Қоғам

Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз – Тоқаев

© PhotoАқордада өткен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім
Ақордада өткен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.10.2023
Жазылу
Тоқаевтың айтуынша, екі жылға жуық уақытта елдегі реформалар халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті
АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі өзгерістер әлі жалғасатынын және мемлекеттің сипатын толық өзгертетінін мәлімдеді.
Айтуынша, екі жылға да жетпейтін аз уақытта елімізде іске асырылған реформалар халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті.
"Енді жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол. Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз. Өзгерістер әлі жалғасады және мемлекетіміздің сипатын толық өзгертеді", - деді Тоқаев Республика күні қарсаңында Ақордада өткен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.
Бірақ реформаны жүзеге асырғанда, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығын естен шығармауымыз керек, дейді ол.
"Әйтпесе Қазақстанның мемлекеттілігіне зор қауіп-қатер төнуі және оның салдары ұлт болашағы үшін өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан мен әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтауы керек деп үнемі айтып жүрмін", - деп жалғастырды сөзін мемлекет басшысы.

Республика күні қандай мейрам болуы керек

Президенттің пікірінше, Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек. Патриоттық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды көптеп ұйымдастырған жөн.
"Егемендік күні ұлтты ұйыстыратын нағыз елдіктің мейрамына айналуға тиіс. Яғни, осы қастерлі мерекеде Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті дәріптеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан бәріміз бір ел болып атсалысайық!", - деп үндеу тастады Тоқаев.
Біз Республика күнінің мән-маңызын, оның мықты мемлекет және көзі ашық, көкірегі ояу ұлт қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістердің символы ретіндегі терең мағынасын жастарға түсіндіруіміз керек, деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.
Бәйтерек монументі - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.10.2023
Тоқаев: Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр
Жаңалықтар
0