Алматыда талапқа сай келмейтін тағы бір балалар лагері анықталды

© Photo : Пресс-служба акима Алматы Алматы. Қала келбеті
Алматы. Қала келбеті - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.07.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Алматыда талапқа сай емес тағы бір лагерь анықталды, деп хабарлады қалалық білім бөлімі.
Талапқа сай келмейтін лагерь "Тау самалы" деп аталады.
"Бұл лагерьге жауапты – "Айсұлу және Т" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл демалыс орнына балаларды кіргізбеу туралы шешім қабылданды. Лагерьге жолдың қашықтығын және балалардың ерекше білім беру қажеттілігін ескере отырып, олар Қаскелең қаласындағы жеке мектепте уақытша орналастырылды", - дейді Алматы қалалық білім басқармасы.
Ведомствоның айтуынша, қазіргі күні мектепте демалып жатқан балаларға ерекше бақылау қойылған.
"Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Демалып жатқан балалар – "Жанұя" мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері. Осы мектепте болған кезеңде олар алты рет тамақтанады, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды", - дейді білім басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Алматы қаласының білім басқармасы балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырмаған "Айсұлу және Т" ЖШС-мен келісімшартты бұзған.
Ал әлеуметтік желіде бұған дейін шу болған саунадағы "Арман дала" лагері мен "Тау самалы" лагерінің иелері бір адам болған деген ақпаратқа Алматы қалалық білім басқармасы жауап бермеді.
Еске сала кетейік, Алматыда балалар лагерінің бірі сауна ғимаратында ашылғаны анықталды. Іле шала тергеу басталды. "Арман дала" лагеріне 107 млн теңге қаражат бөлінген.
Жаңалықтар
0