Қоғам

Министр шегірткенің таралуы жайлы: негативті сценарийге жол берген жоқпыз

© Sputnik / Алексей Куденко / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.07.2023
Жазылу
АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Қостанай облысында 16 мың гектар жайылымдық жерге шегірткелер таралған, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қостанай облысының Қостанай және Қамысты аудандарында болды. Екі ауданның аумағын зерттеу қорытындысы бойынша, 16 мың гектар жайылымдық жерге жәндіктердің таралғаны тіркелген.
Министр химиялық өңдеу жүргізіліп жатқан егістіктерде болып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Қостанай ауданындағы "Луговое" шаруа қожалығының басшысы Василий Куцтың айтуынша, қорғаныс шаралары зиянкестердің ошақтары табылғаннан кейін бірден басталды.
"Біз егістіктен шегірткелерді байқадық. Дереу аумақтық инспекцияға хабар берілді. Мамандар бірден келіп, алқаптарды зерттеп, арнайы техниканы іске қосты. Шегіртке үйірінің шамамен 70% тоқтатылды. Аудан аумағында сақтандыру жұмыстары үшін дельтаплан орналастырылды, қажет болған жағдайда ол қайтадан іске қосылады. Бұл ретте зиянкестер ауыл шаруашылығы дақылдарына жеткен жоқ, егілген егін жәндіктен зардап шеккен жоқ", - деді Василий Куц.
Қарашөкеев өңірдегі үйірлі шегірткелерге қарсы күрестегі жедел және үйлесімді жұмыстың арқасында ауыл шаруашылығы дақылдары зақымданбағанын атап өтті. Министр Қостанай облысындағы егіс алқабы 4,6 млн гектарды құрайтынын, оның 500 гектары ғана зардап шеккенін айтты.
"Шегірткенің таралу қаупі пайда болысымен барлық арнайы техниканы бірден іске қосамыз. Негативті сценарийге жол бермей, жағдайға жедел әрекет етеміз", - деп мәлімдеді министр.
АШМ ақпаратынша, биыл Қостанай облысының аумағында үйірлі емес шегіртке зиянкестерінің таралуы болжанып отыр. 2019 жылдан бастап жергілікті бюджеттерден фитосанитариялық іс-шараларды өткізу үшін қаражат бөлінбейді, сондықтан химиялық өңдеу ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің күшімен жүргізіледі. Биыл өңірде өңдеу алаңы 35 мың гектарды құрады.
Жалпы, республика бойынша италиялық прусқа қарсы өңдеу 1,2 млн гектар жерде жүргізілді, бұл белгіленген алқаптың 92,3% құрайды. Жұмыстар Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында толық аяқталды.
Бір күн бұрын Абай облысында зиянкестердің шамалы таралуы тіркелді, ол қорғау іс-шараларын уақтылы жүргізудің арқасында толығымен тоқтатылды. Атап айтқанда, Шаған ауылында 120 гектар жайылым өңделді, ауыл шаруашылығы дақылдары зиянкестерден зардап шеккен жоқ.
Айта кетері, үйірлі шегірткелердің таралуы циклдік сипатқа ие және табиғи-климаттық жағдайларға байланысты. Ғалымдар аптап ыстықтың басталуымен шамамен 10,5 жыл жиілікпен шегірткелердің жаппай көбеюі басталатынын анықтады. Күн ысуының соңғы үш кезеңінде Қостанай облысында италиялық прус 1988-1989, 1999-2000 және 2012-2015 жылдары қатты көбейген, ал биыл тура 11 жылдан кейін италиялық прустың жаппай таралуы басталды, деп хабарлайды АШМ.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.07.2023
Қоғам
Биыл 1,5 млн га алқапқа шегіртке таралуы мүмкін – АШМ
Жаңалықтар
0