Өңірлер

Петропавлда қайтыс болған адамдар тұрғын үй кезегінде тұрған

© Sputnik / Абзал КалиевКлючи, иллюстративное фото
Ключи, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.11.2023
Жазылу
Бұл ретте 10-15 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған жетім балаларды кезектен заңсыз шығарып жіберген
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Петропавлда прокурорлар қала әкімдігінде мемлекеттік қордан баспана беруге қатысты көптеген заң бұзушылықты анықтады. Белгілі болғандай, марқұм болып кеткен 200-ден астам адам, 60-қа жуық шетелдік азамат пәтер алуға кезекте тұрған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әдеп жөніндегі кеңесте Петропавл қаласы прокурорының орынбасары Асхат Әмитов мәлімдегендей, қадағалау органы қалалық әкімдікте тұрғын үй заңнамасының сақталуын тексерген және бұл тексеру 2021, 2022 және 2023 жылдарды қамтыды.
"Мысалы, Петропавл тұрғыны өзі тұрмайтын, құны 20 миллион теңге тұратын пәтерді негізсіз жекешелендіріп алған. Бұл әрекеттері тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңсыз шығаруға әкелген. Сонымен қатар бір адамның кезегін қайталаудың 10 фактісі анықталды. Ұзақ уақыт бойы бос тұрған пәтерлер де табылды. Тексеру кезінде 229 қайтыс болған адам және Қазақстан Республикасынан кетіп, шет мемлекеттің азаматтығын алған 58 адам кезекте тұрғаны белгілі болды. 12 пәтерді заңсыз беру фактілері анықталды", - деді Асхат Әмитов.
Прокурорлар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кезекке қою және одан заңсыз шығару кезінде олардың құқығының жүйелі түрде бұзылуын да анықтады.
Анықталған екі заң бұзушылық фактісі бойынша Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Айдын Мәкеновке қатысты тәртіптік іс қозғалды. Іс әдеп жөніндегі кеңесте қаралды.
Жиынға қатысқан Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова заң бұзушылықтар басқармада кадрлық ауыс-түйістер жиі болуынан, басшының ұзақ уақыт болмауынан болып отыр деп есептейді.
Тұрғын үй комиссиясының төрағалары пәтерлер берілгенін білмеген. Бұл инвентаризация кезінде анықталды.
"Өткен күзде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жұмысына ауқымды талдау жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді көрсетті. Көктемнен бері инвентаризация жұмыстарын жүргізетін топ құрылды. Тұрғын үймен қамту көлемі үлкен. Бізде қызметкер аз. Сондықтан процесс ұзаққа созылып жатыр. Бүгінгі күні 12 пәтерді босатып бердік. Қазір олар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың төртеуі тұрғын үй комиссиясының отырысында үлестірілді", - деп мәлімдеді қала әкімінің орынбасары.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Мәкеновтің басқа тәртіптік жазасының жоқтығын ескеріп, қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту беруді бірауыздан ұйғарған.
"Алты ай ішінде кез келген құқық бұзушылық жасау немесе мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың қайталануы автоматты түрде кейіннен жұмыстан шығаруға әкеп соғады", - деп ескертті облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Дулат Тайшабай.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.11.2023
Өңірлер
Таразда алаяқтар қайтыс болған адамдардың үйлерін заңсыз иемденіп алған
Жаңалықтар
0