдастыру, оларды қиын жағдайдан шығару функциясын әлеуметтік басқармаға енгіздік, себебі бұрын әкімдіктерде бұл функцияға жауапты басқарма болған жоқ. Қиын жағдайда тұратын отбасыларды, зорлық-зомбылықты анықтау үшін жедел әрекет ету топтарына қатысты түзетулер көздедік. Ең маңыздысы - әр ауданда отбасын қолдау орталықтарының ашылуы”, - дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Көмек көрсету осы отбасын қолдау орталықтары арқылы жүргізіледі.
Бұл нормалар 2 жылда толықтай енгізіледі. Ал психологиялық қолдау орталықтары барлық жерде ашылып қойды, осы биылдан бастап жұмыс істей бастайды. Төртіншіден, осы оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде 10 минуттық қауіпсіздік сабақтары өтеді. Олардың мақсаты – оқушылардың әртүрлі қауіпті жағдайларда қалай әрекет етуді үйрету.
“1 жыл бойы біз балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және өркен институтымен бірлесіп сабақтардың бағдарламасын әзірледік. Сабақтар көшеде, үйде, мектепте және әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік шараларын қамтиды. Сонымен қатар жедел қызметтер мен 111 мемлекеттік байланыс орталығының нөмірлері туралы айтылады. 8-сыныптан бастап балаларға қылмыс жасау үшін қандай жауапкершілік көзделетіні түсіндіріледі”, - дейді Зәкиева.
Жаңалықтар
0