Экономика

Жылдың 7 жаңалығы: Қазақстан экономикасы қалай өзгерді

© Sputnik / Владислав ВодневМонеты, архивное фото
Монеты, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.12.2023
Жазылу
Биыл ел экономикасында біраз өзгеріс болды. Үкіметтің есебіне сәйкес, инфляция екі есеге төмендеді. Энергетика саласында маңызды жобалар рәсімделді. Ал "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы отандық инвесторға сатылып, бұрынғы "Qarmet" деген атауын қайтарып алды
Бұдан бөлек, заңсыз шығарылған қыруар қаражат елге қайтарылды. Sputnik Қазақстан ел экономикасында болған жылдың 7 жаңалығын ұсынады.

Ресей Қазақстанның үш қаласына ЖЭС салады

Тұрақты энергетика болмаса, ел экономикасын дамыту мүмкін емес. Ал Қазақстан энергетикасы былтырдан бері апаттардан көз ашпай келеді. Биыл біраз жерде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылғаннан кейін жағдай түзелген сияқты. Дегенмен, осы саладағы желілердің біраз бөлігі тозған. Оны қайта-қайта жөндегеннен проблема шешілмейді. Содан болар, үкімет жаңа нысандарды салуға ден қойды. Бірақ кәсіби мамандар тапшы көрінеді. Оны Петропавлда қисық салынған мұржадан байқауға болады.
Биыл Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған сапары барысында маңызды құжаттарға қол қойылды. Соның бірі – Қазақстанның үш қаласында ЖЭС салу. Ресейлік мамандар Көкшетау, Семей мен Өскеменде жылу электр станцияларын салады. Ал "Самұрық-Қазына" АҚ ақысын төлеп береді. Мәселен, Көкшетауда ЖЭС мүлдем болмаған. Ал жаңа станцияға 389 миллиард теңге жұмсалады.
Көмірмен жұмыс істейтін жаңа жылу электр станциялары Қазақстанның "жасыл энергетикадағы" жағдайын жақсартпаса да, нақты экономиканы дамытуға және халыққа уақытында жылу беруге мүмкіндік береді. Бірақ жылу желілерін жаңартуға кеткен қаржының бәрі тарифпен қайтарылады. Сондықтан коммуналдық қызметтердің бағасы біртіндеп көтеріледі.
Қазақстанда бензин мен дизель сияқты энергия көздері де қымбаттады. Әлихан Смайылов биыл премьер-министр қызметіне қайта тағайындалған бойда осы проблеманы көтерді. Оның айтуынша, "бұл – мәжбүрлі шара". Себебі бағаны көрші елдермен теңестірмесек, жанар-жағармай тапшылығы бола береді. Осыны естіген көлік жүргізушілері бірден газға көше бастады. Бірақ көп ұзамай, автогаздың бағасы да өседі деген әңгіме шықты.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, сұйытылған газдың бағасы біртіндеп екі есеге көтеріледі. Себебі автогаздың қазіргі бағасы нарықтық құнына сай емес. Ал оны өндіретін кәсіпорындар минусқа жұмыс істеп жатыр. Күні кеше ғана энергетитка министрлігі автогаздың өңірлердегі шекті бағасын бекітті.

АЭС мәселесін халық шешеді

Биыл отандық энергетикаға қатысты тағы бір маңызды мәселе – атом электр станциясын салу бастамасын жалпыұлттық референдумға шығаруға шешім қабылданды. Тоқаев нақты мерзімі кейін анықталатынын айтты.
Атом электр станциясы құрылысы үшін Алматы облысындағы Үлкен ауылы ең қолайлы жер ретінде таңдалды. Осы саладағы әлемдік тәжірибе де зерделенді. Соның негізінде ядролық технологияларды жеткізе алатын компаниялардың тізімі жасалды. Олар:
HPR-1000 қытайлық "CNNC" компаниясы;
APR-1400 реакторы бар "KHNP" корей компаниясы;
ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей "Росатом" компаниясы;
EPR-1200 реакторы бар "EDF" француз компаниясы.
Үлкенде АЭС құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау да өтті. Жергілікті халық осы бастаманы қолдап отыр. Орталық сайлау комиссиясы да референдумды өткізуге дайын. Ендігі кезекте президент ел үшін маңызды шараның мерзімін жариялауы қажет.
Айтпақшы, энергетика министрлігі шағын ядролық реакторларды салу ұсынысын да қарастырып отыр. Ондай қондырғыларды бірнеше аймақта орнатуға болады, алатын жері де көп емес, небәрі 6 гектар. Ал үлкен АЭС салуға 1,6 мың гектар аумақ керек екен. Ал шағын реакторлардың тағы бір артықшылығы, оны жылдам істен шығаруға болады. Ақша көп кетпейді. Тоқаев биылғы жолдауда шағын ядролық станциялар туралы айтқан болатын.
"Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады", - деді мемлекет басшысы.

Инфляция екі есеге төмендеді

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, экономика қазіргі жағдайға бейімделді. Соның арқасында инфляция екі есеге төмендеп, 10,8 процентке түсті.
Биыл Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,9 процентті құрады. Мұны Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев та растады.
"Инфляцияның қысымы, халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы, аймақтардағы қақтығыстар, санкциялық текетірестер – бұл әлемдік экономиканың даму қарқынын бәсеңдететін факторлардың бір парасы ғана. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жылдық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткішпен қорытындылауды жоспарлап отыр", - дейді Тоқаев.
2023 жылы өскен салалар:
тау-кен (+6 %);
өңдеу өнеркәсібі (+3%);
машина жасау (+27%);
жеңіл өнеркәсіп (+12%);
құрылыс саласы (+12,5%);
сауда (+ 10%);
байланыс (+ 8%);
көлік (+ 7%);
қызмет көрсету саласы (+5,6%).
Халықаралық валюта қорының есебіне сәйкес, Қазақстан жалпы ішкі өнімнің көлемі, яғни, өндірілген және тұтынған тауарлар мен қызметтердің сомасы жағынан Орталық Азияда көш бастап тұр. Ал келер жылы жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші бойынша Ресейден де асып кетуі мүмкін.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясын жаңа инвестор сатып алды

2023 жылы ел экономикасы үшін тағы бір маңызды саяси шешім қабылданды. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы отандық инвесторға сатылды. Оған Костенко атындағы шахтада болған тағы бір апат себеп болды. Бұл жолы метан жарылып, салдарынан 46 кенші көз жұмды. Жарылыстың қатты болғаны сонша, толқыны жердің астымен екі шақырымға дейін барды, ал қаза болған кейбір кеншілерді арнайы сараптамамен ғана таныды. Осы оқиғадан кейін Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Ал президент "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен келісімшартты бұзуға тапсырма берді.
Митталдың үлесін қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев сатып алды. Компания атауын "QARMET" болып өзгертуге шешім қабылданды. Бас директоры қызметіне Вадим Басин тағайындалды.
Лаврентьев активтерді сатып алумен қатар, өндірісті жаңғыртуға және өңірдің экологиясын қорғауға тағы 3 млрд АҚШ долларын құюға міндетті, оның 1,3 млрд доллары алдағы жылы инвестицияланады.

Цифрлық теңге айналымға шықты

Қазақстанда цифрлық теңгені ресми түрде айналымға шығарды. Ол үшін бірнеше банк арнайы карталарды ұсына бастады. Биыл алғашқы төлем де жасалды. Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жәленов өзіне кофе сатып алған. Қаржыгер цифрлық теңгемен жалақы да алады екен.
"Адамдар мобильді қосымшалар, банк карталары, NFC, QR және тағы басқа қызметтер арқылы цифрлық теңгемен шоттар аша алады, төлей алады, аудара алады және өзге де операциялар жасай алады. Мысалы, мен жалақымды цифрлық теңгемен алып жүрмін", - деді Жәленов.
Цифрлық теңгемен интернетсіз де төлем жасауға болады. Бұдан бөлек, бюджет қаражатын мақсатты пайдалану үшін таңбалауға мүмкіндік бар. Ал ол ақша мақсаты бойынша жұмсалғаннан кейін таңбасы жоғалады. Осылайша, бюджеттік шығыстарды бақылауға болады.
Цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші түрі. Оны қолма-қол және қолма-қолсыз ақшамен бірдей қолдана беруге болады, құны да бірдей. Оны ұлттық банк шығарады және қауіпсіздігіне кепілдік береді. Келесі жылдан бастап оны жаппай енгізу жоспарланып отыр.
Пресс-конференция Нацбанка - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.11.2023
Цифрлық теңгемен төлем қалай жасалады

Бір триллион теңге қайтарылды

Биыл заңсыз иемденген активтерге қатысты заң қабылданды. Оған сәйкес, заңсыз байыды деген күдікке ілінген жеке және заңды тұлғалардың тізімі жасалады. Ал активтерді қайтарумен арнайы компания айналысады.
Заңсыз активтерді екі жолмен қайтаруға болады. Біріншісі – ерікті түрде, екіншісі – мәжбүрлі түрде. Осы уақытқа дейін 1 триллион теңгенің активтері ерікті түрде қайтарылды. Соның ішінде мүлік, акциялар, облигациялар, ғимараттар мен ақша бар. Шетелден қайтарылған активтер де аз емес. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінен 15 миллион доллар, Австриядан – 82 миллион доллар, Лихтенштейннен – 260 миллион доллар, Гонконгтан 2 миллион доллар қайтарылды.
Бұдан бөлек, экономиканы монополиясыздандыру шаралары жалғасып жатыр. Арнайы комиссияның шешімімен 14 ірі компанияның үлесі, 7 ғимарат, 162 теміржол нысаны, көліктер, ақша және тағы басқа мүлік мемлекеттің меншігіне қабылданды.

Кредит алуға тыйым салынады

Алдағы уақытта қазақстандықтардың кредиттік қарызы азаяды. Мәжіліс депутаттары арнайы заң жобасын пысықтауға кірісті. Оған сәйкес, мерзімі өтіп кеткен кредиті бар адамға жаңа тұтынушылық несие берілмейді. Бұдан бөлек, тағы бірқатар маңызды шектеулер бар. Олар:
90 күннен кешіктірілген барлық кредит бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу;
тұтынушылық банк қарызының мерзімі, сомасы және өзге де шарттары бойынша шектеулер белгілеу;
кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу;
өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне (қарыз алушыға) жалға беруге мүмкіндік беру;
төлем талабын қойған кезде банк шотында кемінде 2 күнкөріс минимумы мөлшерінде ақша қалдыру;
кредит алудан ерікті түрде бас тартқан азаматтардың кредиттері бойынша борышын есептен шығару;
банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін коллекторлық агенттіктерге сатуын шектеу;
Бұдан бөлек, 21 жасқа толмаған азаматтарға кредит беру жағынан шектеу қойылады. Букмекерлік контораларға жарты жылда 300 мың теңгеден астам ақша салғандар да несие ала алмайды.
Деньги в руках  - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.12.2023
2,5 проценттік кредит: 5 мыңнан астам адамның өтініші мақұлданды
Жаңалықтар
0