Азаматтардың кейбір санаттары үшін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ке артты
© Sputnik / Владислав ВодневТенге, деньги
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
АСТАНА, 1 шілде – Sputnik. 1 шілдеден бастап Қазақстанда бірқатар заң мен заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді алмастыратын Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізілді.
"ҚР Әлеуметтік кодексінің осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енуіне байланысты азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төлемдер 14,5% - ға өсті", - деп жазылған еңбек министрлігінің хабарламасында.
Мемлекеттік жәрдемақылардың мына түрлерінің мөлшерін орта есеппен 14,5%-ке арттыру көзделген:
мүгедектік бойынша;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;
мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.
Сонымен қатар бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға және мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны да 14,5%-ке арттыру көзделген.
Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезде жәрдемақы мөлшері 2023 жылы 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 6,4 млрд теңге бөлінді. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап "Алтын алқа", "Батыр ана", I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградтталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылады.