Өңірлер

Алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсынылады

© Официальный сайт Президента КазахстанаШтаб отырысы
Штаб отырысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 11 маусым - Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсынылатынын айтты.
"Қазіргі басты міндет – адам өмірін сақтап қалу. Сондай-ақ, өртті тоқтатып, елді-мекендерге таралуына жол бермеу. Өрт қаупі бар жерден көшірілген тұрғындарды қауіпсіз мекенге орналастырып, оларға қажетті жағдай жасау керек. Қатердің беті қайтқан соң, залалдың көлемін шұғыл анықтау қажет", - деді президент.
Ол зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсетілетінін атап өтті.
"Мен жаңа ғана азаматтармен кездестім, уәде бердім. Сондықтан берілген уәдені міндетті түрде орындауым керек. Қаза болған азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешуді тапсырамын. Бұл мәселеде созбалаңға салу мүлдем болмауы керек. Алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсынылсын", - деді Тоқаев.
Президент, сондай-ақ, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау қажет екенін айтты.
"Біз жақында ғана Қостанайдағы жағдайды бастан өткердік, неге сабақ алмадық? Өрт – жиі болатын құбылыс. Бүкіл әлемде өрт болып жатыр. Онымен күресе білу керек. Әсіресе, біз ормандар туралы айтып отырмыз. Жалпы, біз ормандарымызға дұрыс қарамаймыз. Бізде олардың көлемі аз. 4 пайызға жетпейтін орман алқабы бар", - деді мемлекет басшысы.
Былтыр Қостанайда болған өрт кезінде президент азаматтық қорғау және атқарушы билік органдарының төтенше жағдайларға нақты дайындығына тексеру жүргізуді тапсырған болатын.
"Орман және дала өртін сөндіру үшін өртке қарсы техникалық құрал-жабдық қорларын қалыптастыру тапсырылды. Дайындық деңгейі төмен екені анықталды. Материалдық-техникалық жарақтандыру көрсеткіші – 69%, функционалдық инфрақұрылым көрсеткіші – 63%", - деді Тоқаев.
Айтуынша, үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет.
"Әлемде бірде-бір мемлекет көп кәсіби өрт сөндірушіні ұстап тұра алмайды. Еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Біз бұл ресурсты белсенді пайдалануымыз керек", - деді мемлекет басшысы.
Ол Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырды.
Нұрлан Ұранхаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2023
Өңірлер
Тоқаев Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады
Жаңалықтар
0