2024 жылы қандай тиімді ипотекалық бағдарлама арқылы үй алуға болады

© Sputnik / Нина Зотина / Медиабанкке өтуКлючи от квартиры
Ключи от квартиры - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.02.2024
Жазылу
Бүгінде банктер ұсынатын ипотекаға тікелей құрылыс компанияларынан және қолданыстағы тұрғын үйлерден баспана сатып алуға болады
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Қазақстандағы ипотека нарығында біраз өзгеріс болды. Былтыр "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын жауып тастады. Оның орнына тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске қосылды. Соның аясында әлеуметтік ипотека жаңа әдіспен беріле бастады. Ал келесі айда тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Sputnik Қазақстан 2024 жылы баспананы тиімді ипотеканы рәсімдеу шарттарын зерделеп шықты.

Банктердің ипотекасы тиімді ме

Бүгінде банктер ұсынатын ипотекаға тікелей құрылыс компанияларынан және қолданыстағы тұрғын үйлерден баспана сатып алуға болады. Ал ондай ипотеканың жылдық пайыздық мөлшерлемесі 18 проценттен басталады. Бұдан бөлек, қарызды рәсімдеу үшін комиссия да алуы мүмкін.
Бастапқы жарнасыз ипотека алу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қою керек. Басқа біреудің атындағы пәтер немесе жеке үй де кепілзатқа қабылдана береді. Сосын үйдің локациясына шектеу жоқ. Мәселен, ипотека Астанадағы пәтерге рәсімделсе, кепілзатқа Қазақстанның басқа аймағындағы баспананы ұсынуға болады. Бірақ үйдің бағасы ипотека сомасының 20 процентінен кем болмауы керек.
Ипотеканың шекті сомасы 100 миллион теңгеге дейін барады. Ал мөлшерлемесі ипотеканың мерзіміне қарай есептеледі. Ипотека ұзақ уақытқа рәсімделсе, мөлшерлемесі жоғары болады. Бірақ қарыз алушының жасы 60-тан аспауы шарт.

Құрылыс компанияларының ұсынысы қандай

Қазіргі кезде құрылыс компаниялары да салынып жатқан және дайын тұрғын үйлерден пәтерді сан алуан шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, Астанада кейбір ірі компаниялар 20 проценттік алғашқы жарнамен үйді рәсімдейді. Ал қалған соманы 6-240 айда жабу керек. Төлемді жасау мерзімі ұзарған сайын проценттік мөлшерлеме өседі. Мәселен, салынып жатқан үйге қарыздың мөлшерлемесі 4,6 проценттен басталады.
12 ай – 4,6 процент;
13-24 ай - 11 процент;
25-36 ай – 14 процент;
37-60 ай – 16,5 процент;
61-120 ай – 18,5 процент;
121-180 ай – 19 процент;
181-19,5 ай – 19,5 процент;
Бірақ жылдық сыйақы мөлшерлемесі сәл жоғары болады. Кепілге сатып алынатын үйдің өзі қойылады.

7-20-25

Қазақстанда бір ғана жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бар. Ол – "7-20-25". Оған сәйкес, 7 проценттік кредитті 20 процент алғашқы жарнамен 25 жылға алуға болады.
Бағдарлама талаптары:
өтінім берген адамның басқа баспанасы болмауы керек;
ипотека тек жаңадан салынған үйлерге беріледі, құжаты да болуы шарт;
баспананың бағасы шекті сомадан аспауы тиіс (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау мен Шымкентте – 25 миллион теңге, Қарағанды мен Түркістанда – 20 миллион, басқа аймақтарда 15 миллион теңге);
7 проценттік ипотеканы бір рет қана алуға болады.
Былтырдан бастап бұл бағдарламаға тоқсан сайын 100 миллиард теңгеден бөлуге шешім қабылданды. Ал лимит тез таусылып қалады. Бірақ ұлттық банк өз шешімін өзгертпейді. Себебі бағдарламаның ақшасын бірден бөліп берсе, баспана нарығында сұраныс күрт көтеріледі. Салдарынан баға өсіп кетеді.

Қандай жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бар

Бүгінде жеңілдетілген ипотеканы тек Отбасы банкінде рәсімдеуге болады. Бірақ оны алу үшін тиісті шарттарды орындау керек.
Отбасы банкте бірнеше ипотекалық бағдарлама бар. Олар – "Өз үйім", "Ұмай". Өңірлік бағдарламалар да бар.
Мәселен, "Өз үйім" барлық салымшыға арналған. Онымен 3,5 проценттік ипотека алуға болады. Бірақ үш жылдың ішінде үйді сатып алуға қажетті қаражаттың 50 процентін жинау керек. Бұдан бөлек, арнайы бағалау жүйесі бар. Бағалау көрсеткіші жыл сайынғы сыйақы көлемімен есептеледі. Есепшотта неғұрлым көп ақша болса, көрсеткіш те соғұрлым жоғары болады. Талап бойынша бағалау көрсеткіші (ОП) 16 ұпай болуы қажет.
Дегенмен 20 проценттік бастапқы жарнаны салып, алдын ала займ алуға мүмкіндік бар. Қалған ақшаны банк береді. Бірақ несие мөлшерлемесі 7 процент болады. Бірден 50 процентін құйғанда аралық займ беріледі. Оның мөлшерлемесі де 7%. Бірақ үш жылдан кейін 5 процентке дейін түседі. Ипотека мерзімі: 6 ай – 25 жыл.

"Ұмай" ипотекасы

"Ұмай" ипотекалық бағдарламасы әйелдерге арналған. Онымен 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Негізгі шарттары:
Несие мөлшерлемесі - 13,5% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 14,5%-тен бастап), кейін 5%-ке дейін (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі - 5,2%-тен бастап) төмендетіледі;
Қарыз алу мерзімі - 6 ай - 25 жыл аралығы.
Тұрғын үй таңдау жағынан шектеу жоқ. Бірақ қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспауы керек. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 630 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, тұрғын үй 20 проценттік алғашқы жарнамен беріледі. Сондай-ақ, осы бағдарлама бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 миллион теңгеге дейінгі қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған.

Елорда жастарына арналған бағдарлама

Бүгінде астаналық жастарған арналған "Elorda Jastary" тұрғын үй бағдарламасы бар. Оған медицина, педагогика, мәдениет, әлеуметтік сала, коммуналдық кәсіпорындар, полиция, төтенше жағдай қызметі, журналистер, жаттықтырушылар мен спортшылар қатыса алады.
Бағдарлама қатысушысы "Отбасы банктің" салымшысы болуы тиіс. Ал есепшотында, кем дегенде, 1,8 миллион теңге болуы керек. 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда) азаматтардың құжаттары қабылданады.
Бағдарламасының негізгі шарттары:
Қарыз сомасы 18 млн теңгеге дейін;
Жылдық мөлшерлемесі - 5% ;
Бастапқы жарна 10%;
Несиелеу мерзімі 25 жылға дейін.
"ҚТК" АҚ кепілдігі болған жағдайда бастапқы/қайталама нарықтардағы пайдалануға берілген тұрғын үй не үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үйді рәсімдеуге рұқсат бар. Қазіргі кезде жұмыс істейтін жастарға арналған ипотекалық бағдарламалар басқа аймақтарда да қолға алынды.

9-20-25

Келесі айдан бастап Қазақстанда "9-20-25" ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Оны да Отбасы банкі арқылы рәсімдейді.
Осы бағдарламағы республикалық бюджет пен Отбасы банктен ақша бөлінеді. Соның аясында қазақстандықтар 9 процентпен 25 жылға жеңілдетілген ипотека рәсімдей алады. Бастапқы жарна – 20%.
Өтінім берушінің атында соңғы бес жылда үй болмауы шарт. Отбасы банкінің басшысы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, жұмыс істейтін жастарға басымдық беріледі. Ипотека дайын үйге және салынып жатқан пәтерлерге рәсімделеді. Жоспарға сәйкес, бір жылда 8 мың адам жаңа ипотеканы ала алады.

Кезекте тұрғандарға әлеуметтік ипотека қалай беріледі

Былтырдан бастап тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрған азаматтарға әлеуметтік ипотека жаңа әдіспен беріледі.
Әлеуметтік ипотеканың шарттары:
Алғашқы жарна - 10%;
Мөлшерлемесі – 2-5%;
Несие мерзімі - 20 жылға дейін.
2 проценттік ипотека бірнеше санатқа беріледі:
1.
I және II-ші топтағы мүгедектер;
2.
мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3.
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
4.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар.
Барлық санат бойынша кіріске шектеу қойылмайды. Кредиттің ең жоғарғы сомасы да шектелмейді. Әлеуметтік пәтердің максималды ауданы 80 шаршы метрден аспауы керек.
Мемлекеттік бағдарламаға қатысу туралы өтінім otbasybank.kz порталында әрбір адамның тұрғылықты жері бойынша ғана қабылданады.

Үй алуға ақшасы жоқ адамдар не істейді

Бүгінде әкімдіктің баспана кезегінде тұрғандарға жалдамалы пәтерлер беріледі. Ондай баспананың ай сайынғы төлемі көп емес. Пәтерді жалға алған адам коммуналдық шығындарды да төлейді.
Бүгінде жалдамалы үйге қатысты тағы бір бағдарлама бар. Оған сәйкес, жалға алынған үйдің жартысы мемлекет есебінен өтеледі. Осы бағдарламаға әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар ғана қатыса алады. Олар:
көпбалалы отбасылар;
I және II топтағы мүгедектер;
мүгедек балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.
Ал негізгі талаптардың бірі – отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыстың көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің (36 018 теңге) 1 еселенген шамасынан аспауы керек. Мәселен, үйде төрт адам болса, отбасының бір айлық жалпы табысы 144 072 теңгеден (36 018×4) артық болмауы шарт. Өтінімдер Отбасы банкінде қабылданады.
Жаңалықтар
0