Қоғам

Астанада тиісті құжаттары жоқ 90-ға жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр – Смайылов

© PhotoӘлихан Смайылов
Әлихан Смайылов - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Астанада құрылысы басталған 90-ға жуық тұрғын үй кешенінің тиісті құжаттары жоқ. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өзекті проблеманың бірі – құрылыс кезінде рұқсат құжаттарының болмауы. Алматыда салынып жатқан "Төлеби Резиденс" тұрғын үй кешенінде құрылысқа қажетті құжаттар жоқ.
"Астананың бір өзінде тиісті құжаттары жоқ осындай 90-ға жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сот құжатсыз салынған "Дублин" тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарды", — деді Әлихан Смайылов президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында.
Премьер-министр кейінгі уақытта халықтың тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасына және олардың ретсіз, бей-берекет салынуына, объектілердің уақтылы іске қосылмауына қатысты өте көп шағым түскенін айтты.
"Мәселен, Астанада "Будапешт" тұрғын үй кешенінің тұрғындары былтыр қыс басталардың алдында жылусыз қалды. Шымкентте осыдан бес жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған көппәтерлі тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, лифтілер жиі істен шығады. Алматыда таулы жерлерде, суға жақын маңдарда және ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс салу кезінде заңнаманы бұзудың 150-ден астам фактісі анықталды", — деп атап өтті үкімет басшысы.
Тағы бір ең өзекті мәселенің бірі – құрылыстың жеткілікті деңгейде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі.
"Елорда қазір осындай проблемаға тап болып отыр. Астанада энергия ресурстары жетіспейді, сумен қамтамасыз ету мәселесі қатты сезілуде. Осыған байланысты тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азайтылды. Басқа өңірлерде осындай жағдайларға жол бермеу үшін барлық әкімдік елді мекендердің перспективалық дамуына тиісті талдау жүргізуі қажет", — деді Смайылов.
Ол көбінесе жоспарлау проблемалары тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде анықталатынын, сондықтан инфрақұрылым мәселелерін жер учаскесін бөлу және құрылысқа рұқсат беру кезінде шешу керек екенін атап өтті.
Үкімет басшысы Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен де сабақ алуымыз керек екенін атап өтті.
"Құрылысты бақылау шараларын, әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейту мәселесі бірнеше рет көтерілді. Белгілі бір шаралар қабылданды, алайда ол жеткіліксіз. Осы мәселелердің барлығы әзірленіп жатқан Құрылыс кодексінде ескерілуі тиіс", — деді Смайылов.
Қорытындылай келе, ол тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды іске қосу бойынша осы жылға арналған барлық жоспардың толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етіп, жоғарыда айтылған кемшіліктерді ескеру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар премьер-министр бір ай мерзімде кезекте тұрғандар үшін үй бөле отырып, кешенді құрылыс салуды қаржыландыру механизмін іске қосу бойынша шаралар қабылдауды және 1 қыркүйекке дейін кезекте тұрғандардың тізімін белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан өзектендіруді тапсырды.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.06.2023
Қоғам
Қазақстан алдағы жеті жылда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр
Жаңалықтар
0