Экономика

Депутат шетелден қайтарылған ақшаны зауыт-фабрика салуға жұмсауды ұсынды

Еділ Жаңбыршин - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2023
Жазылу
Мәжілісмен, сондай-ақ, елдегі тозығы жеткен энергетика нысандарын да осы активтердің есебінен жөндеу керек деп санайды
АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Мәжілістің бір топ депутаты шетелден қайтарылған активтерді энергетика нысандары мен зауыт-фабрика салуға жұмсауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин атап өткендей, көптеген сарапшының болжамынша соңғы отыз жылда Қазақстанннан сыртқа 200 млрд доллар шығарылған. Бұл – Ұлттық қордағы қаражаттан төрт еседей жоғары.
Осы заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында депутаттардың бастамасымен заң әзірленіп, қабылданды. Биыл шілде айында президент оған қол қойды.
"Осы заңға сәйкес қайтарылған қаржы, мүліктерді қайтарудан және өткізуден түскен ақша Арнаулы мемлекеттік қорға түседі. Қайтарылған қаржыға әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептерді салу басталып кетті. Бұл өте дұрыс қадам. Өйткені өңірлерде үш ауысымды оқытуды жою және ескі білім ордаларын жаңалау қажет", - дейді Жаңбыршин.
Алайда, оның айтуынша, болашақта салынатын әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын, сондай-ақ өңір тұрғындарын үздіксіз су, тоқ, жылумен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Өйткені энергетикалық нысандардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Кейбір нысандар 100% тозған, электр желілердің тозуы орташа есеппен 66%-ті құрап отыр.
Биылдың өзінде энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін республикалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2,0 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына – 7,2 млрд теңге бөлінді, деп мәлімдеді депутат.
"Жұмыс ресурстары шегіне жетіп, әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және президенттің жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет. Мұны тарифті өсіріп, халыққа жүктеме салып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес. Өйткені халықтың көпшілігі тапқан табысын күнкөрісіне әрең жеткізіп отыр, ал бюджет мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан тарифті көтеруден және бюджеттен басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет. Сондай қаржының көзі – елімізден әртүрлі жолмен шетелге шығарылған, миллиардтаған АҚШ доллары болатын активтер. Тіпті оның ішінде энергетика саласынан шығарылған қаржы да болуы мүмкін", - дейді Жаңбыршин.
Мәжілісменнің пікірінше, шетелден қайтарылған қаржыны тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға жататын стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсау қажет.
"Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, бюджет қаржысын үнемдейді, ең бастысы тарифті көтеріп халықты қинамаймыз!", - деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ депутаттар елге қайтарылған активтерді жұмыссыздық белең алған өңірлерде жаңа кәсіпорындарды ашуға пайдалануды ұсынды.
"Неге осы активтерді ішкі нарықта айналдырып, зауыт, фабрика салуға жұмсамасқа? Сол кезде өңдеу саласы дамиды, жергілікті құрылыс материалдарын шығарамыз, импорттық тауарлар мен қызметтерді өзімізде оқшаулаймыз, біліктілігі жоғары мамандарға сұраныс көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, өңірлердің салық базасы артады және басқа да мультипликативтік эффектке қол жеткіземіз. Қайтарылған қаржы экономикалық оң нәтиже беретін, халықтың әл-ауқатын көтеретін бағыттарға жұмсалса тиімді болады. Бұл әділ шешім болар еді", - деді Жаңбыршин.
Бұдан бөлек депутат қайтарылған қаржы мен активтердің көлемін, оның қайда жұмсалып, кімдер игеріп жатқанын азаматтық қоғам біліп, барлық тараптан қатаң бақылау болуы керек екенін айтты. Сондықтан депутаттар осы мәселеге қатысты барлық мәлімет арнайы интернет сайтта ашық жарияланып, әр қазақстандық кез-келген уақытта көріп отыруы тиіс деп санайды.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.09.2023
Қазақстанға шетелден 400 млрд теңгенің активтері қайтарылды
Жаңалықтар
0