"9-20-19" ипотекасы баспана бағасына қалай әсер етеді

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2024
Жазылу
Сарапшылар жаңа бағдарлама баспананың бағасына қатты әсер етпейді деп санайды
АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Қазақстанда 1 наурыздан жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Оның аясында жыл сайын мыңдаған қазақстандық баспананы кредитке рәсімдей алады. Бірақ 9 проценттік ипотекадан кейін үй бағасы көтерілуі мүмкін деген қауіп бар. Sputnik Қазақстан тілшісі жылжымайтын мүлік саласының сарапшыларынан жаңа бағдарламаның баспана бағасына қалай әсер етінін сұрады.

"Отаудың" үлесі көп емес

Отбасы банк арқылы берілетін жеңілдетілген ипотека "Отау" бағдарламасы деп аталады. Оны 9 процентпен 19 жылға дейін рәсімдеуге болады. Бірақ 20 проценттік алғашқы жарнаны салу қажет. Жаңа бағдарламаға жыл сайын 150 млрд теңге бөлінеді. Осылайша, 7 жылдың ішінде 50 мың адам баспаналы болады деген жоспар бар.
Қазақстан риэлторлары қауымдастығының вице-президенті Елена Гриваның айтуынша, жеті жылда 50 мың адамға жеңілдетілген ипотека берілсе, осы бағдарламамен бір жылда 8 мың пәтер сатып алынады.
"Бұл көп емес. Себебі бүгінде республика бойынша бір айда 30-37 мың пәтер сатылса, бір жылда шамамен 360 мың мәміле жасалады. Ал "Отау" бағдарламасының үлесі көп болмайды, бір жылда 10 мың мәмілеге де жетпейді", - деді Грива Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, жаңа бағдарламаның бірқатар шектеуі бар. Мәселен, Алматы, Астана мен облыс орталықтарында тек жаңадан салынған үйден ғана баспана алуға болады. Қолданыстағы пәтерлерді рәсімдеуге рұқсат жоқ. Оған қоса, ипотеканың шекті сомасы да бар. Астана мен Алматыда – 30 млн теңге, ал басқа аймақтарда – 18 млн теңге.
"Меніңше, осы факторларды алсақ та, жаңа бағдарламаны іске қосқаннан кейін баспана бағасы көтерілмейді деуге негіз бар. Жылжымайтын мүлік бағасына басқа факторлар әсер етеді. Бәлкім, жаңа бағдарламалар болады. Бірақ дәл осы "9-20-19"-дан кейін баспана бағасы көтерілмейді деп ойлаймын. Иә, біреулер бағаны көтеруі мүмкін. Бірақ жалпы нарыққа қатты әсер етпейді", - деп атап көрсетті Грива.

Ипотеканың жартысы жастарға беріледі

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов те жаңа бағдарлама баспананың бағасына қатты әсер етпейді деп санайды.
"Бұл бағдарлама нарықтағы белсенділікті күшейтеді, бірақ баспана бағасына әсер етпейді. Қазіргі кезде үйдің бағасы керісінше төмендеп жатыр. Біздің болжамымыз бойынша осы үрдіс сақталады. Ал "9-20-19" бағдарламасы іске қосылғаннан кейін баспананы сатып алу-сату мәмілелері көбейеді. Бірақ айтарлықтай өзгеріс болмайды. Себебі осы бағдарламаға бөлінген қаржының көлемі шектеулі, жыл сайын берілетін ипотекалық қарыздардың саны да көп емес", - дейді Мүсірепов.
Осы орайда сарапшы тағы бір мәселені ерекше атап өтті. "Отау" бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастарға және жас отбасыларға басымдық беріледі. Ипотеканың жартысынан көбі 35 жасқа дейінгі азаматтарға бөлінеді. Олардың барлығы Отбасы банкінің салымшылары болуы шарт.
"Бұл ипотека ірі қалаларда тек жаңадан салынған үйлерге беріледі. Ал басқа елді мекендерде қолданыстағы баспананы сатып алуға болады. Осының бәрі қалай іске асатынын көреміз", - деді Мүсірепов.
Сарапшылардың айтуынша, баспананың қымбаттауына басқа факторлар әсер етеді.
"Әдетте халықтың табысы артқанда жылжымайтын мүліктің бағасы көтеріледі. Сосын кредиттер қолжетімді болғанда үйдің бағасы өседі. Қазіргі кезде базалық мөлшерлеме бірте-бірте төмендеп келеді. Банктер де кредиттердің мөлшерлемесін азайтса, баспана бағасы өсуі мүмкін", - дейді Елена Грива.

Банк бағаны ұстап тұрады

Отбасы банк те жаңа бағдарлама аясында сатып алынатын баспананың бағасын ұстап тұрады. Ипотека алатын адам пәтерді Баспана маркет (otbasybank.kz) порталынан ғана сатып ала алады.
"Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуына орай тұрғын үй бағасын жасанды өсіруге жол бермеуге арналған. Әрбір нысан аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын тұрғын үйдің қазіргі нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтеді. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады", - делінген банктің ресми хабарламасында.
Ал ипотека алатын адамдардың тізімі банктің ресми сайтында жарияланады. Сол жерде өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерімен де танысуға мүмкіндік болады.

Бағдарламаның негізгі шарттары

"Отау" бағдарламасына Отбасы банк салымшылары, соның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Негізгі талаптар:
үміткердің жинақ шотының мерзімі кем дегенде 18 ай болуы;
депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы;
қатысушының жасы 18-ден 63 жасқа дейін;
үміткер мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүліктің болмауы.
Ұпайларды есептеу тәртібі:
салым бойынша сыйақы мөлшері үшін - әрбір 1 000 теңгеге 5 балл;
салым мерзімі үшін – салымның әрбір жылы үшін 5 балл;
тіркелген неке үшін – 10 балл;
бала болғаны үшін – санына қарамастан 50 балл.
Екі үміткердің ұпай саны бірдей болып қалса, онда салым сомасы көп және ақшаны ұзақ жинаған адамдарға басымдық беріледі.
Ключи от квартиры - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.02.2024
2024 жылы қандай тиімді ипотекалық бағдарлама арқылы үй алуға болады
Жаңалықтар
0