Қазақстанда Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылады

© Sputnik / Pavel Lisitsyn / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2023
Жазылу
Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізу тапсырылды
АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс", - деді Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында.
Мемлекет басшысы озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайтынын атап өтті. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс.
"Ең алдымен біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын", - деді президент.
Айтуынша, бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады.
"Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің "қорегі", қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды", - деп жалғастырды сөзін президент.
Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр.
"Бұл жерде ақпараттың "ашықтық презумпциясын" басшылыққа алу керек. Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын. Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек", - деді мемлекет басшысы.
 WhatsApp - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2023
"Тездету керек": Тоқаев үкіметке 5G желісіне қатысты тапсырма берді
Жаңалықтар
0