Дерекқор

Отбасының әрбір мүшесіне – 241 мың теңге: қандастарға қандай көмек көрсетіледі

© SputnikАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.09.2023
Жазылу
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері республикаға 1 млн 120,7 мың этникалық қазақ оралған
Биылдан бастап қандас мәртебесін алу тәртібі өзгерді. Енді өтінімдер Қазақстанның шет елдердегі елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қабылданады. Үкімет бекіткен өңірлерге қоныстанған этникалық қазақтарға біржолғы төлем және баспана жалдау ақысы да төленеді. Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Оралман емес, қандас

Бұрын тарихи отанына оралған этникалық қазақтарды "оралман" деп атайтын. Алайда 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзден бас тартып, "қандас" терминін пайдалану туралы бастама көтерді. Көпшілік оның ұсынысын қолдап, көп ұзамай заңға тиісті өзгерістер енгізілді.
Осылайша 2020 жылдың көктемінен бері шеттен оралған этникалық қазақтар ресми түрде қандастар деп аталады.
Заң бойынша қандас – бұрын Қазақстан азаматтығында болмаған, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері.

Қандас мәртебесі қалай беріледі

2023 жылдан бастап қандас мәртебесін алу үшін өтінімдер Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қабылданады. Жаңа тетік бірқатар мемлекетте пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Осылайша шетелдегі қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алып, жұмыс пен баспана мәселелерін шешеді.
Этникалық қазақ өзі тұратын елдегі Қазақстанның елшілігіне қандас мәртебесін алу туралы өтініш береді. Өтінішке заң бойынша талап етілетін құжаттарды қоса ұсынады.
Елшілік оның өтінішін "Қандас" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді.
Жергілікті атқарушы орган өтініш келіп түскен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде этникалық қазақтың Қазақстан аумағында заңбұзушылық жасап-жасамағанын және оның террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатысы бар-жоғын тексеру үшін Қазақстанның құқық қорғау органдарына сұрау салады. Олар 20 жұмыс күні ішінде тиісті ақпараттарды жинап, жергілікті атқарушы органға жолдайды.
Жергілікті атқарушы орган бір жұмыс күні ішінде "Қандас" жүйесі арқылы қоса берілген құжаттармен бірге өтінішті қандастарды қабылдау жөніндегі комиссияның қарауына жібереді.
Комиссия 10 жұмыс күні ішінде өтінішті қарап, қандас мәртебесін беруден бас тарту немесе беру туралы ұсыным шығарады.
Осыдан кейін жергілікті атқарушы орган комиссия ұсынымы негізінде қандас мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Сондай-ақ қандас мәртебесін алу туралы өтінішті "Құтты мекен" мобильді қосымшасы арқылы да беруге болады.

Қандас мәртебесі қандай шарттармен беріледі

Этникалық қазақ өтініш беру кезінде елге оралудағы мақсаты не екенін көрсетеді:
еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстандыру үшін;
демографиялық дамуға қажеттілігі бар агломерация аумақтарында және ауылдарда, шағын және моноқалаларда, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қоныстандыру үшін;
баспана мәселесін өз бетінше шешіп, Қазақстанда тұратын отбасымен немесе жақын туыстарымен қауышу үшін;
баспана мәселесін өз бетінше шешіп, жұмыс берушінің шақыруымен қызметке орналасу үшін.
Қандас мәртебесін алған этникалық қазақтарға қандас куәлігі беріледі.

Өтініш беру үшін қандай құжаттар қажет

1.
өмірбаян (еркін нысанда);
2.
өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі, қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасымен;
3.
өтініш берушінің этникалық қазақ екенін растайтын құжаттардың көшірмесі.
Салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқасы және көшірмесі талап етіледі. Тексерістен кейін құжаттардың түпнұсқасы (өмірбаянын қоспағанда) өтініш берушіге қайтарылады.

Қандас мәртебесі қай кезде берілмейді

Жергілікті атқарушы орган бірнеше себепке байланысты этникалық қазаққа қандас мәртебесін беруден және қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тартуы мүмкін.
Оған мынадай негіздер жатады:
этникалық қазақ "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 1-бабы 13) тармақшасында көрсетілген шарттарға сәйкес келмесе;
құжаттары мен онда қамтылған деректердің жалған екені анықталса;
Қазақстан аумағында заңбұзушылық жасағаны немесе террористік/экстремистік ұйымдарға мүше екені әшкереленсе;
Қазақстан заңына сәйкес қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді алуға келісім бермесе;
қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы болмаса немесе қоныстандыру үшін ұсынылған өңірге барудан бас тартса.

Қандас мәртебесі қашан тоқтайды

Қандас мәртебесі:
1.
Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін;
2.
Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаттың күші жойылған жағдайда;
3.
қандас мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін.
Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіппен алу үшін жергілікті атқарушы органға өтініш беріп, қандас мәртебесін ұзартуға болады. Қандас мәртебесі алты айға ұзартылады.

Қандастардың қандай құқығы бар

Қандастар мен олардың отбасы мүшелері:
жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға;
жеңілдік, өтемақы және заңнамада белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға;
азаматтық алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға;
дара кәсіпкерлікті заңды тұлға құрмай жүзеге асыруға;
қызметтік немесе өз баспанасы болмаса қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында бір жылға уақытша тіркелуге құқылы.

Қандас елге оралған соң не істеуге міндетті

денсаулық сақтау органдарының талабымен медициналық тексерістен өтуге;
екпе алуға;
емдеу курсынан өтуге;
денсаулық сақтау органдарының нұсқамаларын орындауға міндетті.

Біржолғы жәрдемақы және аренда ақысы

Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген этникалық қазақтар үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударады.
2023 жылы қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер –Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Осы өңірлерге қоныстанған қандастарға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Атап айтқанда, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (2023 жылы 241 500 теңге) біржолғы жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер шығынын жабу үшін бір жыл ішінде ай сайын 15-тен 30 АЕК (биыл 51 750 теңгеден 103 500 теңгеге дейін) ақы төленіп тұрады.
Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы дегеніміз – Қазақстан үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын қандастардың және олардың отбасы мүшелерінің шекті саны.
Айта кетері, 2023 жылға қоныстандыру өңірлерінде қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды.

Қандастарға тағы қандай көмек көрсетіледі

Қандастарға және олардың отбасы мүшелерiне қандастарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн қызмет көрсетіледі.
Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес медициналық көмекпен қамтылады.
Балабақшалар мен мектептерден орын беріледі, техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына түсу үшін квоталар бөлінеді. Жұмысқа тұруға жәрдемдеседі.
Сондай-ақ қандастарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бақ шаруашылығы, саяжай құрылысы үшін жер учаскелері уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен беріледі.
Бұдан бөлек әкімдіктер қандастарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеу үшін біржолғы жәрдемақы төлеуі мүмкін.
Қазақстан аумағына келген кезде кедендік төлемдерді төлеуден босатылады.
Тұтыну кредитін және тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы беріледі.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.07.2023
Қоғам
Қазақстандық "грин-картаны" қалай алуға болады
Жаңалықтар
0