"Келешек" жинақтаушы жүйесі: әрбір баланың есепшотында қанша ақша жиналады

© Pixabay / Alexandr PodvalnyКопилка
Копилка - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.09.2023
Жазылу
Бастапқы капиталды алу үшін ата-аналар өз салымдарын ай сайын аударып отыруы керек
АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Алдағы уақытта Қазақстанда жыл сайын түлектерге білім беру гранттарын тағайындау тоқтатылады. Себебі "Келешек" ынтымақты жинақтаушы жүйесі әрбір балаға білім алуға қажетті ақшаны жинауға мүмкіндік береді деген жоспар бар. Арнайы есепшотқа мемлекет те, ата-ана да ақша салады. Ал оқуға жетпей қалса, жеңілдетілген кредит немесе дифференциалды грант алуға болады.
Sputnik Қазақстан жаңа жүйе бойынша білімге ақша жинау тәртібі мен есепшотта қанша қаражат жиналатынын зерделеп шықты.

"Келешекте" ақша қалай жиналады

Тоқаевтың жолдауында айтылған жаңа жүйе қазіргі мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін жетілдіруді көздейді. Бүгінде кез келген ата-ана депозит ашып, баласының оқуына ақша жинай алады. Оған банктен 5 процент, ал мемлекеттен тағы 7 процент сыйақы түсіп тұрады. Бірақ көбісі ондай депозитті ашуға асықпайды. Біреулер грант алуға үміттенсе, басқалары ақшасын үнемдейді.
Ал "Келешек" ынтымақты жинақтаушы жүйесі бойынша баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес, әрбір баланың есепшотына бірнеше жерден ақша түседі.
Олар:
бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бір реттік бастапқы капитал – 60 АЕК (қазіргі 207 000 теңге);
ата-ананның міндетті салымдары – ай сайын 1-3 АЕК (3 450 – 10 350 теңге);
мемлекеттің 7 проценттік сыйақысы;
банктердің сыйақысы;
бала 18 жасқа толғанда Ұлттық қордан түсетін ақша;
"Бастапқы капиталды алу үшін ата-аналар өз салымдарын ай сайын аударып отыруы керек. Осылайша, барлық қаржы көзі мен сыйақыны қосқанда 18 жасқа дейін есепшоттта 3,8 миллионнан 6,8 миллион теңгеге дейін жиналады", - дейді министрлік мамандары.

Оқуға ақша жетпей қалса, не істеу керек

Жаңа жүйеде оқуға жетпей қалған балалардың мәселесі де ескеріледі. 18 жасқа толғанда есепшотта білім алуға қажетті ақша жиналмаса, жеңілдетілген кредит немесе дифференциалды грант ұсынылады.
Жеңілдетілген кредиттер 2-3 процентпен берілсе, дифференциалды гранттар ҰБТ-ның нәтижесіне қарай оқу ақысының 30-100 процентін жабуға көмектеседі.
Сосын "Келешек" ынтымақты жинақтаушы жүйесінде тағы бір механизм болады. Оған сәйкес, есепшот өмірді сақтандыру компаниясы арқылы ашылса, сол шотты ашқан ата-ананың біреуі қайтыс болған жағдайда сақтандыру төлемі беріледі. Оны да білімге жұмсауға мүмкіндік бар.

Гранттарды тағайындау тәжірибесі тоқтатылады

Министрліктің мәліметіне сәйкес, бүгінде білім беру саласына жұмсалатын қаржының көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр 4,5 млрд.теңге бөлінді. Қазіргі кезде Қазақстанда демографиялық жағдай жақсарып келеді. Оған қоса, елге көшіп келетін адамдардың саны да өсті. Ондайда бюджеттік шығындар көбейеді. Себебі барлығын біліммен қамтамасыз ету керек. Ал "Келешек" жинақтаушы жүйесінің арқасында әрбір ата-ана өз баласының оқуына ақша жететініне сенімді болды. Бюджет қаржысы да үнемделеді. Алдағы уақытта гранттарды тағайындау тәжірибесі тоқтатылады деген жоспар бар.
"Қазақстанда қазіргі бала туу көрсеткіші сақталса, 2040 жылға қарай гранттарды тағайындауға кететін бюджет шығындары 29,1 трлн. теңгеге дейін ұлғаяды. Ал "Келешек" жинақтаушы жүйесі енгізілсе, 2036 жылға дейін шығындардың көлемі көп өзгермейді. Бастапқы капитал мен мемлекеттік сыйақыларға ғана қосымша қаражат қажет болады. Сөйтіп, 2037 жылдан бастап гранттарды бөлу тәжірибесінен бас тартып, жыл сайын 2 трлн теңгені үнемдеп отыруға мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті комитет қызметкерлері.
Ал ең бастысы жинақтау жүйесі болса, университеттер талапкер үшін таласады. Сапалы білім беруге тырысады, өзара бәсеке күшейеді. Себебі әрбір түлекпен бірге есепшоттан қыруар қаржы да аударылады.
"Келешек" жинақтаушы жүйесін енгізу үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Қазіргі кезде қаржы министрлігі есеп-қисапқа кірісті. Бюджеттік комиссия мақұлдаса, арнайы заң жобасы әзірленеді.
Девочка и мыльные пузыри, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2023
Президенттің Қазақстан халқына жолдауы - 2023
Қазақстанда балаларға арналған бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі
Жаңалықтар
0