Қоғам

Қазақстанда қазан айынан бастап не өзгереді

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.10.2023
Жазылу
Тұмауға қарсы вакцинация, ақылы жолдар мен автотұрақ тарифі, микрокредиттердің пайыздық ставкасы – осы және өзге де өзгерістер туралы біздің материалдан оқыңыз
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Қазақстандықтарды қазан айында бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Тұмауға қарсы вакциналау

1 қазанда республикада халыққа тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталады. Бұған дейін тиісті қаулыға Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қол қойған болатын.
Бюджет қаржысы есебінен балалар үйі, қарттар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдар, созылмалы ауруға шалдыққандар, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар, әлеуметтік-медициналық мекемелердің қызметкерлері вакциналанады.
Жалпы жыл сайын 2,5 миллионнан астам адамға тұмауға қарсы екпе тегін егіледі.

Атырау МӨЗ бір айға жөндеуге жабылады

Бүгіннен бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылады. Күрделі жөндеу 3 қарашаға дейін созылады.
Энергетика министрлігі осы кезеңде дизель отыны мен АИ-92 маркалы бензин тапшылығы болмайтынына сендірді. Бірақ АИ-95 маркалы бензиннің жетіспеушілігі сезілуі мүмкін. Мұндай жағдайда көрші Ресейден қосымша жанармай жеткізіледі. Ресейлік бензиннің бағасы шамамен 20%-ке қымбат болады.

Микрокредиттердің пайыздық ставкасы төмендейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысына сәйкес, 1 қазаннан бастап жеке тұлғаларға күнтізбелік 45 күнге дейін берілетін кепілсіз микрокредиттер бойынша сыйақының шекті мәні төмендеді:
күніне 1%-тен кем, бірақ мөлшері 30 АЕК-тен (103 500 теңге) аспаса, берілген микрокредит сомасының 20%-інен аспайды;
күніне 1%-тен кем, бірақ мөлшері 30 АЕК-ке тең немесе одан асса, берілген микрокредит сомасының 15%-інен аспайды.
Ал мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні күніне 0,8% деңгейінде белгіленді, бірақ 45 күнге дейін берілген микрокредит сомасының 20 пайызынан аспайды.
Егер шарттың қолданыс мерзімі күнтізбелік 45 күннен асатын болса, сыйақының шекті мәні күніне 0,4 пайыздан аспайтын деңгейде белгіленді.

Жұмыс орындарын субсидиялау

1 қазанда Еnbek.kz порталында жұмыс берушілерден субсидияланатын жұмыс орындарын ашуға өтінім қабылдау басталады.
Жұмыс берушілер өз кәсіпорнында субсидияланатын жұмыс орындарының мына түрлерін ұйымдастыра алады: қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, "Алғашқы жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты" және "Күміс жас" жобалары. Жұмыс беруші қосымша жұмыс орындарын ашады, ал мемлекет жұмысшылардың жалақысын толық немесе ішінара төлейді.
Жұмыс беруші Еnbek.kz-тегі жеке кабинет арқылы жұмыс орнын құруды жоспарлап отырған өңірдің мансап орталығына онлайн-өтінім береді. Мансап орталығымен келісімшарт жасасқаннан кейін тіркелген жұмыссыздар арасынан лайықты кандидатты таңдап, оны жұмысқа қабылдауға, сондай-ақ қабылданған жұмыскердің уақыт кестесін ай сайын онлайн жіберуге болады.
Бір жылдан астам жұмыс істейтін және салық төлемдері, әлеуметтік аударымдар және жалақы бойынша берешегі жоқ жұмыс берушілер мемлекеттің қолдауына ие болады.
Өтінімдер 31 қазанға дейін қабылданады.

Ақылы жолдардың бағасы өседі

3 қазанда Қазақстанда ақылы жолдарды пайдаланудың жаңа тарифтері күшіне енеді.
Енді тариф айлық есептік көрсеткішке байланысты болады, соған сай жыл сайын қымбаттап отырады. 2023 жылы АЕК мөлшері 3 450 теңгені құрайды. Ақылы жолда жүру құны 20%-ке өседі деп жоспарланып отыр.
Большая Алматинская кольцевая автодорога (БАКАД) - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2023
Қазақстанда ақылы жолдардың бағасы өседі
Ақылы жолдарға іргелес елді мекен тұрғындары абонемент ала алады. Бағасы автобус пен жүк көлігі үшін айына 2-10 АЕК (6 900 – 34 500 теңге) болады. Ал жылдық абономент жеңіл автомобиль үшін 1 АЕК (3 450), автобус пен жүк көлігі үшін 20-100 АЕК (60 000 – 345 000 теңге) болады.

Мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады

Биыл жеке тұлғалар үшін мүлік салығын төлеу мерзімі 2 қазанда аяқталады. Себебі 1 қазан демалыс күнге сәйкес келіп тұр.
Салық коммуналдық төлем арқылы немесе мобильді қосымшалар арқылы бір рет төленеді. Уақытылы төлемеген жағдайда, қарыз үстіне өсімпұл қосылады.

Астана әуежайында автотұрақ қымбаттайды

Бүгіннен бастап Астана халықаралық әуежайында автотұрақ бағасы өзгереді:
әуежай кешені алдындағы тұрақтың P4-P6 аймағына көлік қалдыру құны – екінші және үшінші тәулікте 2000 теңге, одан кейінгі тәуліктерде 3000 теңге;
P1-P3 аймағында екінші және үшінші тәулікте 3000 теңге, көлікті 3 тәуліктен артық қалдырған жағдайда тәулігіне 4000 теңге.
Сондай-ақ жабық тұраққа көлік қалдырсаңыз, кейінгі тәулікте көктем-жаз мезгілінде тәулігіне 3000 теңгеге, күз-қыс мезгілінде 4000 теңгеге дейін өседі.
Астана әуежайындағылар тәуліктік тарифтің өсуін былай түсіндіреді:
"Жүргізушілер көліктерін 7 тәуліктен 40 тәулікке дейін әуежай тұрағына қалдырып кетеді. Соның салдарынан тұрақтан өзге жолаушылар мен шығарып салушыларға тұрақтан бос орын табылмай жатады. Жолаушылардың көлігін тұрақта ұзақ мерзімге қалдыру қыс мезгілінде қардан тазалау жұмыстарына да кедергі келтіреді".

Қазақстандықтар Таиландқа күн сайын ұша алады

Air Astana ұшақтары қазан айының соңынан бастап Бангкок пен Пхукетке күн сайын ұшады. Рейстер заманауи A321LR және B767 ұшақтарымен орындалады.
Компания ақпаратынша, алдағы күзгі-қысқы маусымның алдында Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізіледі: келесі жылдың 29 ақпанына дейін Таиландқа 30 күнге дейін виза беріледі.
Қазіргі уақытта Таиланд визасы әуежайда рәсімделеді, ал ұшақтар Бангкокқа аптасына үш рет және Пхукетке аптасына төрт рет қатынайды.

Орал әуежайындағы жөндеу жұмыстары

Орал қаласында Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылады.
8-10 қазан күндері ұшу жолағы мен әуежай арасындағы ұшақтар жүретін жолдар жөнделеді. Осыған байланысты әуе компаниялары Оралдан ұшатын және қалаға баратын рейстерді тоқтатуға шешім қабылдады. Олардың ішінде Air Astana да бар.

Елордада тұрақ демалыс және мереке күндері ақылы болады

"Астананың көлік тұрағы кеңістігі" компаниясының ақпаратынша, 1 қазаннан бастап қалада демалыс және мереке күндері автотұрақтар ақылы болады.
Сондай-ақ ақылы автотұрақтарға жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін тегін тұрақ жасау мәселесі қарастырылып жатыр. Ақылы автотұрақтар орналасқан аумақтағы үйлердің тұрғындары оларды тегін пайдалана алады.
Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін автотұрақтар тегін.
Тұрақ ақысын "Парковки Астаны" мобильді қосымшасы арқылы немесе оператор сайтында жеке кабинетте төлеуге болады. Тұрақ ақысы сағатына 100 теңге.

Қазақ-қытай шекарасы уақытша жабылады

1-3 қазан аралығында қазақ-қытай шекарасындағы өткізу пунктері жұмыс істемейді. Бекеттер Қытайдағы мереке күндеріне байланысты уақытша жабылады. Бірақ қазақ-қытай шекарасындағы теміржол өткізу пунктері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.

Мұғалімдер күнінің нақты датасы бекітілді

Биылдан бастап ұстаздар күні жыл сайын 5 қазанда тойланады. Кәсіби мерекенің нақты датасы үкімет қаулысымен бекітілді. Осылайша Қазақстандағы ұстаздар күні Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Бесінші қазанда елордада Педагогтердің республикалық съезі өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен 700-ге жуық ұстаз қатысады. Кездесу алаңында мұғалімдер ең озық және халықаралық тәжірибелерімен бөлісе алады.
Айта кетері, бүгінде білім саласында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
Жаңалықтар
0