Қоғам

Иракта казинода жұмыс істеген қазақстандық әйел: қыздарды төсектес болуға мәжбүрлейді

© Sputnik / Нина Зотина / Медиабанкке өтуФишки казино
Фишки казино - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.06.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 18 маусым - Sputnik. Казинода долларлап пайда табуды ойлап, соңында опық жеп қалған Назымгүл Тұрғанбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне басынан өткен қиындықтарды айтып берді.

Казиноға қалай келді

Назымгүл Тұрғанбаеваның мамандығы – эколог. Өз мамандығымен еңбек ете бастағанда табысы 20 мың теңге ғана болған.
"Бір таныс қыз казиноға шақырды. Ол кезде казинолар Алматының өзінде болатын. Бізге ақшаны доллармен төлейтін. Тапқан табысым 20 жылдық тәжірибесі бар дәрігер анамның еңбекақысынан 4-5 есе көп болатын. Кейін казиноларды Қапшағайға ауыстырды. Жалпы казиноға жібі түзу адам келмейді. Клиенттер өте ашушаң еді. Ауыздарына келгенді айтып, тіпті бізді ұрып жіберген кездер де болды", - дейді Назымгүл.

"Казино иелері төсектес болуға мәжбүрлейді"

Қазақстанда девальвация болғанда казино ойыншылары жаппай шетелдік казиноларды жағалап кетті. Назымгүл Түркия казиносына да барып жұмыс істейді. Кейіннен Ирактағы жасырын жерасты казиносынан бір-ақ шығады.
"Қалай Иракқа кетіп қалғанымды білмеймін. Анам қайтыс болғаннан кейін ауыр күйзелісте болдым. Сөйтіп Иракқа жалғыз кеттім. Қорықтым, бірақ анамнан айырылғаннан кейін, маған өмірдің құны бір тиын болды. Ирактың Күрдістан деген автономиясына бардым. Екі ағайынды жігіт ашқан заңсыз казино екен. Біреуі түрікше біледі екен, мен де түрік тілін аз-маз білетінмін. Сөйтіп сол жерге жұмысқа орналастым", - дейді Назымгүл Тұрғанбаева.
Назымның айтуынша, қару асынған Ирактың тұрғындарынан қорқып, жанын шүберекке түйіп жүріпті. Ол аздай онда барған қыздарды казино иелері төсектес болуға мәжбүрлейді екен.
"Миллиондаған ақшасынан айрылып қалғанда, оқ ататын. Зәреміз ұшатын. Казино басшылары да қыздарға тиісуші еді. Бірақ бір-біріне тіс жарып айтпайды. "Менімен төсектес боласың, әйтпесе жұмыстан босатамыз" дейді. Бірен-саран қыздар жұмыстан кетіп қалды, көбісі амалсыздан келісетін. Мүмкін, мен оларға ұнамаған болармын, мүмкін қыздардың мінез-құлқына байланысты ма кім білсін, маған тиіскен жоқ", - дейді Назымгүл.

"Абақтыда әйелдер зорлайды"

Ирак жерінде жасырын казино көп. Жасырын болғандықтан, ақшаны көп төлейді. Жалпы казинолардың өз полициясы бар.
"Тексеру келгенше казиноны тез-тез өзгертіп, дәмхана етіп қоямыз. Бір күні біздің жасырын казиноны полиция анықтады. Мен ол күні демалыста едім, ал жұмысшыларды полиция ұстап әкеткен. Жақында қазақстандық бір телеарнада шетелде казинода істеп, кейін қашып кеткен жастар туралы бағдарламаны көріп қалдым. Кейіпкерлер "біз казино екенін білмей қалдық" деп жатыр. Бәрі өтірік айтып отыр, қайда баратынын, не үшін баратынын олар жақсы білді", - дейді Назымгүл Тұрғанбаева.
Назымгүл полицияның қолына түсіп қалмай, аман-есен елге қайтып келеді. Бірақ абақтыға қамалып, соры қайнап қалған қыздардың да көп екенін айтады.
"Мені Құдай қағып аман қалдым. Ал құрбым сол тергеу абақтысында бір апта жатты. Сол бір аптаның ішінде көрмегені жоқ. Өйткені нәзік жандыларды абақтыда әйелдер жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді екен. Тіпті әжетханаға барудың өзі азап, өйткені аңдып отырады. Құрбымның айтуынша, күртешесін киіп, етек-жеңін орап алып отырады екен", - дейді кейіпкер.

"Ешқашан казиноға жоламасын"

Назымгүл тапқан табысына не сатып алғанын айтып берді.
"Өз басым ақшаны мол табамын деп, талай жыл казинода істедім. Бірақ сол ақшаға не алғанымды да білмеймін. Қуғынмен келген ақша сүргінмен кетеді. Бұл - харам іс. Мейлі қыз, мейлі жігіт болсын ешқашан казиноға жоламасын. Өйткені жолдары жабылып қалады. Өз басым сонда істеп жүріп, жыламаған бір күнім болмапты. Одан да таза еңбек етіп, он теңге болсын адал тапсын. Қазіргі күні шетелде казиноға барып жұмыс істеп, сорлап жатқан жастар көп, абақтыда отырғаны қаншама ", - дейді ол.

Иракта 20 қазақстандық ұсталды

Айта кетейік, наурыз айының соңында Иракта жасырын казинода істеген 20 қазақстандық ұсталды. Сыртқы істер министрлігінің араласуымен олар Иракта сотталып кетпей, айыппұлмен құтылды. Былтыр жеті адам тергеуге алынған.
"Біз отандастарымызды ақша табамын деп барып ұрынып, өзге елдің түрмесіне түсіп қалмасын деп ескертеміз. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар осындай оқиғалардан кейін елге оралып, фамилиясын өзгертіп, тағы да осындай күмәнді жұмыстарға барады", - дейді сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров.
Тапанша - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2021
Өңірлер
Тексерушілерді жақтырмаған: Қапшағайда казино күзетшісі бақылаушыларға оқ атты
Жаңалықтар
0