31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
© Сергей Пятаков
/ Жазылу
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліміне сәйкес, 1921-1954 жылдары "халық жауларын анықтау" саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды
АСТАНА, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстанда 1997 жылдан бері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Ресми мәліметке сәйкес, 1921-1954 жылдары "халық жауларын анықтау" саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді. Бұдан бөлек, миллиондаған адам ашаршылықтың құрбаны болды. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тұтас халықтар қудалауға түсті.
3,7 миллион адам сотталды
Тарихтың қаралы беттерінің бірі - саяси қуғын-сүргін. Оған Кеңес Одағына мүше болған барлық елдің азаматтары ұшырады. 1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде 642 мың адамға қатаң жаза жарияланды.
Осы жылдары Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Мағазы Масанчи, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов, Жаһанша Досмұханбетов және басқа көрнекті қайраткерлер ату жазасына кесілді.
Қазақстан аумағында лагерлер мен қамау орындары бас басқармасы жүйесінің (ГУЛАГ) 11 мекемесі жұмыс істеді: Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған лагері, Петропавл лагері, Кеңгір және Өскемен лагері.
Ашаршылық құрбандары
31 мамырда ашаршылықтан қаза тапқандарды да еске алады. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды нәубеттен әсіресе қазақ халқы қатты зардап шекті.
"Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деген ұжымдастыру ұранының салдарынан республикада 40 миллионнан астам бас мал қырылды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Кейбір деректер бойынша ең кемі 2 млн адам аштықтан ажал құшқан. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті.
Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары ғана әрең қол жеткізді.
100 мың адам сотталды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 1921-1954 жылдары "халық жауларын анықтау" саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.
Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг пен Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп. 1930-1940 жылдары миллиондаған кеңес азаматы Қазақстанға депортацияланды.
1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзербайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге неміс, грек, шешен, ингуш, қарашай, балқар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың жалпы саны - 1 миллион 200 мыңның шамасында.
Ақтау жұмысы басталды
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс басталды. Тәуелсіз республикада қабылданған алғашқы заңдардың бірі - 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң.
2020 жылы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия мұрағаттық зерттеулер жүргізеді. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргінге қатысты барлық тарихи материалды сақтаудың бірыңғай мемлекеттік қоры құрыла бастады.
Былтыр әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша 31 томдық құжат жарыққа шықты.
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адам ақталды.
Қазақстанда 1929-1956 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 2,4 миллионнан астам мұрағат карточкалары құпиясыздандырылды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қандай жеңілдік жасалады
2023 жылғы 1 шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны Әлеуметтік кодекс шеңберінде арттырылған жаңа 1,23 АЕК (2023 жылы – 4 244 теңге) мөлшерде алады.
Ақталған азаматтардың, сондай-ақ мүгедектігі бар немесе зейнетке шыққан, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған адамдардың мынадай құқықтары бар:
бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақыты үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін еңбек өтілі ретінде есептеледі;
өздеріне ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
телефондарды бірінші кезекте орнату;
Қазақстан заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, мемлекет тарапынан толық қамтамасыз ету;
протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алу.
Бұдан басқа, әкімдіктер саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстан заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджет есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.