Тоқаев Қазақстанда волонтерлікті дамытудың жаңа жол картасын әзірлеуді ұсынды

© Photo : Президенттің баспасөз қызметіАстанада волонтерлер форумы өтіп жатыр
Астанада волонтерлер форумы өтіп жатыр - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 21 маусым - Sputnik. Қазақстан волонтерлік қызметті ілгерілету үшін жаңа жол картасын әзірлеуі қажет. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Халықаралық волонтерлер форумында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Елімізде волонтерлік қызметтің кеңінен таралуы үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Бізде волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы бар. Соның арқасында біз көптеген табысты жобаларды жүзеге асырдық. Еріктілік пен филантроптық қызмет қоғамда берік тамыр жайғанша бұл жұмысты жалғастыруымыз керек", - деді президент Астанада өтіп жатқан Халықаралық волонтерлер форумында.
Оның айтуынша, жауапты азаматтық пен патриотизм ұғымдарына негізделген жаңа даму парадигмаларын қалыптастыру қажет.
Волонтерлікті дамыту қадамдары:
біріншіден, стратегиялық ұстанымдарды айқындайтын жаңа жол картасы қажет. Бұл құжат волонтерлік қызметке қуатты серпін беріп, оның алдағы жылдардағы бағытын анықтауы тиіс;
екіншіден, волонтерлік және қайырымдылық жұмысы бойынша есеп беру жүйесін енгізу қажет. Бұл бастама заңнамалық деңгейде волонтерлік қызметті ынталандырудың тиімді жолдарын енгізуге көмектеседі;
үшіншіден, волонтерлік қызмет ұзақ мерзімді гранттарды енгізу арқылы қолдау табуы керек. Бұл тұрғыда қоғам мен жеке салымшылар, ұлттық және халықаралық донорлар арасындағы тұрақты әріптестікті ілгерілету маңызды;
төртіншіден, волонтерлік және қайырымдылық қызметтің институционалдық инфрақұрылымы қажет. Біз волонтерліктің адами әлеуетін, ұйымдастыру және техникалық мүмкіндіктерін өңірлік және халықаралық деңгейлерде нығайтуымыз керек;
бесіншіден, бізге волонтерлік қызметтің халықаралық әріптестігіне көбірек көңіл бөлу қажет. Қазақстандық волонтерлер бұдан да кең ауқымдағы халықаралық еріктілер желісінің бір бөлшегіне айналып, жаһандық қозғалыстарға қатысуы керек.
Сондай-ақ, президент экологиялық тұтыну мәдениетін арттыру қажеттігін баса айтты.
"Ол үшін адамдардың ойлау тәсілін, қоршаған ортаны қабылдау мәдениетін өзгерту керек. Сонда ғана реформалардың нәтижесі тұрақты әрі серпінді болады", - деді Тоқаев.
Ол волонтерлерді "қазіргі әлемдегі нағыз батыр, нағыз үлгі тұтатын жандар" екенін айтты.
Айта кетейік, бейресми мәліметтерге сәйкес, бүкіл әлем бойынша 150 миллионға жуық адам өз өмірін еріктілікке арнаған.
Бұған дейін Астанада халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатқаны хабарланған болатын. Оған әлемнің 34 елінен 40 спикер қатысып жатыр.
Жалпы форумға 400-ден астам адам жиналды, олардың қатарында халықаралық ұйымдардың 140 өкілі және шетелдік қатысушылар бар.
Форум волонтеров в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.06.2023
Қазақстанда волонтерлерді мемлекеттік сақтандыру қажет
Жаңалықтар
0