"Ай сайын төленеді": арнаулы әлеуметтік төлемнің көлемі жарияланды

© Sputnik / Абзал КалиевӘмиян, ақша
Әмиян, ақша - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.12.2023
Жазылу
Бұл төлем зиянды жұмыстан кеткен жағдайда ғана беріледі. Сосын кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы төленуі шарт
АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға берілетін арнайы әлеуметтік төлемнің мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жаңа төлем келесі жылдан бастап төленеді. Оны зиянды өндірістерде жұмыс істеп жүрген 37 мың адам ала алады. Негізгі талапқа сәйкес, арнаулы әлеуметтік төлем алатын жұмысшы 55 жасқа толуы керек. Сондай-ақ бұл төлем зиянды жұмыстан кеткен жағдайда ғана беріледі. Сосын кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы төленуі шарт.
"Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше арнадан төленеді. Ал барлығын қосқанда орташа есеппен 208 мың теңге шығады. Бұл ақша ай сайын төленеді және бөлек-бөлек түспейді. Бір сомамен аударылады", - деп түсіндірді Сағындықова сенатта өткен брифингте.
Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше жерден төленеді. Олар:
бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.
Жаңа төлем зейнет жасына дейін төленіп тұрады.
Зауыт қызметкері - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.12.2023
Арнайы әлеуметтік төлемдерге қатысты заң президентке қол қоюға жіберілді
Жаңалықтар
0