"Аяғынан құшақтап, ажырамай жылады": тастандылар мекеніндегі балалар тағдыры

Жазылу
АЛМАТЫ, 7 маусым – Sputnik. Алматыдағы қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығында қазіргі күні 120 бала тәрбиеленіп жатыр. Жыл басынан бері 40 бала орталыққа түскен.
"Орталық ашылмай тұрып 80 бала болса, қаңтар айынан бері 40 бала келді. Көпшілігінің ата-анасы ішкілікке салынған, балаларына қарамаған. Бір үйден, бір отбасынан 7 бала келді. Негізі 9 ағайынды, оның екеуі кәмелет жасына толған, ал жетеуі бізге келді. Балалар қараусыз қалған, тамақ ішпеген, үй-жайы адам тұратындай емес", - дейді "Алматы облысы қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы" КММ директоры Роза Бекішова.
Орталықтағы 120 бала 9 топқа бөлінген. Оның 30-ы уақытша тәрбиеленіп жатыр, яғни ата-анасы жуық арада алып кетуі мүмкін.
Ал 25-і - тұл жетім.

"Анам түсімнен шықпайтын"

Соның бірі – Ардақ есімді тәрбиеленуші.
"2007 жылы өмірге келгем, әкем 4 жасымда, анам 10 жасымда қайтыс болды. Сосын әр туысымның үйінде жүрдім. Арасында мектеп-интернатта оқыдым. Бірақ жағдайым жақсы болмады. Сосын осы жерге келдім. Мамам қайтыс болған соң бір жыл бойы түсімнен шықпады. Қазір түсіме кірмейді, мүмкін ұмытып та бара жатқан шығармын", - дейді Ардақ.
Кейбір баланың ата-анасы құқынан айырылған, кейбірінің әке-шешесі темір торда жазасын өтеп жүр.
"Осы орталықта бес ағайынды бала бар. Ең үлкені 7 сыныпта оқиды, ең кішісі екі жаста келді. Әкелері жоқ, анасы 8 жылға бас бостандығынан айрылған. Сотталғанына бір жыл болған. Былтыр да, биыл да аналарымен балаларды кездесуге жібердік. Қалай жібермейміз? Анасын бала көруі керек. Алғаш кездесуге барғанда балалар да, анасы да бір-бірінен айырылмай, қатты жылап, сондай қиналды. Биыл барғанда кішкене жақсы қайтты. Былтырғыдай қатты жыламады. Анасы темір торда отырып, жиған-терген ақшасымен үнемі телефон соғып сөйлесіп тұрады", - дейді Роза Бекішова.

"Үйге бармаймыз деп жылайды"

Тастандылар мекеніне бауырларын, туыстарын өткізген қаракөздер көп дейді мекеме мамандары.
"Бір қазақ жігіт бауырының бес жастағы баласын әкеп өткізді. Баланың әке-шешесі қайтыс болған екен. Сонда ана бала ағасының аяғынан құшақтап алып, ажырамай қатты жылады. Еш нәрсеге қараған жоқ, ол кісі баланы тастап кетті. Ол бала сондай бір жақсы жігіт болып өсті, Қайрат Нұртасқа еліктеді. Ән айтатын. Жақында ғана келіп кетті, өзінің бизнесін ашыпты. Өкінішке қарай, туыстарының қараусыз, жетім қалған балаларын әкеп тастайтын қазақтар бар", - дейді Роза Жақанқызы.
Кейбір бала әке-шешесіне керек емес екенін де біледі екен. Мұндағы 120 баланың отызының әке-шешесі ата-ана құқынан айрылғандар.
"Аналарымен кездестіргіміз келеді. Балалардан сұрасақ "үйге бармаймын, барсам аш қаламын, үйде тамақ жоқ" деп шыр-пыр болады. Ал кейбір ана ішімдік ішкен күйде келеді. Бірақ балалары бас салып сүйіп, құшақтап, еміреніп жатады. Қандай болсын анасы, біздің кездестірмеуге хақымыз жоқ. Керісінше әке-шешелері туралы жақсы сөздер айтамыз", - дейді мекеме басшысы.
Мұндағы балалардың кейбірі некесіз отбасында өмірге келгендер. Аналарының көпшілігі азаматық некеде немесе бірнеше ер адамнан туылған ағайынды балалар.

"Мейірім көрмедім, ақша үшін асырап алды"

Ал патронаттық тәрбиеге алушылар үшін нақты бір міндет пен талап қойған заң жоқ. Балалар үйінен баланы кез келген уақытта алып, ойына келген кезінде қайтарып әкеп тастайды екен. Онсыз да тағдыры қиын балалардың психологиясына ауыр тиеді дейді мамандар.
Патронаттық тәрбиеде болам деп, қиындық көрген Көркемай "енді қайтіп ешбір отбасыға бармаймын" дейді.
"Менің жасым 12-де. 6 жасымнан бір жылдай бірінші патронатта болдым. Ол жерде ағам екеуміз болдық, інім болмады. Бізді ұрды, соқты, жұмыс жасатты. Біз шыдамай қашып кеттік. Сосын анамызбен тұрдық. Анамыздың да жағдайы болмады, біреулер үйімізді тартып аламыз деп қорқытатын. Өйткені анамның несиесі көп болатын. Ағам 12 жастағы кезі, екеуміз әртүрлі жұмыс істедік, жүк тасыдық", - дейді Көркемай.
Жұмыс істеп мандытпаған балалар аш жүріп, ұрлыққа түседі.
"Бізді екінші патронаттық үйге жіберді. Ол жерде Яна деген қыз, Никита, Вася деген балалар болды. Ол үйге ағам, інім үшеумізді жіберді. Інім үш жаста еді, бұтына кіші дәретін жіберіп қоя беретін. Оны бөлмеге кіргізіп алып, скакалкамен ұратын. Сосын ағам, мен, інім үшеумізді жертөлеге кіргізіп қамап тастайтын. Мен патронаттыққа алатындарға сенбеймін. Олар балаларға жұмыс істету үшін, ақшасын алу үшін алады. Мейірімділік көрмейміз", - дейді Көркемай.
Көркемайдың арманы - жоғарғы оқу орнына грантқа түсіп, аспаз болу. "Үлкен мейрамхана ашамын. Жетім балаларды күнде тамақтандырамын" дейді жеткіншек.

Тек махаббатқа зәру

Орталықта биыл 9 және 11-сыныпты 25 бала бітіреді. Барлығы да өнерлі, дарынды. Мекеме мамандары бірін бауырына басып, бірінің маңдайынан иіскеп, енді бірінің емтиханын күтіп, оқу орындарының есігінде жүр. Үйдегі ата-ана бас тартқан бала түздегі аналарының мейірімен үлкен өмірге қанат қағып жатыр.
"Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тамақтан да, киімнен де шектеу жоқ. Бір ғана дүние жетіспейді. Ол ешбір дүниемен алмастыруға келмейтін ғажап сезім – ана махаббаты. Қанша жерден аялап, еркелетсек те, оларға өз анасы керек", - дейді орталық басшысы Роза Жақанқызы.
архив - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.07.2022
"Төрт бала жетім қалды": атыраулық ерлі-зайыптының өліміне қатысты тың дерек жарияланды
Жаңалықтар
0