Өңірлер

"АрселорМиттал Теміртаудың" төрт шахтасы ғана толықтай жұмыс істеп тұр – әкім

© Sputnik / Асем МиржекееваArcelorMittal
ArcelorMittal - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.11.2023
Жазылу
Облыс әкімі шахталар жабылмайтынын, одан әрі жұмыс істей беретінін атап өтті
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Қазіргі таңда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының төрт шахтасы ғана толықтай жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Оның айтуынша, "Қазақстан" шахтасында өрт салдарын жою жұмысы жалғасуда, ал Костенко атындағы шахтада апатты тергеу жүріп жатыр.
"Мамандардың бағалауы бойынша Костенкодағы жұмысты толық қалпына келтіру үшін тағы 2–2,5 ай қажет болады. Шахталарды жабу туралы әңгіме болған жоқ. Олар жұмыс істейді", – деп сендірді Бөлекпаев.
Облыс басшысы кеншілер мен металлургтердің жалақысы азаймайтынын айтты. Ұжымдық шартқа сәйкес барлық міндеттеме орындалады.
Қаза тапқан кеншілердің отбасылары барлық қажетті көмекті алады, деп толықтырды әкім. Бүгінгі таңда 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем құжатын рәсімдеді, 42-сіне төленді, қалғандарына төлемдер жалғасуда. Республикалық бюджеттен ЖОО-да оқитын 23 жасқа толмаған және кәмелетке толмаған балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы тарапынан 41 отбасына 10 жылдық жалақы төленді. Қаза тапқан кеншілердің, олардың жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелері өтелді", – деп атап өтті өңір басшысы.
Сондай-ақ, Бөлекпаевтың айтуынша, компания әрбір отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр пайдалы алаң есебі бойынша пәтер сатып алуға міндеттеледі. Сақтандыру төлемдері, жоғары оқу орындарында оқитын балалардың оқу ақысын өтеу қараша айынан бастап түсе бастайды.
Әкімдіктің ақпаратынша, медициналық мекемелерде зардап шеккен 10 кенші жатыр. Олар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары орташа және жеңіл.
Бөлекпаев жылу беру маусымы да ерекше бақылауда екенін мәлімдеді. Облыста уақтылы әрекет ету үшін барлық жылу көзінің жұмысын бақылайтын жедел штаб құрылды.
"АрселорМиттал Теміртау" ЖЭО-2 біздің талабымыз бойынша дайындық паспортын алған жоқ. Олар 4-ші және 5-ші қазандықтарды жөндеуді ұзаққа созып алды. Біз апта сайын сол жерге барамыз және энергияны бақылау органдарымен бірге жағдайды бақылап отырмыз. Бүгінгі таңда станция штаттық режимде жұмыс істейді", – деді аймақ басшысы.
Көмір қоры жеткілікті – 20 күннен астам уақытқа есептелген. Желтоқсан айында осы екі қазандықтың жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс.
Угольная шахта - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.10.2023
Шахтадағы апат: қаза тапқан 46-шы кеншінің дене бөлшектері табылған
Жаңалықтар
0