Қоғам

Қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша пилоттық жоба іске қосылды

© Photo : Акимат Мангистауской областиАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.11.2023
Жазылу
Бейімдеу қызметтері қоныс аударуға ниет білдіргендер тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтініш білдірген сәттен бастап көрсетіледі
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударғандар, қандастар және олардың отбасы мүшелері үшін бейімдеу және интеграциялау қызметтерін көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жоба аясында республиканың солтүстік өңірлерінде бейімделуі мен интеграциялануына және жаңа тұрғылықты жерде қалуға ықпал ететін ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтері іске асырылады.
"Бейімдеу және интеграциялау қызметтері ерікті түрде қоныс аударудың мемлекеттік шараларына қатысуға ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтініш білдірген кезден бастап көрсетіледі. Мансап орталығының қызметкері қоныс аудару өңірлеріне қоныс аудару шарттары бойынша алғашқы консультация және қажетті құжаттардың тізімін ұсынады", - делінген хабарламада.
Қоныстандыру өңірін айқындау алдында қоныс аударушыға не қандасқа: өңірлік квотаға енгізу туралы, қоныстандыру үшін қолжетімді өңірлер туралы, уақытша орналастыру орталықтарының қызметтері, бейімделу және интеграциялау қызметтері және басқа да қолдау шаралары туралы барлық қажетті ақпарат беріледі.
Құжаттар "Қандас" немесе "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйелері арқылы электрондық форматта қабылданады.
Одан кейін қоныс аудару өңірінің мансап орталығы қоныс аударушымен және/немесе қандаспен бірлесіп бейімделу және интеграциялау бойынша жеке жоспар қалыптастырады, оған сәйкес жаңа тұрғылықты жеріне көшу және қоныстандыру үдерісі өтеді.
Аталған жоспар міндетті түрде мынадай іс-шараларды регламенттейді:
қоныс аудару өңіріне көшу және орналастыру (келу күні, тасымалдау түрі, келетін отбасы мүшелерінің саны);
материалдық көмекті, оның ішінде экономикалық мобильділік сертификатын ресімдеу;
тұрақты жұмысқа орналасу, сондай-ақ қажетіне қарай кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру;
экономикалық мобильділік сертификаты арқылы төлемдер жүргізе отырып, отбасының тұруы үшін тұрғын үй іздеу және іріктеу;
отбасы мүшелерін бейімдеу және интеграциялау.
Қоныс аударушының немесе қандастың, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің тұрғылықты жері өзгергеннен кейін бес жыл ішінде мансап орталығының мамандары бейімдеу мен интеграциялау барысына мониторинг жүргізеді. Ол үшін Отбасының цифрлық картасынан алынған деректер және әлеуметтік әл-ауқатты қадағалауға арналған арнайы мобильді қосымша пайдаланылады.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.09.2023
Дерекқор
Отбасының әрбір мүшесіне – 241 мың теңге: қандастарға қандай көмек көрсетіледі
Жаңалықтар
0