Сергеев су қоймасы 50 жылда алғаш рет қауіпті деңгейге көтерілді

© Пресс-служба акима Северо-Казахстанской областиСергеевское водохранилище в СКО
Сергеевское водохранилище в СКО - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.04.2024
Жазылу
Қазгидромет болжамына сәйкес, биылғы 6-12 сәуір аралығында күннің күрт жылынып, қар еруіне байланысты келетін су көлемі 2400-ден 3600 млн м3/с-қа дейін ұлғаюы мүмкін
АСТАНА, 8 сәуір - Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің жайылмасын тікұшақпен айналып өтіп, Сергеев су қоймасындағы жағдайды тексерді.
Сондай-ақ Есіл өзені арнасынан асқан жағдайда су басудың алдын алу және залалды азайту үшін Петропавл қаласының маңындағы бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар тексерілетін болады.
Үкімет басшысына Сергеев су торабы қазіргі уақытта қуатының шегінде жұмыс істеп жатқаны баяндалды.
"8 сәуірдегі жағдай бойынша 6017 м3/с деңгейінде су келуі тіркелді, оны жіберу 4720 м3/с деңгейінде жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Сергеев су қоймасы пайдалануға берілген 1969 жылдан бастап судың максималды шығыны 3600 м3/с деңгейінде болған. Осылайша, қазіргі су қоймасының толуы соңғы 50 жылда алғаш рет орын алып отыр және алдыңғы максималды көрсеткіштерден 2 есе дерлік асады", - делінген үкімет хабарламасында.
Қазгидромет болжамына сәйкес, биылғы 6-12 сәуір аралығында күннің күрт жылынып, қар еруіне байланысты келетін су көлемі 2400-ден 3600 млн м3/с-қа дейін ұлғаюы мүмкін.
Осыған байланысты су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу әрі ғимараттардың қирауына жол бермеу үшін Олжас Бектеновтің тапсырмасымен ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлері бригадаларының 300 әскери қызметкері Астана қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына аттанды.
Өңірде тасқын жағдай күрделі болып барады - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
Ұлттық ұлан академиясынан 400 курсант және Ұлттық ұланның "Орталық" өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімінің 300-ден астам қызметкері тартылды.
Бұл ретте өңірге көмек көрсету үшін тартылатын әскерилер санын одан әрі ұлғайту жөнінде команда берілді. Айта кету керек, қазіргі уақытта қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов — Қостанай облысында.
"Президент су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды. Біз Солтүстік Қазақстан облысының өзіне Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның мыңға жуық қызметкерін жұмылдырдық. Міндетіміз — Есіл өзені арнасынан асып кеткен кезде үлкен зардаптардың алдын алу. Мұндай ауқымдағы су көлемі Сергеев су қоймасының бүкіл тарихында алғаш рет орын алуда", — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша бірінші вице-премьер Роман Скляр СҚО-ның құрылыс және жол-құрылыс компанияларының басшыларын су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмек көрсетуге шақырған еді.
Су тасқынына дайындық жұмыстары - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.03.2024
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр
Жаңалықтар
0