Экс-министр, бұрынғы депутат, ТЖД басшылары: 2023 жылы ұсталған жемқорлар кім

© Sputnik / Табылды Кадырбеков / Медиабанкке өтуНаручники
Наручники  - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.12.2023
Жазылу
Биыл жемқорлық үшін ұсталған шенеуніктер аз емес. Олардың арасында бұрынғы әкім, министр, тіпті, жедел жәрдем басшысы да бар. Біреуі шетелге қашып бара жатқан жерінен ұсталды.

Антикор төрағасының экс-орынбасары сотталды

Жаңа жыл басталмай жатып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Оны ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері құрықтады. Бастапқыда оған қандай айып тағылғаны айтылмады. Артынан ірі көлемде алаяқтық жасағаны белгілі болды.
Қожабаев өзінің қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланып, алдау арқылы бөтеннің мүлігін жымқырған. Сыбайластары да болған.
Соттың шешімімен Қожабаев бес жарым жылға соталса, оның сыбайласы да тура сондай жазаға тартылды.

Бұрынғы вице-министрдің былығы әшкереленді

Бұрынғы ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің жемқорлық әрекеті әшкереленді. Сәуір айында оны үйқамаққа алды. Ал жарты жылдан кейін сот үкімі шығарылды.
Өсеров Алматы әкімінің орынбасары болып жүргенде мемлекеттік активтер басқармасының экс-басшысымен бірге тәркіленген мүлікті төмен бағамен сатып алуға көмектескен. Бес бірдей нысанды ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департамент басшысының орынбасары Талғат Мұханов иемденіп алмақшы болған. Бірақ үшеуінің қылмысы әшкереленді.
Сот үкімімен Мұханов бөтеннің мүлігін жымқырғаны үшін 8 жылға сотталса, оған көмектескен Өсеров пен Құдайбергенова бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Мырзахметов пен Әлтаевтың ісі

Астананы митингпен шулатқан экс-депутат Нұржан Әлтаев өз жақтастарын талай рет көшеге алып шықты. Бірақ қамауға алынған жоқ. Арнайы жасақ онымен бірге жүрген адамдарды ғана ұстап алып кететін. Биыл сәуір айында Әлтаевтың өзі 15 тәулікке қамалды. Артынан босатылды. Ал екі айдан кейін пара алды деген күдікпен ұсталды.
Сот материалдарына сәйкес, Нұржан Әлтаев 2018-2020 жылдары "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпал еткені үшін 115 мың АҚШ доллары мен 8 млн 150 мың теңгені пара ретінде алған. Сол кезде ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі (2018-2019) және мәжіліс депутаты (2019-2020) болған.
"Атамекеннің" төрағасы қызметін атқарған Абылай Мырзахметов те қамауға алынды. Палата басшысы кәсіпкерді ірі көлемде пара беруге итермелегені үшін айыпталып отыр.
Қараша айында сот экс-депутатты 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Мырзахметовтің соты әлі болған жоқ. 2003 жылы көлік және коммуникация министрі қызметін атқарып жүргенде бес жылға сотталған. Содан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ол кезде мемлекеттік мүлікті жымқырғаны үшін жауапқа тартылса, осы жолы алаяқтық бойынша тергеуге алынып отыр.

Мәсімов, Боранбаев пен Сатыбалдының ісі

Биыл 18 жылға сотталған Кәрім Мәсімовке тағы бірнеше айып тағылды.
Атап айтқанда, қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату және аса ірі көлемде пара алу фактілері анықталды. Бұған дейін Мәсімовті ұстағаннан кейін үйінен 17,2 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқа заттар тәркіленген болатын. Оның інісі Нұрлан Мәсімов пара алғаны үшін 10 жылға сотталды.
Былтыр ұсталған бизнесмен Қайрат Боранбаев болса бостандыққа шықты. Бірақ бұл шешім мемлекетке келтірілген залал толығымен өтелгеннен кейін шығарылды. Танымал кәсіпкер алдымен 90 млрд теңгенің активтерін қайтарды. Олардың қатарында мұнай кен орны, газ тарату компаниясы, қонақ үй және сауда ойын-сауық кешендері бар.
Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды да біраз дүниені мемлекетке қайтарды. "Қазақтелекомға" келтірген шығынды да өтеді.
Бірақ сот оны шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығармады.
Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды мамыр айында 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Балық басынан шіриді"

Биыл халық өрт сөндірушілердің ерлігіне тағы бір рет куә болды. Бірақ олардың бастығы жемқорлық үшін ұсталып, өртке қарсы қызметтің беделін түсірді. Антикор жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықтың жүйелі фактілерін анықтады. Қарапайым қызметкерлерге үлгі болатын комитет басшысының өзі де пара алғаны үшін ұсталды.
Биыл өртке қарсы қызмет комитет экс-төрағасының, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің бұрынғы бастықтарының парақорлығы әшкереленді. Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасау арқылы олардың қызметін сатып алуға және уақытылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деген күдікке ілінді. Өрт сөндірушілер 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейін пара алған.
Комитет төрағасы онымен қоймай, Ұлытау облысындағы басшылардың біреуіне қамқоршылық жасағаны үшін заңсыз ақшалай сыйақы алды. Барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Экс-министр қашып бара жатқан жерінен ұсталды

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әділет министрі болған адамдар осы қызметте төрт жылдан артық отырмаған. Ал Марат Бекетаев барлығынан асып, бес жыл бойы әділет саласына жетекшілік етті. Дәл осы "рекордсмен" биыл қашып бара жатқан жерінен ұсталды.
Бекетаев министр болып отырғанда қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталды. Тергеуге сәйкес, ол мүлдем қажеті жоқ қызметтер бойынша жекеменшік компаниямен келісімшарт жасасып отырған. Сол үшін ел қазынасынан қыруар қаржы төленді.
Экс-министр тықыр таянғанын сезген болуы керек, әуежайға барып, шетелге қашқып кетпек болған. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстап үлгерді.

Параға коттедж сұраған басшы

Астанадағы отын-энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов параны ақшамен емес, қала сыртындағы коттеджбен алған.
Лауазымды шенеунік кәріз тазарту жұмыстары бойынша тендерді бір кәсіпкерге бермек болған. Сол үшін зәулім үй сұраған. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мамандарының қолына түсті.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ облыстық филиалының басшысы ұсталды. Ол "Бизнеске жол" жобасы аясында бөлінетін кредиттерді бергені үшін әрбір кәсіпкерден 100-500 мың теңгенің парасын алғаны үшін айыпталып отыр.

Мұхамедиұлы тағы соттала ма

Биыл экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Аппеляциялық алқа да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Бірақ сот онымен бітпейтін сияқты. Антикор Мұхамедиұлына қатысты тағы бір тексерісті бастады.
Тергеушілер "Қазақфильм" компаниясының бұрынғы басшысының қылмысын әшкереледі. 2017 жылы ол "Көшпенділер" киножобасына салынған "Түркістан" бекінісін мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы басшылығымен үлестес коммерциялық ұйымға нарықтық бағадан 44 есеге төмен бағаға сатып жібергені үшін айыпталып отыр.
Айта кетері, сол кезде киностудияны танымал режиссер Бақыт Қайырбеков басқарған. Ал Арыстанбек Мұхамедилұлы министр болды.
Айтпақшы, биыл Мұхамедиұлының адвокаты парамен ұсталды.
Адвокат экс-министрдің жазасын жеңілдетемін деп, Мұхамедиұлының жұбайынан 460 000 АҚШ долларын алған. Заңгерден ақшаның жартысы тәркіленді. Қалғанын жұмсап жіберген. Ал Мұхамедиұлының жұбайы аса ірі көлемде пара беруге оқталды деген күдікке ілінді.

"Атыраудың жыл адамы" қамауға алынды

Атырауды екі жыл бойы басқарған әкім алаяқтық үшін ұсталды. Былтыр Қайрат Оразбаев осы қызметтен өз еркімен кеткен. Ал бір жылдан кейін қамауға алынып отыр.
Экс-әкім басқа да лауазымды тұлғалармен бірге 2020-2022 жылдары аралығында жасыл желек аймақтары мен саябақтарға арналған жер учаскелерін жеке тұрғын үй құрылысы үшін заңсыз берген. Оразбаевты бірден уақытша ұстау изоляторына тоғытты.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық, аса ірі мөлшерде жасалған әрекет) бойынша іс қозғалды. Осы қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қайрат Оразбаев кезінде "Атыраудың жыл адамы" атағын алған. "Құрмет" орденімен де марапатталған.
Ал Есік қаласының әкімі ойын алаңын абаттандыруға бөлінген бюджет қаражатын кәсіпкерге аударып бергені үшін ірі мөлшерде пара алды. Шенеунік өз кінәсін толығымен мойындады.

Әскери техникаға бөлінген миллиард ұрланды

Жылдың соңында "Қазарнайыэкспорт" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Арман Рамазанов ұсталды. Онымен бірге импортқа жауапты департамент директоры мен үш бизнесмен құрықталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, компанияның лауазымды тұлғалары шетелден келетін әскери техниканың бағасын артық көрсетіп, бюджеттің 1 млрд теңгесін ұрлаған. Ал кәсіпкерлер оларға көмектескен.
Айта кетері, "Қазарнаулыэкспорт" РМК үкіметтің қаулысымен құрылған. Кәсіпорын Қазақстанның Қарулы күштерін, сондай-ақ, басқа да әскери құралымдарды қару-жарақ пен әскери техникамен қамтамасыз етеді.

Ақша жымқырды деген күдікпен жедел жәрдем басшысы ұсталды

Астанада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жедел жәрдем стансасының басшысын ұстағанын хабарлады. Осы іске қатысты толық ақпарат жарияланған жоқ. Бірақ "Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы" басшысы Мұрат Оразбаевтың ақша жымқырғаны үшін айып тағылып отыр.
Бұған дейін арнайы ХҚКО басшысы қамауға алынды. Ол қылмыстық топ құрып, шетелден әкелінген автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан.

Жемқорлардың ақшасына мектептер салына басталды

Бүгінде жемқорлардан тәркіленген қаражат арнайы қорға түседі. Соның есебінен бірқатар өңірде 60-тан астам мектептің құрылысына ақша бөлінді. Соның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 76 мың орынға арналған мектептер бар.
Жалпы, былтырдан бері қордың есепшотына 151,6 млрд теңге түскен. Оның негізгі қызметі – мектептерді, қосалқы ғимараттарды және интернаттарды салу және қайта жаңғырту. Басты мақсат – үш ауысымдық мектептер мен апатты оқу орындарының мәселелерін шешу.
Жаңалықтар
0