"Қызымды жыныстық құлдықта ұстады": қызылордалық ана оқиғаның мән-жайын айтты
© AP Photo / Marcelo RuizСилуэт женщины, архивное фото
© AP Photo / Marcelo Ruiz
Жазылу
АЛМАТЫ, 14 шілде – Sputnik. Қызылордада жыныстық құлдыққа ұшыраған жасөспірімнің ата-анасы оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқушының ата-анасының айтуынша, бұл жағдай 8 ай бұрын басталған.
"Менің қызымды 8 ай жезөкшелікте ұстаған. Бұл қадамға итермелеген кішкентайынан бірге өскен дос қызы. Бірге биге қатысқан, бірге жүрген. Ол қыз біздікіне қонып тұратын, кейін біздің қыз да ол үйге қонып жүрді. 4 қаңтарда дос қызы өзінің туысқан ағасы және апайымен қызымды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген", - дейді жәбірленушінің анасы баспасөз мәслихатында.
Айтуларынша, қызды жалаңаш күйде видеоға түсіріп, "Қыздарнет" деген желіге тіркеген.
"Телефонын тартып алып, әлеуметтік желіге тіркеген. Қызымды жалаңаш күйінде видеоға түсірген, сонымен қорқытқан. 4 ақпаннан бастап қызыма "Қыздарнеттен" қоңырау түсе бастаған. Сөйтіп қызым қорыққанынан клиенттерге қызмет ете бастаған. Әр сағат сайын тапқан ақшасын жаңағы дос қызы мен туыстарына жіберіп отырған. Егер ақша 5 минутқа кешігіп түссе қызымды ұрған", - дейді анасы.
Оқушы түнімен клиент қабылдап, тіпті сабаққа да баруды қойған. Барса да толық қатыспаған. Сабаққа баруы сирегендіктен, анасы мұғалімдерден көмек сұрапты. Бірақ қызының немен айналысып жүрргенін білмеген.
"Наурыз айынан бастап мектепке барып, мектептегілерге өтініш те айтым. Қызыммен сөйлесіп көрсе дедім. Мектептегілер 3-4 ай шыдаңыз, сосын басқа мектепке ауыстырасыз деді. Онымен қоймай, егер шулатсаңыз ата-ана құқынан айырады, арнайы мектепке алып кетеді қызыңды деп мені қорқытты. Қызым сабаққа толық қатыспаған да. Қысқасы мектептен еш көмек ала алмадым, керісінше өзіме шүйлігіп бақты", - дейді жәбірленушінің анасы.
Оның айтуынша, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полициядан да көмек сұраған. Олар да сол арнайы мектеппен қорқытты дейді.
Баспасөз конференциясында жәбірленушінің туыстары қалалық полицияға бірнеше рет шағымданғанымен, арыздарын қабылдамағанын айтты.
"Қызымды қинаған, ұрған, күйдірген. Психикасы бұзылған. 6 тамызда қызымды үйге алып келді, оның үйге аман келуіне инстаграмдағы танысы көмектескен. Оған дейін үйден кетіп қалып, артынан көп іздедік. Түрінен түр жоқ. Көптеген адам онымен жыныстық қатынаста болған. Қонақ үй, саунаға апарған. Полицияға барып шағымданып едік, арызымызды алмады", - дейді туыстары.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, күдікті жасөспірімдер ұсталып, қайта босатылған. Үй қамақта отыр. Олар әу баста істеген істерін мойындаған, кейін сөздерінен тайқып шыққан.
"Қызым қазір "енді мені өлтіреді, біттім" деп қорқумен жүр. Барлық қылмыстық жүйеге жалғыз өзім қарсы тұруға мәжбүрмін. Аймақтағы құзырлы органдар да бәрі маған қарсы. Біз кәсіби заңгер, кәсіби психолог сұрап арыз жаздық, медициналық көмек сұрадық. Ешқайсысы жүзеге асқан жоқ", - дейді жәбірленушінің анасы.
Анасының айтуынша, ақпан айында жасөспірім үйден түнделетіп шығып кетіп жүрген. Бірте-бірте ертерек кетіп қалып, таңертең келуді әдет қылған. Ал мамыр айынан бастап үйге келуді мүлдем қойған. Оқушының анасы осы уақыт бойы қызын қорқытып ұстады деп күдіктенеді.
"Кешке шығып кетіп жоғалып кететін. Артынан іздейтінбіз, таңертең келіп мектепке баратын. Наурыз бен сәуір айларында үйге келіп жүрген. Мамыр айынан бастап үйге келуді мүлдем қойды. Артынан іздегенімізбен пайда болмады. Телефоннан бізге дөрекілік танытып, тіпті мазаламауымызды сұрады. Бұны қызым істеген жоқ, жаңағы күдіктілер мәжбүрледі", - дейді да оқушының анасы.
Полицияның айтуынша, әлеуметтік желіде мән-жайды анықтамастан, ақпараттың шынайлығына көз жеткізбестен жалған ақпарат тарап жатыр.
“Әлеуметтік желіде "қылмыстық топ сыныптасын жезөкшелікке мәжбүрлеген" деген тақырыпта және осы істің айналасындағы жағдай бойынша көптеген шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпарат тарап жатыр”, - дейді облыстық полиция департаменті.
Қылмыстық іс тіркеліп, кәмелетке толмаған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу соты күдіктілерге қатысты "үйқамақ" бұлтартпау шарасын қолданған.
“Жәбірленуші тарап 6 ай көлемінде құқық қорғау органдарына шағымданбаған. Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар жасалып, істің мән-жайы жан-жақты, толық және объективті түрде тергеу жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының орындамауына байланысты күдіктілердің ата-аналарына қатысты қылмыстық іс тіркелді”, - дейді ведомстводағылар.
Полицияның айтуынша, жалған ақпарат таратқандар да қылмыстық жауапқа тартылады.
“Әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпарат таралуына байланысты полиция органы қылмыстық іс тіркеді, қазіргі таңда күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел жұмыстар жүріп жатыр”, - дейді полиция.
Қызылорда облысының полиция департаменті ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды.